1.2. Саяси қуғын-сүргін кезіндегі өзге халықтардың жағдайы.
Кеңестер билігі кезіндегі белгілі бір мемлекет азаматтарын күштеп депортациялау адамзат тарихының қасіретті беттерінің біріне айналып отыр. Саяси жүйеге қарсы болған тұрғындарды жер аудару ХІХ ғасырдың соңында да орын алған. Бірақ, ХХ ғасырда бұл саясат өте ауқымды сипат алды. Әрине, халықтарды жаппай депортациялау Кеңестер Одағына ғана тән құбылыс емес еді. Америка құрама штаттарындағы ІІ-дүниежүзілік соғыс кезінде өз территориясында бұрынғы кезден тұратын жапондықтар мен алеуттарды елдің ішкі аймақтарына қоныс аудару саясаты, тіпті фашистік Германияның кейбір этникалық топтарға байланысты ұстанған саясаты Кеңестер Одағының сол тарихи кезеңдегі бағытымен астарлас болып жатты. Соғыстан кейінгі жылдары Польша мен Чехословакияда да неміс және шығыс славян халықтарын жаппай депортациялау тәжірибесі жүзеге асырылған. Алайда, жоғарыда айтылған тарихи оқиғалар кеңестік дәуірдегі орын алған халықтарды жаппай депортациялау саясатын ақтай алмайды. Бұл саясат әлеуметтік және этникалық мәселелерді шешуді желеу қылған адамзат қоғамына жасалған ауыр қылмыс болып табылады.
Қазақстан жеріне депортациялау 1932 жылдан басталды. Ол Украинадан «кулактарды» жер аударумен байланысты еді. Кейіннен, қазақ жеріне өзге халықтарды қоныстандыру жүйелі түрде жүргізіле бастады.1936 жылы шекарадан 800 шақырым аумақты «тазалау» әрекеті жасалды. Бұл территориядан барлық немістер мен поляктарды туралы ұсыныс жасалды. 1936 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Украинадан қоныс аударушылар туралы» шешіміне сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысына - 5500 жанұя, Алматы және Қарағанды облыстарына – 3000, Шығыс Қазақстан облысына – 2000, Ақтөбе облысына – 1000 жанұя қоныстандырылды. Қабылданған шешімдерді жүзеге асырумен ГУЛАГ айналысты. 1939 жылы КСРО-ның Батыс Украина мен Батыс Беларуссияны өзіне қосып алуына байланысты жоғарыда айтылған шешімге сәйкес 200 мың поляк Қазақстан мен Орта Азияға депортацияланады. Оның көпшілігі Солтүстік Қазақстанға қоныстандырылады. Бүгінгі қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс өлкесінен жер аударылды.
1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитеті бірігіп шығарған «Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» қаулысында корейлердің жер аударылу себебі: «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында.», - деп көрсетілген. Әрине, корейлерді депортациялаудың себептерін талдай келе мына төмендегі мәселелерді де қозғағанымыз жөн. И.Сталиннің өзі редакциялаған, 1938 жылы «БК(б)П тарихында» мынадай жолдар бар: «1932 жылы Жапония тарапынан соғыс қаупі күшейді... Жапон империалистері Қытайға соғыс жарияламастан және өздері шығарған «жергілікті жанжалдарды» зымияндықпен пайдалана отырып, ұрланып, келіп Маньчжурияға әскерлерін кіргізді... Жапонияның ашықтан-ашық көздеген мақсаты - Қытайды өзіне бағындыру, сөйтіп, ол жерден европалық-американдық империалистік белді мемлекетті қуып шығару болды...». Бірақ, Жапония советтік Қиыр шығысты басып алу мақсатын да алдына қойған болатын. Әрине, КСРО мұндай қауіпті еске алмай отыра алмады, сөйтіп, Қиыр Шығыс өлкесіндегі Отан қорғау ісін барынша нығайта бастады. Корея мемлекетінің өзі ол кезде жапондар қол астында болғандықтан, жекелеген корейлерді Жапонияның барлау-шпиондық жұмыстарында пайдаланғаны белгілі. Сондықтан да, осы мәселені зерттеген қазақстандық тарих ғылымының докторы Г.В.Кан бұл туралы былай деп жазады: « Бұл кейбір адамдардың сатқындық әрекетінен де болып отыр. Мұндай жағдайдан еш халық сақтандырыла алмайды. Бұл мүмкін болар жаудың қолдаушысы болатын шығар деген жорамалмен жазалау еді» [10].
