2.3 Қазақстанға жер аударылғандардың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі.
Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың орналасу барысы мен олардың материалдық - тұрмыстық жағдайы қарастырылады.
1946 ж. КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 463 940 адамға жетті (ал басқа деректерде 2 826 419 адам). Олардың Қазақстан Республикасына жалпы жер аударылғаны 1 млн. 200 мың адам болды.
Алайда олардың келген кездегі әр ай сайын тіркеліп отырған құжаттарында жаңадан қосылғандар мен басқа жерге ауыстырылғандар, туылғандар мен өлгендер, әскерден және әскери ауруханадан оралғандар, ажырап қалған отбасылардың қайта қосылуы, отбасыларын екіге бөлу сияқты өзгерістерге байланысты нақты санын тура айту да қиын.
1947 ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша қоныстанғандарды ұлтына қарай бөлсек, шешен-ингуш 88 650 отбасы (341 328 адам), балқарлар 5175 отбасы (18 327адам), қарашайлар отбасы 10090 отбасы (37485 адам), немістер 101314 отбасы (325 662), қалмақтар 781 отбасы (2031 адам), Грузиядан келгендер 6696 отбасы (27 546 адам), Қырым татарлары 1 424 отбасы (4 039 адам), жалпы саны 255 170 отбасы (894 687 адам) тіркелінген.
1948 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардан жалпы саны 781 170 адам тіркелінген. Олар ұлтына қарай былай бөлінді: шешен-ингуштер - 87 860 отбасы (338 238 адам), қарашайлар 10 013 отбасы (37 019 адам), балқарларда - 5 164 отбасы (18 142 адам), немістер 101 479 отбасы (343 998 адам), қалмақтардан - 809 отбасы (2 137 адам), Грузиядан келгендерден құрамында - 6 767 отбасы (27 210 адам), Қырымнан - 1 549 отбасы (4 574 адам) болса, 1949 ж. республикада арнайы жер аударылғандардан - 250 428 отбасы (892 671 адам) тіркелінді. Олардың ішінде шешен-ингуштер – 78 995 отбасы (299 170 адам), немістер- 123 113 отбасы (410 268 адам), гректер 371 108 адам, қарашайлар – 9 067 отбасы (33 754 адам), балқарлар – 4 772 отбасы (17 558 адам), поляктар - 32 652 адам, қалмақтар – 765 отбасы (2 265 адам), Грузиядан келгендер – (29 699 адам), Қырымнан келген 1 937 отбасы (5858 адам) тіркелінген [16].
Сонда 1949 жылы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың 36 % орналастырылса, бұл Орта Азияның барлық республикаларынан екі есе, ал Батыс және Шығыс Сібірден 6 % көп, яғни республикамызда әрбір 10 адамның 4-і күштеп көшірілген 51 ұлттың өкілдері болды. Оның үстінен күштеп көшірілген халықтардың көбі Қазақстанға жәнелтіліп отырған. 1949 жылы Қызылорда, Талдықорған, Алматы облыстарына 45400 адам жер аударылғандар жіберіледі деп хабарланып, жеткізілгендер саны 57 154 адам, яғни 11 714 адам артығымен жіберілген. Осындай себептерден келе жатқан адамдарға ғана дайындаған тұрмыстық (баспана, азық-түлік) керек-жарақтар жетпей жатты. Соғыстан кейінгі жылдары, соғыс кезіндегі Еңбек армиясы болмаса да, арзан және міндетті еңбек күші ретінде жер ауып келгендер басқа да осы сияқты адамдармен қатар бұрынғыша халық шаруашылығына мобилизациямен тартылатын болды. Сол кездің өзінде-ақ олардың көпшілігін қоныстанған орындарынан қашуын тоқтату үшін республика ішінде қалалардан, аудан орталықтарынан және темір жол станциялары аймақтарынан алыс жатқан мал совхоздары мен колхоздарға бос жатқан жаңа жерлерді игеруге пайдаланып бұл ішкі қоныс аудару «науқаны» әлденеше рет жүргізілді. Бұндай әрекеттерден шығындар да көбейді. Мысалы, 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының игерілетін суармалы жерлерінде колхозшылды көбейту керек болды. Осының нәтижесінде бетпақ даланы игеруге 3 мың жер аударылғандар үгіттеліп жіберілді. Жағдайларының жақсаратына сенген олар көшуге келісім берді. Бірақ оларға жаңа жерлерде де жер аударылғандар екенін білдіретін құжаттарын өзгертуге құқы болмады. Барған жерлерде де олардың материалдық-тұрмыстық жағдайлары төмен болды. Өйткені иесіз далаға тез арада баспана, мектеп, аурухана сала қою оңайға түспеді. Олардың тұратын жерлері жертөлелер, қамыстан салынған үйлер немесе бір баспанаға бірнеше отбасылары тұратын барақтар еді. Кері қайтуға жол алыс, қаражат болмады және кетуге рұхсат та болған жоқ.
