№ 3 (106) 2015
81
бірде аспандай түнеріп, бірде бұрқыраған сезімдей болып, атойлап тұр. Ішкі қайшылық пен сыртқы
көріністің бетпе-бет келуі осы деген болар.
Тәуелсіздік алған тұста қазақ поэзиясында да енді әдебиет қай бағытта дамиды, біздің бұрынғы
арман-мақсаттарымыздың бүгінгі көрінісі қандай болуы керек деген сұрақтар қаламгерлеріміздің
ойын мазалағаны анық. Азаттықтың алғашқы жырларынан әдеби тоқырауды басынан кешкен қазақ
қаламгерлері іргелі шығармалар тудыра алған жоқ. Алақайлап қуанышпен сүйінші сұрар ұшқыр
өлеңдерден басқа салмақты, сүбелі туындылар бірден бой көрсете қоймады. Тіпті әдебиетімізде
тәуелсіздікті, елдің жаңа өмірін, жаңа қоғамдық формацияның озық жағы мен жақсылығын сөз
еткен толымды туындылар әлі де аз.
Қазақ лирикасының Н. Оразалин сынды ақын ұлына алдан бағыт алар жолдан гөрі өткеннен
алар өнеге көбірек болды. Көз көрген ағаларының бірі – Қ. Мырзалиевтің лирикалық топтамалары
«Ой арманы» мен «Дала дидары» [5] ақынның кең тыныс алып, жаңа өреге көтерілуіне көп септігін
тигізгенін байқауға болады. Сол кезде жоғарыда айтқандай, лирикада Қ. Мырзалиев өлеңдері біздің
халқымыздың қысқаша ауызша әдеби тілде әдіптелген тарих болып оқылып, дүр сілкініс әкелді.
Ол мұнда ел тарихын екіорам сөз өлшемімен екшеген, халық жадына дербес ел болудың мүддесін
білдірген жырлар сол кезеңде С.Жиенбаев, Т.Молдағалиевтің, Ж.Нәжімеденов пен М.Мақатаевтың,
Т.Айбергенов пен Ш.Мұхамеджановтың, С.Асанов пен Б.Абдіразақовтың, К.Ахметова мен
А.Абайділдановтың, т. б. өлеңдерінде одан әрі өріс ашып, дәстүрлі қазақ лирикасын одан әрі
жаңғыртты. Сөз бен ойдың іші мен тысы бірдей келіп, сөз зергерлерінің қолындағы асыл жәдігердей
құлпырған сол кездегі қазақ поэзиясының үлкен мектебінен тәлім алған аға толқын танымын
тереңдетуші ақындардың жаңа толқыны – Кеңшілік Мырзабеков пен Жарасқан Әбдірашов, Нұрлан
Оразалин мен Жұматай Жақыпбаев, Шөмішбай Сариев пен Иранбек Оразбаев, Темірхан Медетбек
пен Дүйсенбек Қанатбаев, Исраил Сапарбаев пен Ибрагим Исаев, Ұлықбек Есдәулет пен Серік
Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Серік Тұрғынбеков, Жүрсін Ерманов пен Тынышбай
Рахимов, Жәркен Бөдешұлы мен Дәуітәлі Стамбеков, бұлардың ізін басқан келесі толқын өмірге
келді. Әсіресе, келесі жас толқыннан сұралар талап жаңа бағыт мүмкіндігі молырақ. Егемен ел
болып, еркін сөйлеп, еркін ойлайтын жас ақындар санатының әлсіз болуға құқы жоқ.
Жалпы алғанда, ақынның қазақ поэзиясында ежелден қалыптасқан дәстүрді сақтауынан биік
межеге көтерілгендігін байқаймыз. Қазақ поэзиясындағы дәстүр ұласуы, әрбір ақынның өзіне
дейінгі поэтикалық мектепте кезеңдер қалыптастырған жыр үлгісі мен түрлерін заман талабына
сай жаңаша, жаңғырта түрлендіруі, бірақ негізгі сара жолды сақтай отырып, өзі бастан кешіп
отырған болмысын көрсете алуы – қаламгердің таланты мен ішкі интеллектуалдылығына тікелей
байланысты. Бұл ретте белгілі әдебиеттанушы ғалым Б.Наурызбаевтың: «Дәстүр қашанда ұлттық
сипатымен айқындалады. Ұлттық дәстүрдегі озық үлгінің бәрі жалпы әлемдік өреден үйреніп,
жетіліп, өрлеумен қатар, өзі де оны дамытып, байытып, молытып отырады. оның өзі бір жағынан
ұлттық әдебиеттердің әлемдік, жалпы адамзаттық өреге көтерілуі, сонымен байланысын аңғартса,
екінші жағынан ұлттық дәстүрі үнемі қозғалыста, өзгерту үстінде болатынын, сөйтіп оның –
дамудың ұйытқысы, жаңаның көзі екенін танытады. Сөйтіп әдебиеттегі дәстүр дегеніміз – жылдарды
өткеріп, әдеби даму үстінде қырланып, жұмырланып, сомдана түсіп барып, халықтың таразысынан,
көркемдік талғамынан, әдебиеттану ғылымы мен эстетикалық ақыл-ойдың мойындауы мен
жалпылауынан өтіп барып, кейінгі дәуірге, келер ұрпаққа көшіп отыратын идеялық-көркемдік
тәжірибе болса, жаңалық дегеніміз – әдебиеттің мазмұны мен түр жағынан жаңа көркемдік
жетістіктермен, прогрестік идеялармен, жаңа творчествалық әдістермен, жаңа геройлармен, жаңа
амал-тәсілдермен, көркемдеу құралдарымен жаңарып, молығып, толығып отыруы» [6, 45] деген
пікірінің біз айтып отырған шығармашылықта бой көрсетуі.
Н.Оразалин өлеңдерінің дәстүрлі ізденістерін осы пікірмен толық беттестіруге болады. Ол өз
шығармаларында өзіне дейінгі дәстүрлерді сақтай, жаңарта және кей тұстарда жетілдіре отырып,
сол арқылы өзі де ақындық келбетін орнықтырған қаламгер.
Н.Оразалин поэзиясындағы дәстүр жалғастығын көрсететін тенденциялардың бірі – Абайдан
бастап Мұқағалиға дейінгі төрт мезгілді өлеңге енгізудегі жаңа ізденістері.
Ақынның табиғат образын көркемдеп суреттей отырып, сол арқылы өзінің айтар ойымен
жеткізер идеясын да оқырман назарына ұсынады. Мына бір өлеңді оқып көрелік:
|