Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет ретінде оны мекендейтін 130-дай халықтардың өз Отанына айналып отыр. Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. Бірақ тұтас халықтарды жер аудару тарихын зерттеу әлі де терең ізденістерді талап етеді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді. Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын қиды. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары республика халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 ж. олардың елдеріне қайтуына, ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Тек Кавказ түріктері, немістер мен Қырым татарларына еліне қайтуға жағдай жасалған жоқ. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары. Олардың соғыстан кейінгі Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі айқын.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сталиндік қуғын-сүргін тарихының құрамдас бөлігі ретінде депортацияның күрделі мәселелерін зерттеу қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі. Саяси қуғын-сүргін тарихы, халықтарды жазықсыз жер аудару мәселесі кеңестік кезеңде құпия сақталып келді. Бұл проблемалар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу түгілі оларды баспасөз бетінде атауға тыйым салынды. Тек ХХ ғ. 80-ші жылдарының соңында ғана КСРО көлеміндегі демократиялық процестердің нәтижесінде бұрын ақиқат тұрғысынан айтуға тыйым салынған тарихтағы «ақтаңдақтар» мәселесі көтеріле бастады. Солардың қатарында КСРО-ның бір аймағынан екінші жеріне күштеп жер аударылған халықтар мен олардың тағдыры туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Сөйтіп осы мәселеге байланысты бұрыннан құпия сақталған мұрағат құжаттары ашылып, араға 50-60 жыл салып барып кеңестік күштеп қоныс аудару саясатының орны толмас зардаптары туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалынып, алғашқы материалдар жарық көрді. Кеңестік биліктің халықтарды жер аудару туралы жоспарлары, олардың іске асырылуы, жер аударылған халықтардың қанқұйлы саясаттан күйреген тарихи атамекендері, тұрмыстық және құқықтық жағдайы жөнінде құжаттар легін алғаш рет Ресей ғалымдары В.Н. Земсков, А.М. Некрич жариялады [1].
Қазақстанның тәуелсіздік алуы тек қазақ халқы тарихының ақтаңдақ беттерін ғана ашып қойған жоқ. 1990 жылдан бері атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да халық өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы беттері ашылды. Айтулы мәселеге орай еліміздегі жер аударылған халықтар тарихын жазуға үлес қосқан көрнекті ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев болды [2].
Елімізге күштеп көшірілген халықтарды атамекендерінен жер аудару саясатының жасырын ұйымдастырылып, орындалу барысын қашан және қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дәлелдеген Қ.С. Алдажұмановтың зерттеулерінің мазмұны мен маңызы тереңдігімен ерекшеленеді [3]. Кеңестік қуғын-сүргін науқанының Қазақстанға жер аударылған Қырым, Кавказ және Еділ бойы халықтарына қолдану тәсілі, қуғындалу себептері Т.Омарбеков еңбектерінде жан-жақты талданып, көптеген мәліметтермен салыстырыла отырып, нақты дәлелдермен мәселенің шынайылығын көрсетеді [6]. Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың бірі кәріс халқы екені белгілі. Жер аударылғаннан кейінгі кәрістердің Қазақстанның халық шарауашылығына атсалысуын және мәдени дамуын сипаттауға арналған Г.В. Кан, Г. Хан, Г.Н. Ким, Д. Мен сияқты ғалымдардың еңбектері бар [8]. Қазақстанға жер аударылғандардың өмірі туралы деректер Т. Кульбаев, А. Хегайдың «Депортация» (Алматы, 2000) атты еңбегінен байқауға болады [9]. Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысты күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасқаннан кейінгі келген ортаға бейімделуі мен олардың келген жерлерінде жалпы еңбекке араласуы тарихын сипаттайтын кандидаттық диссертациялар бар. Батыс Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасу барысы және олардың сол аймақтарда соғыстан кейінгі атқарған жұмыстары, мұнай саласында еңбекке араласуы Ж. Қыдыралинаның «Депортированные народы в Казахстан» (А., 1999) монографиясында айтылған.