Олардың орналасқан жерлерінде өткізілген заттары қайтарылып, үйлері жоқ қоныс аударылғандарға өкімет тарапынан үй-жай бөлінеді делінді. Бірақ соғыстан кейінгі тұралаған уақытта бұл жағдайлар орындалмады, керісінше оларға жергілікті халықтар көмектерін аяған жоқ [18].
Күштеп қоныс аударылғандардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін реттейтін арнаулы жеке құқықтық актілері мен нормалары болды. Мысалы, 1945 ж. 8 қаңтардағы бір қаулыда «Әдейі қоныс аударылғандар Кеңес Одағы азаматтары сияқты барлық жағдайларды пайдалана алады» - делінді. Бірақ бұл сөз жүзінде қоныс аударылғандардың өмірінде көптеген өзгешеліктер болды. Олар бақылаушы коменданттың рұхсатынсыз елді мекеннен ешқайда шыға алмайтын болды. Жер аударылғандардың тұрмыстық-тіршілігін жаңа қоныстанған жерлерінде халық комитетінің ішкі істерінің арнайы комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды әдетке айналдырды. Әрбір өзім білерлік тез арада ашылып отырды. Әрбір заң бұзушылық тез арада ашылды. Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағының және жұмыс орнының ауысуы жайлы тағы басқа деректерді үнемі комендатураға хабарлауға тиіс болды. Олар өздері тұрған жерлеріндегі тәртіпке, күнделікті істелінетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынулары керектін, өйтпеген жағдайда тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, 5 күнге дейін қамауға алынды. Жаңа жердің жағдайына, құқықтық ережелерге наразы болып, тұруға белгіленген елді мекендерді өз беттерінше тастап кеткен, немесе қашқан адамдар ұсталып, қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды. Мұндай адамдар бас бостандығынан айырылып, ауыр жұмыстарға жіберілді.
Осындай заң режимі олардың тұрмыс жағдайларын ауырлата түсті. Оларды отанын сатқандар немесе халық жаулары ретінде қарап жекелеген басшы қызметкерлер әртүрлі сылтаулармен жұмысқа алмауға, жәрдем бермеуге тырысты. Кейде жұмыстың жоқтығынан күнделікті тіршіліктегі хал-ахуалдары нашар болды. Тұрмыстағы мұндай келеңсіздіктер олардың жаппай ауруларына себеп болды, қашу оқиғалары да көптеп етек алды.
Арнайы жер аударылғандар үшін жеке құқықтық мәні бар заң актілері мен нормалары қатаң сақталып, ал керісінше олардың материалдық мұң-мұқтажына байланысты мәселелер толық шешімін тапқан жоқ. Соғыстан кейінгі шаруашылық күйзелісі, жалпы экономикалық қиындықтар барлық халыққа ауыр тигені мәлім. Сондықтан, жер аударылғандарды орналастыру немесе республика көлемінде басқа жерге көшіру қосымша материалдық шығындарға әкеліп соқты. Дегенмен, жер аударылған халықтардың тұрмыс-тіршіліктерінде әртүрлі кедергілер мен келеңсіздіктер қысылтаяң уақытта жергілікті тұрғындардың да ауыр кезеңдердегі тұрмысына орайласып келіп тұрды. Себебі, бұл күштеп қоныс аударылып келген халықтарға жасалынып отырған азын-аулақ болса да көмектерді тұрғылықты халықтың аузынан жырып берумен бірдей болды. Алайда ауыр болса да елімізде мемлекет тарапынан да олардың тұрмыс-тіршіліктеріне, мүмкіндігінше материалдық қолдау (мал, үй-жай, азық-түлік, киім-кешек) көрсетіліп тұрды. Дегенмен соғыстан кейінгі қиыншылық пен тапшылықты бүкілхалық басынан өткерген еді [19].
Соғыс кезіндегі қорғаныс өндірістеріне, жаңадан салынған теміржол құрылысына, тау-кен өндірісіне шұғыл жасақталған жүйе - Еңбек армиясы еді. Еңбек армиясының құрамында мыңдаған адамдар жіберілді. Ондағыларға жұмыстың ауырлығына қарамай кез-келген нормалар беріліп, олардан соны орындау талап етілді. Жер аударылған халықтардың ішінде әсіресе немістерге деген сенімсіздік күшті болды. Олар лагерлік типтегі Еңбек армиясының барлық этаптарынан өтті. Бұндағы жұмыстарға неміс ер азаматтарының 15-55 жас аралығындағы және неміс әйелдерінің 16-дан 45 жасқа дейінгілері тартылды. Еңбек армиясы 1946 жылдың соңына дейін ұйымдасқан түрде жасырын жұмыс істеді. 1946 ж. кейін Еңбек армиясы лагерлері мен колониалары таратылып, ондағылар күнделікті өмір статусына ауыстырылды. Алайда еңбек резервтерінің мобилизациялық жоспары бойынша 16 жастағылардан жоғарғылар ФЗО (ФЗУ) арқылы жұмысшы мамандықтарын алып, міндетті түрде жұмысқа жіберіліп отырды.
Ендігі жерде оларды кейінгі жұмыстарға пайдалану әдістері халық шаруашылығындағы әрқилы еңбек түрлерімен жалғасты. Кеңес Одағы Министрлер кеңесінің 1946 ж. 9 шілдедегі №1480-650 қаулысымен «Халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету туралы» мемлекеттік жоспар бойынша бұл жұмысқа жер аударылғандардан бірінші кезекте тартылды. Дегенмен олардың міндетті еңбек саласы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіне дәл келгенімен жер аударылған халықтарды алғашында еңбекке пайдалануда жұмысшылар мен басқарамалар арасында әртүрлі қақтығыстар да кездесіп тұрды. Мысалы, 1946 ж. Зырянов кен басқармасында өндіріс жоспарының қысқаруына байланысты жұмыстан бірінші кезекте жер аударылғандар шығарылған. Мамандықтары барлары мен ерекше цехтарда істейтін 178 адам жұмыссыз қалдырылды. Мұндай жағдайдан кейін олардың жағдайлары күрт төмендеп кетті. Кейіннен олар басқа жерге көшірілді. Қанша ауыр жұмыс, жағдайдың нашарлығына қарамастан жер аударылғандар арасында өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, бригадаларымен жақсы көрсеткіштерге жеткендер де аз емес. Осылай елдің экономикалық қуатын арттыру үшін бар күш-жігерімен аянбай еңбек еткен ел тұрғындарымен қоса жер аударылғандар да оған барынша атсалысты. Олар Қарағанды шахталарында (неміс, шешен, ингуш, корей, грек, болгар т.б. халықтардың өкілдері), Ақтөбе ферросплавл заводында, Ақтөбе химия комбинатында, Шығыс Қазақстандағы зауыттар мен рудниктерде, Шымкент қорғасын және цемент зайыттарында, темір жол транспорты мен оның жаңадан салынып жатқан линияларында, Петропавл, Қостанай, Орал, Жамбыл, Алматы, кәсіпорындарда, мұнай кәсіпшіліктерінде, тағы басқа да өндіріс салаларында еңбек етті. Жер аударылған Кавказ халықтары жеңіл өнеркәсіп саласында да көп болды. Мысалы, Қостанайдағы №185 «Большевичка» тігін фабрикасында, Семей тері комбинатында, былғары фабрикасында, былғары аяқ киім жасау тресінде, Алматы фурнитур зауытында, Жамбыл «Соскопедзауытында», жұмыс істеді. Оларға берілген жұмыстар көбінесе аяқ киім тігіншісі, шатмпшы, күзетші, еден жуушы, мал бағушы т.