Қалыптасқан нақгы тарихи жағдай корейлерге қолайлы бола қоймады, корей халқы, әрине, кінәлі емес те еді. Оған күштеу мен зорлау әдістерін жиі қолдануды әдетке айналдырған және жер аудару орнына қарапайым халықка жайлы жолдарын жете іздестірмеген сталиндік тоталитарлық жүйе кінәлі деп батыл айтуға толық негіз бар. Жоғарыдағы 1937 жылғы 21 тамыз қаулысына сәйкес Қиыр Шығыс өлкесінің 23 ауданынан Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі және Балқаш көлі аудандарына, сондай-ақ, Өзбек КСР-не корейлерді жаппай, шұғыл түрде көшіру басталды. Бұл іс қысқа мерзімде, яғни 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс болды. Қағаз жүзіндегі қаулыға үкімет пен партия көшірілетін корейлерге өздерінше «қамқорлық» жасап бақты. Оларға өздерімен бірге заттарын, тіптен дүние-мүліктерін ала кетуге де рұқсат етілді. Қаулының 5-ші бабында «қайта қоныстанатын корейлерге шетелге кетуді қалайтын болса кедергі жасамау, шекарадан өтудің оңайлатылған тәртібіне жол беру» қажеттігі атап көрсетілген. Көшкен корейлер шын мәнінде аса қажетті нәрселер - киім-кешек пен азық-түлікті ғана өздерімен алып шыға алды. Ал, шетелге кеткісі келген корейлер НКВД тарапынан қысымға ұшырап, өздерінің "жапон тыңшысы" екендіктерін "мойындауға" мәжбүр болды. Көшірілетін корейлер шекара әскерлерінің және НКВД-ның тікелей бақылауына алынды. Оның үстіне, оларды жер аудару ісімен НКВД-ның лагерьлер, еңбекке орналастыру және тұтқында ұстау бөлімі тікелей айналысты. Мұның өзі жер аударылатын корейлердің шын мәнінде «халық жаулары» деп аталатындар қатарына енгізілгендігінің айқын дәлелі болып отыр.
Жер аударуды ұйымдастыру шұғыл да қаурыт жүзеге асырылды. Жедел түрде «қоныстандыруға байланысты аудандық үштіктер» ұйымдастырылды. Олардың қүрамына аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті және НКВД өкілі кірді. Бұл "үштіктер" екі аптаның ішінде жер аударылатын корейлерді жиналу мекендеріне топтастыруды талап етті және аталмыш жұмыс 1937 жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Жоспар бойынша Қазақстанға 14600 корейлер шаруашьшығы көшіп келеді деп күтілді. 1937 жылдың 9 қазанында Қазақ КСР Халкомы корейлерді Қазақстанның аймақтарында орналастыру туралы арнайы қаулы қабылдады. Бірақ, көшіп келген корейлер қожалықтары белгіленген жоспардан асып түсті. 1938 жылдың ақпанына дейін Қазақстанға 20.789 корейлер жанұясы, яғни 98.454 адам жер аударылды. Қазақстанның өзі күшпен ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру зардаптарынан толық айығып үлгермеген жағдайда, мұнда корейлердің көшіп келуі жергілікті жердегілерге де ауыр тиді. Сондықтан да қоныс аударушыларға қажетті көмек дер кезінде беріле қоймады. Ал, осының салдарынан азық-түлік жетіспей, корейлер арасында аштық орын алды. Мысалы, Қызылорда ауданында осындай жағдай қалыптасты. Мұнда көшіп келген 12200 корейлердің 8000-ы бұрын Қиыр Шығыста егін егумен айналыспаған, кәсібі жағынан жұмысшылар және қызметкерлер еді. Яғни, оларда тіптен аз көлемде болса да азық-түлік қоры жоқ болатын.
Жалпы алғанда, тоталитарлық жүйе басшылары өздері жасаған қылмыстың ауыр салдарына жеткілікті көңіл бөле қоймады. Көшіп келген корейлерді қаржымен және материалдық көмекпен қамтамасыз ету мардымсыз деңгейде болды. Мысалы, корейлерді шаруашылықтық орналастыруға бөлінген қаржы әрбір қоныс аударушы қожалыққа 200 сомнан ғана айналды. Ал, 1938 жылы жоспарланған 3.400 мың сомнан ғана, небәрі 1 процентін ғана пайдалана алды. Оның үстіне, оларға арналған тұрғын үйлер және әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық құрылыстар салу жоспардағыдан әлдеқайда артта қалды.
КСРО-дағы депортация саясаты 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуымен уақытша тоқтатылғанымен, сол жылдың тамыз айына қарай жаңа қарқын алды. 3 тамызда Оңтүстік-Батыс майданының қолбасшысы И. В. Сталинге неміс тұрғындарды майдан шебіне жақын аймақтан қоныс аудару туралы өтініш жасайды. Бас қолбасшы өз шешімін ұзақ күттірмеді. КСРО-ның Европалық бөлігінен немістер Сібір мен Қазақстанға депортациялана бастады. Депортацияға Германиямен одақтас мемлекеттер халықтары да ұшырады, атап айтқанда болгарлар, румындар, итальяндықтар және кездейсоқ жағдайда гректер т.б. 1941 жылдың қыркүйек-қазан айларында мемлекеттік Қорғаныс Комитеті И.Сталиннің қолымен бірқатар қаулылар қабылдап, олар бойынша Мәскеу және Мәскеу облысынан, Краснодар, Орджоникидзе өлкелерінен, Кабардин-Балқар және Солтүстік Осетия АССР-нан, Тула, Запорожье, Сталинград, Ворошиловград, Воронеж облыстарынан, Грузин, Әзірбайжан және Армия ССР-нан, Дағыстан және Чешен-Ингуш АССР-нан немістерді кешіру туралы шешімдер қабылданды. Олар да Сібір мен Қазақстанға жіберілді. Депортацияланған халықтардың көпшілігі қазақ ұлтынан тұратын колхоздарға жіберілді. Бұл кеңес үкіметінің қоныстанған халықтарға өзге этникалық орта қалыптастыру әрекетінен туындаған болатын.
1943-1944 жылдары Қазақстанға Солтүстік Кавказдан қалмақтар, балкарлар, шешендер, ингуштар, қарашайлар, түрік-месхеттер қоныс аударылды. Депортацияланған халықтардың тағдыры өте аянышты жағдайда еді. Қарттар, әйелдер мен жас балалар жол азабын көтере алмай қаза тапты. Олардың алдында өздері үйренбеген басқа климаттық жағдай да күтіп тұрған болатын. Қазақстанға қанша адам жер аударылды деген мәліметке келсек, тарихшы М.Қозыбаев мына төмендегідей деректер келтіреді: «...Соғыс қарсаңында 102 мың қоныс аударған поляктар республика тұрғындарына айналды. 1941 жылдың күзінде Қазақ ССР-не тағы 361 мың Еділ бойы немістері айдалды. 1943 жылғы 1 шілдеде республикаға елдің батысындағы аудандардан 532.506 адам қоныс аударды. 1943-1944 жылдары Қазақстанға 507 мың Солтүстік Кавказ және т.б. халықгар өкілдері күшпен қоныстандырылды. 1944 жылы Орта Азия және Қазақстан Республикалары Месхетияның (Грузин ССР-і) 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам адамды қабылдады».
1943 жылы қазан айында немістердің уақытша қол астында болған Солтүстік Кавказ, Қырым аймағындағы және т.б. орыс емес аз халықтарды жаппай жазалау басталды. Осы бір тарих алдында абырой әпермес шараның қалай жүргізілгенін түркиялық ғалым Уфук Тауқүлдың қарашай халқының калай жер аударылғанын жан-жақты көрсететін «Түрік дүниесі тарихы» журналында жарияланған еңбегінен байқай аламыз: «1943 жылы 12 қазан күні Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы қарашайларды Кавказдан жаппай жер аудару туралы қаулы қабылдады. Қарашайларды Кеңес үкіметі «Отанға опасыздық жасады», «жаумен ынтымақтастық құрды», «коммунизмге қарсы шықты» деп жариялады.1943 жылы 2 қараша күні таңға жақын барлық қарашай ауылдарын кеңес әскери бөлімшелері қоршап алды... Таңғы сағат 4-те әр қарашайдың үйіне қарулы кеңес әскерлері кірді. Бесікте ұйықтап жатқан балалардан бастап, ауру қарттарға дейін қатал бұйрықпен төсектерінен тұрғызылды. Жолға дайындалу үшін 30 минут уақыт беріліп, 36 килограмнан артық жүк алуға болмайтыны ескертілді. Қарашай халқын жаппай жер аудару осындай бір қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Бұған қарсы шыққан жүздеген қарашай тұрғыны орнында атылды. Ертеңгі сағат 10-да қарашайларға лық болған мал вагондары жүруте дайын тұрды. Ол вагоңдарда 63323 жазықсыз карашай бар еді. Бұлардың 32929-ы балалар, 18993-і әйелдер, 11401-і еркектер болатын. Еркектердің бәрі дерлік қарттар және соғыстан жараланып келгендер еді. Дені сау еркектердің барлығы кеңес әскерінің түрлі майдандарында қару асынып тұрған. Қарашайлар жер аударылысымен кеңес әскеріндегі қарашайлар да бөлімшелерінен алынып, жер аудару орындарына жіберілді. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан далаларына таратылған қарашай халқының жартысынан астамы жер аудару барысындағы зұлымдық пен ауыр тұрмыс жағдайларынан қырылды».
