№ 3 (106) 2015
99
танымал тұлғалары бар ауқымды да күрделі әрі кемелденген әдебиетін айтамыз. Еділ-Орал (татар),
Башқұрт жұрты да өз халқын және әдебиетін Түркістаннан бөлек деп есептемеген. Осы аталған
жағрафияның жеке-жеке ұлттық әдебиеті ретінде қалыптасқан Қазақ әдебиеті, Қырғыз әдебиеті
т.б. іспетті сөз өнері Тұтас Түркістан әдебиетінің тармағы болып табылады. Яғни баламалы түрде,
Тұтас Түркістан әдебиетін тамыры терең, биік бәйтерек десек, ұлттық әдебиеттерді оның бұтақтары
ретінде түсіндіре аламыз [1, 24]. Түркістан әдебиеті деген танымымызды нақтылаған соң, аталмыш
әдебиеттің өкілдері де сәйкесінше анықталады. Демек, Түркістан әдебиетінің өкілдері деп, ауыз
әдебиетінен кейінгі авторлық танылудан бастап, шамамен VІ ғасырдан бүгінге дейінгі Хазар теңізі,
Ресей, Қытай мен Ауғанстан аралығындағы түріктердің мекен еткен көлемді жерінен шыққан
жыраулар, сал-серілер мен ақын-жазушыларды атаймыз. Біздің зерттеу нысанамыздың межесі ХХ
ғасыр басындағы Түркістан әдебиеті болғандықтан және азатшыл әдебиетінің болмысын ашып
беру үшін, осы кезеңдегі қаламгерлер арасынан Мағжан мен Фитрат ақындарды таңдап алдық.
Азатшыл ақын-жазушылар «Ресейдің отаршыл саясаты патша билігімен бірге күйреп, еліміз
азаттық алады» деп үміттенді. Сондықтан да Түркістан әдебиеті жаңа дәуірге тәтті үміт пен үлкен
сенім тудырған бостандық таңын жырлаумен аяқ басты. Түрік мұхтарияттары (Алаш, Башқұрт, Еділ-
Орал автономиясы, Түркістан мұхтарияты) шаңырақ көтерген соң болашаққа деген зор сеніммен
таза жеңіс жыры жырланды:
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді Алашты ешкімнің
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз.
Жасайды Алаш, өлмейміз,
Жасасын Алаш, жасасын! (С.Торайғырұлы) [2, 8].
Бірақ түркістандық қаламгерлердің бостандыққа деген шабыты ұзаққа созылмады. Түріктің
ұлттық автономиялары қарулы басқыншылықпен таратылғанан кейін жеңіс жырының орнын
қасіретке толы шығармалар алмастырды. Бұл кезде жазылған өлеңдерде Түркістанда белең алған
көңіл-күй, сенім мен күдік, саяси дүрбелеңнің қилы-қилы құбылулары аңғарылады. Әдебиет
тарихында бұрын-соңды кездеспеген саяси шиеленіс белең алды. Бұл дегеніміз, әдебиет арқылы
саяси мәселелер қозғалып, саясат арқылы әдеби жайлар қарастырылатын болды. Мұның бір
себебі де, ел қамын ойлаған ұлт көшбасшылары санатының әдебиетшілер қауымынан шығуы
еді. Сондықтан да отаршылдар әдебиетті қатаң бақылауға алып, өздерінің саяси мүдделері үшін
пайдалануды көздеді. Кеңестік саясат салдарынан сөз өнерінде таптық көзқарасқа сүйенген
кертарпа қағида туып, әдебиеттің табиғилығы жасандылықпен ауыстырылды.
Большевиктік билік орнаған алғашқы жылдарда Түркістан әдебиеті негізінен екі бағытта
дамыды: бірінші бағыттағы ақын-жазушылар бастапқы елшілдік позициясын жалғастырса
(Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Абдурауф Фитрат, Мағжан Жұмабай және Қасым
Тыныстанұлы т.б.), екінші бағыт өкілдері кеңестік биліктің теңдік уәделеріне иланып, ұлтшылдығын
кеңестік шындықпен жалғады (Абдулла Авлони, Абдулхамид Сүләймани (Чулпан), Сыдык Карачев,
Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлы т.б.). Екінші бағыттағы қаламгерлер кеңестердің патшалық
кездегі отаршылдықты жалғастырушылар екендігіне көздері жеткеннен кейін ғана бағыттарынан
теріс айналады. Сонымен қатар, екі бағыттағы азатшыл әдебиетшілер ел қамы үшін ұлттық мүдде
қағидатымен 1918-1919 жылдары большевиктермен «ымыраласу» қадамына да барды. Түркістан
әдебиетінің ұлтшыл бағытынан танбаған өкілдерінің ізінше жас азатшыл қаламгерлер легі келіп
қосылды, яғни жәдитшілдер мен алашшылдарға тілеуқор болып, ұлттың жоғын жоқтаған, салт-
дәстүрді, әлемдік тарих тәжірибесін құнттаған Х.Ә.Болғанбай, Қ.Кемеңгерұлы және С.Садуақасұлы
сияқты жас әдебиетшілер өсіп жетілді. Әдебиетшілердің саяси ұстанымы тұрғысында, жоғарыда
айтылғандай, түрлі бағытқа саралануын олардың тәуелсіздікке барар тарау-тарау жолдарда
оңтайлысын іздеген ізденістері ретінде бағалағанымыз жөн деп білеміз.
Тұтас Түркістан бірлігін қалыптастыру мен мұхтарияттыққа жету жолында қызмет еткен
азатшылдардың бірі – Мағжан Жұмабаев еді. Оның 1931 жылдан 1938 жылға созылған он жылдық
шығармашылық ғұмыры бізге беймәлім түрінде қалып отыр. «Ақын өмірінің соңғы жеті жылында
ешбір шығарма жазбады ма?» деген сұрақ әлі күнге дейін көпшілікті ойға салып келеді. Мағжан
|