б. болды. Халық шаруашылығын өркендетуге байланысты жер аударылғандарды колхоз, совхоз және кәсіпорын жұмыстарына пайдалану, кең түрде жүргізілді. Оларды тұрақты тұрғын үймен және өз уақытында еңбек ақысымен қамтамасыз ету қиын болды. Олар жаппай қажет мамандық алу үшін оқытуға да жіберілді. Кейіннен олардың ішінен кәсіпорындардағы жұмыстарын, яғни мамандықтарын жақсы меңгергендерді білімдерін көтеруге мүмкіндік алды. Инженер, агроном мамандықтары бойынша жұмыс істегендер де болды. Біртіндеп халық шаруашылығында жұмысқа араласу көрсеткіші өсті. 1949 ж. жер аударылған халықтардың халық шаруашылығында жұмысқа араласудағы жалпы көрсеткіші былай болды: ауыл шаруашылығында 546 555 адам, оның ішінде совхоздарда 80 238 адам жұмыс істесе, көмір өнеркәсібінде 161 388 адам, орман және қағаз өнеркәсібінде 117 953 адам, жергілікті өнеркәсіптерде 59 001 адам еңбекке тартылды. Металлургиялық өнеркәсіптерінде 37 575 адам, алтын өндіретін өнеркәсіптер мен т.б. кәсіпорындарда, СССР ІІМ құрылыстарында 99 872 адам, мұнай өнеркәсібінде 23 048 адам, тамақ өнеркәсібінде 21 095 адам, теміржол құрылыстарында 20 506 адам, ауыр индустиялық кәсіпорындар құрылысында 19 509 адам, жеңіл өнеркәсіп саласында 18 236 адам, машина жасау кәсіпорындарында 5 495 адам, балық өнеркәсібінде 12 486 адам, сауда мекемелерінде 8 201 адам, құрылыс материалдар өнеркәсібінде 10 955 адам, химия өнеркәсібінде 7 446 адам, халық шаруашылығының басқа салаларында 102 683 адам жұмыс істеді. Сөйтіп соғыстан кейін де халық шаруашылығының барлық салаларында күшпен қоныс аударылған халықтардан 1 282 004 адам еңбекке жұмылдырылды.
Соғыстан кейінгі жылдары барлық күш жігер негізінен өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалып, ауыл шаруашылығы едәуір артта қалып қойды. Кәсіпорындар мен мекемелерде белгілі уақыттық жұмыс тәртіптері енгізіліп, қосымша демалыс уақыттары белгіленсе, ауыл шаруашылығындағылар үшін бұл мәселе назардан тыс қалып отырды. Оған себеп ауыл шаруашылығында техниканың жетіспеуі еңбек ресурстарының да жеткіліксіз екенін көрсетті. Ауыр жұмыстар қол еңбегімен орындалды. Барлық өнім мемлекетке өткізілді. Бұл республикамыздағы тұрғын халықтарды күнделікті азық-түлік өнімдерімен, қамтамасыз етуге әсер етті. Жер аударылғандар Қазақстанда тауар өнімдері мен азық-түліктің тапшылығын қиындатқаны аян. Соғыстан кейінгі жылдары соғыс салып кеткен қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанның тұрғылықты халқы күштеп қоныстандырылғандарға барынша көмек көрсетті. Алыс орналасқан колхоздар мен совхоздардағы ұйымдастыру істері дұрыс жүргізілмеді. Мал шаруашылығында жем-шөптің жетіспеуі, оны дайындауға мүмкіндік болмай, мал шығынына әкеп соқтырды. Бұл жағдай 50-жылдардың басына дейін созылды. Соғыстың аяқталғанына біраз уақыт болса да ауыл шаруашылығы халықты азық-түлік өнімдерімен, өнеркәсіп шикізаттармен әлі де болса қамтамасыз ете алмады. Халық шаруашылығында, оның ішінде ауылдық әлеуметтік-мәдени ісін өркендету барысында біршама қиындықтармен қатар келеңсіз кедергілер де болып отырды. Бұны шешу қаржы мәселесіне келіп тірелді. Ал жер аударылған халықтардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерге қоныстандырылғаны белгілі. Олардың колхоздарға орналастырылғандары көбінесе егіс жинауға, дәнді-дақылдарды, мақта, темекі егістігі күтіміне, мал шаруашылығында және басқа салада жұмыс істеді. Десекте халық тұрмыстық қиыншылықтарды көтере білді. 50-ші жылдардың басында ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру іске асырылғаны мәлім. Сонымен қатар 1950 жылдың орта шенінде Қазақстан Республикасында тың игеруге байланысты тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық және мал шаруашылығы құрылыстарын салу ұлғайтылды. Осындай игі істерге жергілікті халықтармен бірге ауыл-селолық жерлерге орналастырылған жер аударылғандар да белсене араласты. Ауыл шаруашылығының алдында тұрған міндеттерді табыспен орындау мемлекеттік саясатқа еңбек адамдарына, ауыл мен селоны қамтамасыз ететін өнеркәсіпке, бүкіл сондағы инфроқұрылымға байланысты еді. Соғыстан кейін мемлекет тұңғыш рет ауыл шаруашылығына басты назар аударып, халықты ынталандыруға, тұрмысына, рухани және мәдени сұраныстарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Сөйтіп ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлердің табыстары ескеріліп, тұрмыстары түзеле бастады, еңбекке деген ынталары өсті. Жергілікті кеңестердің ауыл және село тұрғындарымен бірге ұйымдастыру жұмыстарында халықтың білім алуы, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет және тұрмыс, жол құрылысы оған ауыл тұрғындарының бірауыздан атсалысуы талап етілді. Сондай-ақ МТС жұмыстары жандандырылып, техникалық қажеттіктер, мал шаруашылығына, егін шаруашылығына машиналар бөлініп берілді. Сөйтіп ауыл шаруашылығын дамыту шаралары іске асырылды. Жұмысшылардың жалақылары өсіп қана қоймай, қосымша еңбек ақы енгізілуі ауыл шаруашылығындағы жетістіктердің көбеюіне септігін тигізді. Себебі жұмысшылардың еңбекақысының өсуі олардың ауыл шаруашылығындағы кіріс көлемінің мөлшеріне байланысты болды. Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының нығаюы, ондағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің дамуы, өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, олардың өзара байланысуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісінің осындай байланысын орнықтыратын совхоз, колхоздар мен зауыттар, мал фермалары мен фабрикалардың әсері күшті болды. Совхоздар мен зауыттардың байланысы ауыл шаруашылығы өндірісімен, оның өнімдерін өнеркәсіптің өңдеуімен өздерінің тиімділігін арттырды.
Жер аударылып келген халықтардың қоныстанған жерлерінде алғашында ауыл шаруашылығында еңбекке араласу төмен болды. Оған себеп өз атамекендерінде қызмет атқарған немесе ауыл шаруашылығына араласып көрмеген, басқа жұмыстарда істеген адамдар колхоз, совхоздардың ауыр жұмыстарына бой ұсына бермеді. Сондай-ақ, бірнеше адам істейтін жұмысты, жұмысшы күшінің жетіспеуінен бір адамның атқаруы, яғни ауыл шаруашылығына берілген техникалардың жеткіліксіздігінен ауыр жұмыстарды қол күшімен орындау да қиынға соқтырды. Мысалы, 1951 жылдың 1 қаңтарында Алматы ауданында құрамында 8332 шаруашылығы бар 14 ірі колхоз болды. Ондағы жұмыс істейтін 13 111 адам, ал ауданның жалпы егіс көлемі 157 332 гектарды құрады. Сонда 1 жұмысшыға шаққанда 12 гектар жерден келетін еді. Мұндағы жер аударылған халықтардың еңбектері көбінесе егістік жерлерде жүргендіктен орташа есеппен 1 жұмысшыға 2 гектар жерде жұмыс істеуі жүктелді [20].
Сонымен қатар ауыл шаруашылығының әр саласына бұрынғы бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалмауындағы кемшіліктерге назар аударылып, болашақта жұмсалатын және жетпей жатқан қаржының орнын толтыру мәселелерін де ұқарастырылды. Мысалы, бұрындары 3-4 жылдың аралығында 500-600 мың шары метр жерге тұрғын үй салынып келсе, енді 3-4 жыл аралығында, 3 миллион 200 мың шаршы метрге тұрғын үйлер салынды. Бұл халықтың әл-ауқатының түзеле бастағанның да белгісі еді.