Міне, қарашайларды депортациялаудың қысқаша қайғылы тарихы осындай. Бұл тарих Қазақстанға жер аударылған басқа да Солтүстік Кавказ халықтарына тікелей қатысты. Құпия архив құжаттары Солтүстік Кавказдағы халықтарды күштеп жер аудару ісіне НКВД-нің қанқұйлы басшысы Л.Берияның өзінің осында келіп, тікелей басшылық жасағанын және оның жүргізіліп жатқан шаралар туралы И.Сталиннің өзі күнбе-күн хабардар етіп отырғанын көрсетіп берді. Кавказ халықтары ішінде ерекше қайсарлығымен және жауынгерлігімен көзге түсетін чешендер мен ингуштарды туған жерлерінен көшіру НКВД тарапынан үлкен дайындықты қажет етті. Алғаш олар есепке алынды және 459486 адамды жер аудару керектігі анықталды. Операцияны 8 күнде аяқтау белгіленді. 1944 жылы 22 ақпанда үкіметтің жер аудару туралы шешімін Л.Берияның өзі Чешен-Ингуш АССР-ның Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Молаевқа түсіндіргенде ол шыдай алмай көзіне жас алған. Бұл туған халқының қасіретін түсіне тұра оған көмектесуге шарасыз ел басшысының егілуі еді. Республиканың 40 партия және кеңес қызметкерлері 24 ауданға бекітіліп, Б. Арсанов, А Т. Яндаров, А Тайсумов тәрізді беделді, ірі дінбасыларына чешендер мен ингуштарға рухани әсер ету тапсырылды. Халықтың елді мекендерден шығып кетулеріне мүмкіндік берілмей, олар әскер қыспағына алынды. Халық жиылысқа шақырылды да, олар сол жерде қарусыздандырылып, поезд вагондарына тиелетін жерге жөнелтілді. Адамдардың аз ғана бөлігі заттарды жинап келуге жіберілді. Сағат күндізгі 11-де 94 741 адам жер аударуға жататындардың 20 процентінен астамы жөнелтілетін теміржол мекендеріне алып келінді. Операцияны өткізу барысында 2016 чешен және ингуш "кеңеске қарсы элемент" деген айдармен тұтқындалды. Ал, олардың қаншасының табанда ату жазасына кесілгені туралы дерек жоқ. 29 ақпанға дейін 180 теміржол вагондарына 478 479 адам тиелді, оның 91 250-і ингуштар болатын. Операцияның соңына қарай, оны өткізуге пайдаланылған Чешен-Ингуштың бұрынғы басшылары, беделді дінбасылары арнайы эшелонмен жөнелтілді. НКВД әскерлері ешкімді қалдырмау үшін таудағы ормандарды сүзіп шықты. Л.Берияның 1944 жылдың 4 наурызында И.Сталинге жолдаған мәліметі бойынша, осы кезге дейін шығыс аудандарға жер аударуға байланысты жүргізілген үш операция барысында 650 мың чешендер, ингуштар және қарашайлар елдің шығыс аудандарына жер аударылды. Осы жүгенсіздікке 19 мыңнан астам НКВД-ның барлау орындарының оперативті қызметкерлері және 100 мыңға тарта ішкі істер офицерлері мен жауынгерлері тартылды. Солтүстік Кавказдан балкарларды жер аудару да аса қатал жургізілді. Олар Қызыл Армия тылында "бандиттік-бұлікшілік топтар ұйымдастырды" деген айыппен кінәланды. 1942 жылы Ростов түбінен шегініп келе жатқан кеңестік 37-ші армия бөлімдерін Кавказдың қарлы жоталарында балқарлар күтіп алып, оларға сокқы берді. Черек ауданында балқарлар қызыл әскерлер бөлімдерін қарусыздандырып, командирлер қүрамының көзін жойып, бір зеңбіректі тартып алды. Осындай балқар отрядтарының бірін бұрынғы аудандық атқару кеңесінің төрағасы басқарған. Ұжымдастыру және одан кейінгі қуғын-сүргін балкарлардың тоталитарлық кеңестік жүйеге деген ашу-ызасын әбден өршіткен еді.
