Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
356
Ерте заманның халықаралық қатынас логикасы бойынша, кім күшті болса сол басымдықта
болуы керек еді. Ертедегі түркілер мен олардың ата-бабаларының ылғида батыс пен шығысқа,
оңтүстікке ұдайы басып кіріп отыруы олардың сол кезде әскери басымдыққа ие болғанын
көрсетеді. Солтүстіктен төнген потенциалды қауіп-қатердің алдында қытайлар Цинь Шихуанның
(Qin Shihuang) Цинь (Qin) бектігіне (княздігіне) бірікті. Өйткені Қытай жұрты ғұндарға бірігіп
қарсы тұрмаса, құритын еді. Цинь Шихуан Орталық Қытай жазығын бірлікке келтіргеннен кейін,
елінің әскери әлеуетін арттыруға бар күш-жігерін салды. Сы Мацяньнің (Si Maqian) «Шицзи» (Shiji
史记) атты кітабында: «Цинь Шихуан Мэн Тянь (Meng Tian) санғұнды 300 мың қолмен терістікке
аттандырып, ғұндарға шабуыл жасады да, өзеннің оңтүстік алабын
1
тартып алды» [2] делінеді. Бұдан
шығатын қорытынды: ғұндар б.з.д. ІІІ ғасырда өздерінің әскери басымдығы арқылы Қытайдың
кіндік жұртын бірігуге мәжбүр етті және дүниежүзіне әйгілі Қытай қабырғасының салынуына
себепкер болды.
Ордос пен Иньшань (Шұғай құзы) тауының ертеден ғұндардың ата мекені, қыстау қоныстары
екенін Қытайдағы ғұн тарихымен жарты ғасырдан астам айналысқан проф. Лин Ган (Lin Gan) да
растайды. «Ғұндардың өсіп-өнген түпкі отаны Ордос пен Шұғай құзы болғандықтан, олар Орта
жазықтың Янь, Чжао, Цин бектіктерімен шекаралас болды. Ішкі Монғолияның Иньшань мен Ордос
алқабы ғұндардың түп мекені. Бұны соңғы 30 жыл бедерінде Ішкі Монғолия аймағынан табылған
көптеген ғұн дәуірінің ескерткіштері дәлелдейді» [3,5]-дейді ғалым. Бұдан бұрын қытай тарихшы-
лары ылғида ғұндарды Ордос өңіріне «басып кіруші» ретінде, ал, Цинь Шихуанды Ордосты «азат
етуші» ретінде көрсететін. Лин Ган мырзаның пікірінше Ордостағы ғұндар еш қайдан келмеген,
ата-бабасынан осы жерді мекендеп, өсіп-өнген. Керісінше, Цинь Шихуан бұл жерді басып алған.
Демек, тарихтағы көшпенді жұрттардың оңтүстікке, Хуанхэ сағасына бағыттаған ауық-ауық
соғысы тектен текке жасалмаған.
Тарихта еуразиялық кеңістіктегі көне түріктердің өз мемлекеттілігі, әскери жүйесі, мемлекеттік
ұстанымы болған. Мұны біз далалық өркениет деп атасақ та болады. Егер кімде-кім олардың
далалық пәлсапасына, өмір сүру дағдысына қайшы келсе немесе қол сұқса, олар оны әскери күшпен
қорғауға дайын тұрды.
Жапондық ғұн тарихын зерттеуші ғалым Сауада Исао (Sawada Isao) өзінің «Ғұндар» деп ата-
латын зерттеу еңбегінде ХІХ ғасырдағы Ішкі Азияны зерттеуші еуропалық ғалымдардың «атты
көшпенділердің шапқыншылығы ылғида төмен деңгейдегі, тым жұтаңқы тірліктегі малшылардың
жоғары өркениетке қызығуынан болды, олар өздеріне көрші жатқан отырықшы аймақтарға ба-
сып кіріп, отырықшы ұлттардың жиып-терген алтын-күміс қазынасын тартып алып отырды» деп
есептейтінін айта келіп, кейінгі кездегі АҚШ ғалымдары О. Латтимор (O.Lattimore), С.Хантинтон
(S.P. Huntington) қатарлылардың мұндай көзқарастарды сынтезіне алып, көшпенділерді негіз ет-
кен далалық қоғам - ол өз алдына бөлек өркениет әлемі деп қарайтынын тілге тиек етті [4,155].
Шын мәнінде, далалық көшпенділердің төл мемлекетін, әскери-әкімшілік құрылымын отырықшы
мемлекеттермен салыстырудың өзі дұрыс емес. Мұндағы өзгерістердің барлығы отырықшылық
өркениеттің форматына келе бермейді.
Көне түріктер мен ғұндардың әскери іс-қимылдары көбінде белгілі бір оқиғаға байланы-
сты, байыпты әрі ақылды толғаныстардан кейін іске асып отырған. Еш қашанда біреуге беталды,
жөнсіз соқтықпаған. Оны мына бір мысалдан байқауға болады: Түмен тәңірқұттың ұлы Мөде Ғұн
мемлекетінің тізгінін өз қолына алған тұста, көрші жатқан шығыс ғулар (кейінгі сянбилердің ата-
бабасы) Түмен тәңірқұттың «қанатты пырағын» сұрап кісі жібереді. Мөде: бір қылқұйрықтың көзін
қимасақ, олармен қайтып іргелес ел боламыз дейді де, әкесінен қалған дүлдүл жүйірікті елшіге
жетелетіп жібереді. Арада көп өтпей, шығыс ғудың елшілері келіп тәңірқұттың ханымдарының
бірін сұрайды. Тәңірқұт оған да мақұл болып, өзінің нақсүйерерін олардың қалауына береді. Үшінші
жолы, ғу елшілері тағы келіп, ғұндармен арада екі жақтың шекаралық қарауылдары тұратын жердің
ортасында жатқан иен жер (бүгінгі сөзбен айтқанда бейтарап зона) біздікі, оған соқтықпаңдар дейді.
Сонда Мөде тәңірқұт: Жер - елдіктің негізі, оны қалайша береміз!
2
-дейді де, қалың қолын бастап,
шығыс ғуларға қарсы соғыс ашады. Ғұндарды көзге ілмей жәйін жатқан шығыс ғулар олардың
соққысына шыдай алмай күйрейді [5].
1 «Өзеннің түстік алабы» ертеден «Ордос» (Ordos) үстірті деп аталады. Ол тарихтан бері ғұндардың мал қыстататын
жылы қонысы болатын. Қытайлар тартып алғаннан кейін, ол жерге Хэтао (
河套-өзен шалмасы немесе өзеннің үлкен
қолтығы) деп ат қойды.
2 Қытайша:
«地者, 国之本也, 奈何予人».
|