Ауыл шаруашылығында жер аударылғандар арасында жұмыстар жандана түсті. Үй құрылыстары көбейіп, ауылдық жерлерге адамдар тұрақтай бастады. Күштеп қоныстандырылған халықтар арасында ауыл шаруашылығының жұмыстарына белсене араласу байқалды. Мәселен, облысына аудандарына қоныстанған 1 721 жер аударылған халықтардан 1 300 адам мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында жұмыс істеген болса, Қостанай облысында 44 072 жер аударылған адамдардың 19 289-ы колхоздарда, 9 336-ы совхоздарда жұмыс істеді. Павлодар облысында жер аударылған адамдардан 1955 жылы 25 қаңтар көрсеткішінде колхоздарда 14 361 адам, МТС–тарда 2 254 адам, совхоздарда 6086 адам еңбек етті. Бұл көрсеткіш бірітіндеп көбейе түсті. Мысалы сол жылдың екінші жартысында осы облыста жер аударылғандар 14 580 адамға көбейген, яғни 219 адам келіп қосылған. МТС-терде 2854 адамға өсіп 600 адам қосылса, ал совхоздардағы 6 480 адамға қосымша тағы да 394 адам еңбек еткен.
Жер ауып келгендер әр түрлі жұмыстарын адал атқарып, өз еңбектерінің шебері бола білді. Мысалы жер аударылған кәрістер негізгі кәсіптері - күріш өсіруді келген жерлелінде іске асырып, жергілікті халықпен өз тәжіибелерін бөлісе білсе, ал мал бағу існде жергілікті халықтан тәжірибе жинақтады. Мысалы, кәріс ұлтының өкілі Ким Ман Сам күріш өсіру шеберлігін Ыбырай Жақаевпен бөлісіп, олар күріш өсіруде рекордттық көрсеткіштермен танылды. Кейіннен Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Авангард» колхозы КСРО-да алдыңғы қатардағы шаруашылыққа айналда. Оның төрағасы Ким Хон Бин бастаған 12 адам 50-жылдары Социалистік Еңбек Ері атанды.
Осындай еңбектерде жер аударылғандар қатарынан көзге түсіп, басшылық қызметке тағайындалғандар да болды. Кәрістер бұл жағынан басқа халықтармен салыстырғанда басымырақ түсті. Мысалы осындай орта буын басшысы қызметтерде 50-ші жылдардың ортасында жергілікті тұрғындар 0,66 пайызды құраса, бұл көрсеткіш жер аударылып келген немістерде 0,74 пайызды көрсетті. Павлодар облысында жер аударылып келген халықтардың азаматтарынан колхоз председательдері 5 адам, бригадирлер 193 адам, ферма меңгерушілері 61 адам, жеке совхоздардың басқармасы болып 3 адам жұмыс істеді. Оңтүстік Қазақстан облысында 50-жылдардың ортасында тіркелген 62 632 жер аударылғандардан 47 704 адам жұмысқа жарамдылар, олардың ішінде колхоздарда еңбек ететіндері 22 731 адам, совхоздарда 11 126 адам және МТС-терде 1 659 болды. Олардан 1 адам колхоз басқармасы, 1 адам колхоз басқарамасының орынбасары, 259 адам бригадир және 4 адам совхоздардағы ферма меңгерушілер қызметтерін атқарды.
Кейіннен арнайы жер аударылғандардан ауыл шаруашылығындағы үздік еңбектерімен көзге түсіп, КСРО-ның әртүрлі, медальдарымен марапатталғандары да көбейді. Мысалы, Павлодар облысында осындай медальдар мен ордендер алғандар 131 адам және Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатынасқандар 1071 адам болды. Олардың ішінде жер ауып келген неміс ұлтының өкілдері де бар.
Ауыл шаруашылығында тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Қазақстан ерекше республика болғаны белгілі. Онда жер аударылғандар тың жерлерді игеруге қатысып қана қоймай, шаруашылықты өркендетуге белсене атсалысқандардың қатарынан табылып отырды. Сол облыстағы М.Геринг басқарған шаруашылық, Қарағанды облысы Тельман ауданындағы озат колхоздар, ондағы Қарқаралы ауданының 1954 ж. Ленин оденімен марапатталған Тельман атындағы колхоздың басқармасы В.Мюллер және басқалары осының айғағы. Павлодар облысында жер аударылған халықтардан “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін 415 азаматы иеленді. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 666 жер аударылған адам көктемгі егіс кезінде тапсырманы 28 860 еңбеккүнге артығымен орындағаны үшін сыйақылар алды. 1957 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының «Мақтарал» совхозында жер аударылғандардан құрамында 20 адамы бар егін шаруашылығымен айналысатын Мелонаев басқарған бригадасы еңбекте Қызыл Ту белгісін жеңіп алып, барлық бригада мүшесінің әрқайсысы 300 сомнан 500 сомға дейін сыйақы алса, Ленгір ауданының «Пятилетка» колхозының мүшесі Мадлы-Халал-оглына бір жылда 1950 еңбеккүн орындағаны үшін 20 центнер бидай берілді. Сол кездегі тәртіп пен мүмкіншіліктер бойынша еңбек адамдары осылай ынталандырылды. Алматы облысында Кавказдан жер аударылған халықтардан 20 750 адам тұрды. Олардан 20 адам 1954 жылғы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, оның ішінде 8 адам наградталған және Алматы темекі совхозының бригадирін Аирахов Социалистік Еңбек Ері атанды. 1947-1951 жж. КСРО бойынша ауыл шаруашылығында жер аударылған халықтардың өкілдерінен айрықша еңбектерімен көзге түсіп Социалистік Еңбек Ері атанған 7 адамның 5-еуі Қазақстан Республикасынан шыққан. Мысалы отбасында 8 адам арнайы комендатурада тіркеуде тұрса да, қарашай Кубанова Нузул Хачья-қызына 1948 ж. 8 майда қызылшадан өнім аулудағы үлкен жетістігі үшін осындай атақ берілген. Отбасының 6 адамы арнайы комендатураның тізімінде тұрған, неміс ұлтының азаматы Шмидт Петр Абрамович 1949 ж. 9 қазанда мал шаруашылығында жұмыс істеп, мал төлдетуде үлкен көсеткішке жеткендігі үшін осы атақты алған. 1950 ж. 28 наурызда қант қызылшасын өсіруде ерекше еңбегімен танылған, түрік азаматшасы Мамедова Жамиля Мамедқызы Социалистік Еңбек Ері иегері атанса, 1950 ж. қарашай қызы, отбасында комендатураның тізімінде 6 адамы тұрған Шидакова Патия Магаметқызы қант қызылшасын жинаудағы ие болған. Сол сияқты 1951 ж. 21 тамызда қызылша совхозында егін жинаудағы рекордтық көрсеткіші үшін, поляк, комендатураның тізімінде тұрған отбасының 4 адамы бар, комбайнер Иосиф Адольфович осы атақты алды. Ал егінші, кәріс ұлтының өкілі Огай Но Ок «Құрмет Белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бұдан басқа көптеген медальдар, грамоталармен марапатталған. Мұндай мысалдарды көптеп келістіруге болады.Күштеп жер аударылған халықтардың еңбектегі ерен ерліктерімен көзге түскендері көп. Олардың жергілікті халықтармен бірге өнеркәсіпте, транспортта атқарған жұмыстары, әр жерлерде жүргізілген қоғамдық құрылыстарды салуға қатысқандығы, сол кездегі ауылда болып жатқан шаруалардың бәріне араласып, соғыстан кейінгі едің еңсесін көтеруге қосқан үлесі зор. Күштеп қоныс аударылған халықтардың Қазақстанның соғыстан кейінгі өнеркәсіп пен транспортты дамыту саласындағы еңбектері де зор. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанның өнеркәсіп салалары соғысқа қажет деп шығарылған өнімдерін қысқартып, бейбіт өмірге қажет өнім шығаруға кірісті, халық тұтынатын тауарларды көбейтуді қолға алды. Шикізат қорына бай еліміздің қазба байлықтарын игеру, оны өндіру кеңейтілді, сөйтіп Қазақстан сол кездегі одақтас республикаларды шикізат көзімен қамтамасыз ететін негізгі қорлардың отаны болды.
Қазақстан өнеркәсібінің дамуы соғыстан кейінгі жылдарда соғысқа дейінгі қарқынынан екі еседей асып түсті. Бесжылдықта Қазақстанда қара және түсті металлургия, тау-кен өндіріс саласы өркендеді.Зауыттар, көмір өнеркәсібі жабдықтары, ұсталық станоктар, ауыл шаруашылығына қажетті құралдар мен жабдықтар шығара бастады. Өнімдердің жаңа түрлерін шығаратын ауыр машиналар зауыттары, мұнай кәсіпшіліктері өнімдері арттырылды. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп орындары да қарапайым болса да ел тұтынатын аса қажетті тауарлар шығарымын айтарлықтай жетілдірді. Соғыстан кейінгі жылдардағы бой көтерген өнеркәсіп объектілерінен басқа жылулық станциялары бой көтерді. Қазақстанның жаңа өнеркәсібін дамыту барысында 5200 өнеркәсіп орны, 6000 – нан астам ірі кәсіпорын салынып, қалпына келтірілді.