Қазақстан территориясына қоныс аударғандар мемлекеттің «арнайы қоныс аударылғандар» статусына жатқызылды. 1942 жылдың қаңтар айынан бастап барлық немістер жасы 15-55 аралығында еңбек колонналарына біріктіріліп, соғыстың соңына дейін сол колонналарда жұмысқа тартылды. Арнайы қоныс аударылғандар өз ауданынан сырт аймақтарға шығуға құқығы болмады. Егер сыртқа шыққан жағдайда, бұл «арнайы қоныстандырылған аймақтан» қашу деп табылып, қылмыстық жазаға тартылды. Арнайы қоныс аударылғандар 3 күннен кешіктірмей жанұя құрамындағы барлық өзгерістерді ( бала туу, жанұя мүшесінің қайтыс болуы, қашып кету) Ішкі істер халық комиссариатына хабарлауы тиіс болды. Депортацияланған халықтардың өз жерінен тыс аймақтарда тұру мерзімін анықтау мәселесіне келсек, бұл туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылдың 26 қарашасында шығарған Жарғысында: «КСРО Жоғарғы органының шешімімен қоныс аударылғандар режимін күшейту мақсатында Ұлы Отан соғысы кезінде қоныс аударылған шешен, қарашай, ингуш, балкар, қалмак, неміс, қырым татарлары тағы басқалары олардың қоныс аударылуы кезінде нақты жер аударылу мерзімі көрсетілмегендіктен, жоғарыда аталған халықтарды КСРО-ның өзге аймақтарына мәңгілікке қалдырып, бұрынғы тұрғылықты жеріне қайту құқығы берілмейді», - деп айтылған. Бұл шешім КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1951 жылғы 9 қазандағы жарлығымен де нақтыланады. Жоғарыда айтылған халықтарды мәңгілікке депортациялау арқылы Кеңес үкіметі бұл мақсатты жүзеге асыру тәсілдерін де ойлап тапты. Қойылған талаптарды орындамаған және бас имеген тұрғындарға 20 жыл мерзімдік Сібірге айдау жазасы кесілді. Бұл қоныс аударған жақтан өзге жерге кеткен тұрғындарға қашқын ретінде қолданылатын жаза түрі болатын. Ал, оларды жасырған немесе қашуға көмек берген азаматтар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
1954 жылы 5 шілдедегі КСРО Министрлер Кеңесінің № 1439-649 «Арнайы қоныстандырылғандардың құқықтық жағдайынан кейбір шектеулерді алу туралы» қаулысында еліміздегі өзгерістерге байланысты арнайы қоныс аударылғандарға олардың құқықтық жағдайларына шектеулердің қажеттілігі өз маңызын жойғандығы, сондықтан ол тұрғындар аудан, облыс, республика көлемінде қоғамдық пайдалы жұмыстар атқаруына рұқсат берілді.
1957 жылғы 11 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі «Балқар, шешен, ингуш, қалмақ және қарашай халықтарының ұлттық автономияларын қайта қалпына келтіру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарғысын бекіту туралы» заң қабылдады. 1964 жылдан бастап кеңестік немістерге де жеңілдік жасалды. Жалпы алғанда, Қазақстанға 1936-1944 жылдар аралығында 1 109 000 халық өкілдері депортацияланды. Ал, соғыс жылдарында эвакуацияланғандар санымен қосқанда 1 млн. 640 мың адам әкелінген. Сонда, әр бесінші тұрғын арнайы қоныстандырылған болып табылып, Қазақстан алып ГУЛАГ кейпіне енген еді.
Достарыңызбен бөлісу: |