А.Бектің «Арпалыс» ( «Волоколамск тас жолы») романының
жазылу тарихы.
Бауыржанның тұлға ретіндегі бірегей болмысының жан-жақты ашылған тұсы да оның әскери саптағы кезеңімен тікелей байланысты. Взвод командирлігіне шақырылғаннан бастап, 1940 жылға дейін Қиыр Шығыста қызмет еткен ол, аға лейтенант шеніне көтеріліп, полк штабы бастығының бірінші көмекшісі болып жоғарылатылады және Киев әскери округының қарамағына жіберіледі. Артынша Алматыға қайтып, 1941 жылдың қаңтарынан бастап Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін республика әскери комиссариатында аға нұсқаушы болады. Соғыс басталғаннан кейін елімізде жасақталған 316-атқыштар дивизиясына батальон командирі болып алынады. Бауыржанның одан кейінгі уақыттағы ерен ерлігі мен қолбасшылық дара сипаты жұртшылыққа А.Бектің «Арпалыс» шығармасынан, сондай-ақ, өзінің «Москва үшін шайқас» атты кітабынан жақсы таныс. Майдандағы ерліктері ауыздан-ауызға аңыз болып таралған Бауыржан соғыстан кейінгі кезеңде де ел-жұртты айбынымен ықтырған, ерекше даңқты тұлға болған. «Арпалысты» жазар алдында тек қана шындықты көрсетуді талап етіп, «Өтірік қоссаң, алдымен оң қолыңды, содан кейін сол қолыңды шабамын» деп А.Бектің зәре-құтын қашырған.Кейіннен бораған оқтың астына Бектің өзін де қатыстырып, солдаттың шын қорқынышы мен қуанышы қандай болатындығын сезіндіртіп, нағыз шынайы романның дүниеге келуіне себепкер болады. Александр Бектің «Арпалыс» романы тек шындық жазылған бірден-бір кітап боп есептеледі.
Оқушыларға осы романды оқып, онда сатқындықтың қалай жазаланғандығын баяндап беру, солдаттарды жақсы қасиетке тәрбиелеген жерлерін тауып үзінді келтіріп отыру тапсырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |