Т.З. ҚАЙЫРКЕН
1
, З.С. ИЛЬЯСОВА
2
Т.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры
1
т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті
2
Астана қ., Қазақстан
КӨНЕ ТҮРКІЛЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӘЛЕУЕТІНІҢ ТАН ИМПЕРИЯСЫНА
ЖӘНЕ АРАБ ХАЛИФАТЫНА ӘСЕРІ
Мақалада түркілердің әскери жүйесінің қалыптасуы мен дамуы, Тан империясы мен Араб халифатындағы
олардың жаулап алу әрекеттері қарастырылады. Ортағасырлық жазба деректерге сүйене отырып, түркі
әсерлерінің мемлекеттің басқару жүйесіндегі ролі, әскери қызметтен Халифаттың жеке аймақтарының
билеуші дәрежесіне жеткен жолдары көрсетеді.
Түйін сөздер: Көне түркі әскерінің қалыптасуы, әскери жүйесі, әскери әлеуеті, Тан империясы шегіндегі
түркі әскерлері, араб жаулаушылығы, халифат шегіндегі түркі әскерлері, түркі мамлүктері.
Көне түркілердің әскери күш-қуаты өз заманында әлемнің алдыңғы қатарында болды. Ол
кезде түріктер ел-жұртын жаудан тиімді қорғап қана қалмастан, жан-жағына өз ықпалын кеңейтті.
Түрік аттылары Шығыс Азия мен Батыс Азияға қарата тегеуірінді жорықтар жасап, Қытайдың
Солтүстік Чжоу, Суй және Тан мемекеттеріне қауіп төндірсе, батыста эфталиттерге, парсыларға
және византиялықтарға қарсы тұрып, Хинган тауларынан Қаратеңізге дейінгі жерлерді қанат асты-
на алды. Сол себептен, олардың тәжірибесі мен әскери әлеуетін Қытайдың Тан империясы мен
Парсы мемлекеті, кейінгі Араб империясы бірдей пайдаланды.
Түріктердің әскери таланты, соғыс шеберлігі, қайтпас қайсарлығы оларға өздері туып-
өскен даланың байырғы жауынгерлік дәстүрінен дарыған. Біздің заманымыздан бұрынғы V-IV
ғасырларда гректер мен парсылардың тегеуірінді жорықтарына бастарын бәйгеге тіге қарсы тұрған
(«Томирис», «Алып Ер Тоңа» дастандары) және туған жерлерін, Отанын қорғап қалған («Шырақ»
дастаны) сақтар сол кездің өзінде өз әскери күшін, қорғанысын шебер ұйымдастыра алған және
мемлекеттіліктің биік деңгейінде болған.
Қытай деректері сақтармен бір уақытта тарих сахнасына шыққан ғұндардың да қуатты мемлекет
құрғанын, ел басқару жүйесі, әскері, заң-тәртібі болғанын дәлелдейді. Қытайдың «Ханшу. Ғұндар
баянында»: «Тәңірқұт - шексіз кең деген мағнада, яғни аспандай аялы деген сөз. Ғұндарда сол білге
хан, оң білге хан, сол жанақ хан, оң жанақ хан, сол сардар, оң сардар, сол аға бас жасауыл, оң аға бас
жасауыл, сол даңға, оң даңға, сол құртауыл, оң құртауыл қойылады. Ғұндар білгі (кемеңгер) адамды
дөкей (tuqi-
屠耆) дейді. Сондықтан көбінше мұрагер хантегін (ханзада) сол қол дөкей хан болып
тағайындалады» делінеді [1]. Демек, сол ерте кездің өзінде ғұндарда мемлекетті әкімшілік-әскери
тұрғыдан басқарудың қатаң түрдегі лауазымдық жүйесі болған.
|