III тарау. Қазақтың халық философиясының дүниетанымдық ерекшеліктері негізгі тұлғасы адамның – ердің ішкі еркіндікті иеленіп кемелдікке
жетуімен толығады. Яғни мемлекеттік құрылымның өзі дәстүрлі
мәдениеттің сыртқы қорғаушысы бола отыра, дәстүрлі мәдениеттің
тұлғасы – адамның – ердің рухани толысатын қоғамдық ортасын
қалыптастырады. «Болжал әдебиетінің негізгі мазмұны қазақ
халқының болашағы баянсыз тағдыр талайы болып табылады: жер
тозады, жайлау тарылады, ауа райы, табиғат қаталданады, адамдар
кедейленеді, мінез-құлық өзгереді, жаман ғадеттер молаяды, бір
сөзбен айтқанда, қазақ елі мен жері өзгеріп, азып-тозады. Аталған
ауыр күндердің хақтығын болжай отырып, халық өз басындағы жаман
ғадет қасиеттерден арылмаса, бұдан шығар жолдың жоқтығын,
болашақта құлдық пен құру күтіп тұрғандығын жырлайды», – деп
Х. Досмұхамедов зар заман жырларындағы болжал сарыны мен
тәлім-тәрбие мәнінің ұштасатынын айтады [1, 65 б.]. Бұл дәуірдегі
жыраулардың мұрасынан идеялық мазмұндастық аңғарылады.
Олардың зары қарабастың қамы емес, ел болашағы, халық басына
төнген рухани азғындау жайлы толғаныс.
«ХІХ ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел
жайылды. Сол қазалы күй осы заманның қайғышыл ақындарын
туғызып, зар заманшыл уайымшылдардың санын көбейтті», – деп
жазады М. Әуезов. Зар заман ақындарын алғаш тереңдей зерттеген
осы ғалымдар мұраларға ерекше мән беріп, негізгі қырларын ашқан.
«Зар заман қазақ әдебиетіндегі кезең асқан дәуір болғандықтан,
қазақтың жазба әдебиеті осылардан бастап әлеумет халін ұғып, ел
қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты
ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен
тілек, мақсат, мұң-зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой-
негізін, салт-санасын құрай бастайды. Бұл уақытқа дейін болмаған
әлеуметшілдік сарыны азаматтық нысанасы шығады» [2, 226 б.].
Адам баласы бүкіл жаратылыс дүниесінен өзіне берілген өскелең
рухымен, нұрлы ақылымен, жақсы-жаманды ажыратар жүрек
таразысымен, таңдау, қалау еркімен ерекшеленетіндіктен, ол – бүкіл
ғаламның екі дүниесінің жауһары. Ал осы адам жанының мәнді
мәйегі – оның иманы. Елдің егемендігі анықтайтын тәуелсіздік үшін
күресінің өзекті мәні – сан ғасырлық даму тарихы бар атадан мирас
дәстүрлі мәдениетті қадірлеп сақтау. Ердің негізгі намысы – иманы,
от басы, Отаны болғандықтан, осыған негізделген құндылықтар
жүйесі дәстүрлі мәдениеттің тылсымынан терең тамыр алып, салт-
сана көріністерімен тығыз астасып, күрес дәуіріндегі әрбір шешуші
кезеңдерде бой көрсетіп, ер намысы мен ел мүддесінің тұтастығымен
айқындайды.