Осы жылдарда республикамыздың өркендеуінің барлық кезеңдерінде алдымен транспорттың дамуына айрықша көңіл бөлінді.
Темір жол салу соғыс жылдарымен салыстырғанда 25 пайызға өсті, яғни ұзындығы 8212 км темір жол линиясы іске қосылды. Онда Ақмола-Қарталы аралығында 806 км темір жол салынса, Гурьев – Қандағаш арасында 517 км және Орск- Қандағаш аралығында 262 км жол салынып іске қосылды. Оған 40000 мың жер аударылған немістер (17 мен 50 жас аралығындағылар) қатыстырылды.
Өйткені осындай жұмыстарға көбінесе жер аударылғандар, лагерлерде жазасын өтегендер жіберілді. 1946-1958 жылдары республикамыздың барлық территориясын қиыстыратын солтүстіктен оңтүстікті байланыстыратын теміржол құрлысы 8212 км-ден 10297 км дейін, яғни 25,5 % өсті.
Соғыстан кейінгі жылдары жұмысшы күші соғыстан қайтқандармен толықтырылды. Олармен бірге жер аударылғандар да Қазақстанда өнеркәсіп құрылыстарын салуға етене араласты. Қазақстанға арнайы қоныстандырылғандардан республикамыздың халық шаруашылығы саласында жалпы 178 454 адам жұмыс істесе, олардың кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде істеген 54 099 адам болды. Бейбіт жағдай болса да жер ауып келгендерден 50-ші жылдары 18 064 қартайған, мүгедек және басқа жұмысқа жарамсыз адамның 5 017-і кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде ауру-сырқауына қарамай жұмысқа тартылды.
Жер аударылғандар соғыс кезінде әскерге жарамды болса да бірден қорғаныс объектілеріне, зауыттар мен фабрикаларға, жаңадан салынып жатқан өнеркәсіп орындарына қара жұмыстарға жіберілгендігін айттық. Соғыстан кейін олардың кейбір құқықтық шетеулері алынғанымен сол жұмыс орындарында қалдырылы. Олардың ішінде 16 жасқа дейінгі жас балалар да кәсіпорындарында және шахталарда жұмыстарға тартылған. 1947 ж. жер аударылғандардан 12 мен 16 жас аралығындағы 15 133 жас жеткіншек Қазақстанда жұмысқа тартылған еді. Олар жатын орынның нашарлығына, азық-түліктің әлсіздігіне, жұмыстың ауырлығына да төтеп бере білді. Сол кездегі жетпейтін маман иелерінің де орнын толтырып, олардың қатарынан атақты тракторшылар, комбайншылар, жүргізушілер шықты. Кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындарында жауапты станок тетіктерін жақсы игере білді. Олардың арасынан еңбек озаттары, стахановшылар және өз міндеттерін жүздеп, мыңдап орындаушылар да көрініп жатты. Мәселен, Қарағанды ЦЭС–да, Балқаш зауытында, Жезқазған руднигінде жер аударылған әйелдер арасынан шыққан екпінді бригадалар болды. Жер аударылған халықтар өкілдері Алматы ГЭС құрылысын салу кезінде, Алматы паровоз депосында, “Кельмашатуголь” және Шығыс Қазақстан облысындағы «Убаредмет» рудниктерінде, Қызылорда облысы Арал ауданындағы тұз тресінде, сульфаткомбинатында және суроверсон кәсіпорындарында өз жұмыс нормаларын артығымен орындаса, жалпы өнеркәсіп пен транспортта олардан 254 екпінді, 45 стахановшылар шықты. Жалпы Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты тылдағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын да қиындатты. Бірақ сол кездегі жалпы жұмысшы қауымының еңбекте көрсеткен ерліктері ерекше. Жер аударылған халықтар да өнеркәсіп пен транспорт саласында қажырлы еңбектерімен елдегі қалпына кетіру, өркендету жұмыстарына бар күш жігерлерімен араласты.