Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
230
Публицистикалық стиль – функционалдық стильдердің бірі. Публицистикалық стиль қоғамдық
өмірдің алуан саласында, саяси, мәдени экономикалық қарым-қатынастарды көрсетуге қызмет етеді.
Публицистикалық стильдің тағы бір ерекшелігі – ұлттық әдеби тілдің толығуына зор ықпал етеді
әрі әдеби тілдің лексикалық-грамматикалық жүйелеріндегі даму ерекшеліктерін көрсете алады.
Публицистикалық стильдің негізгі мақсаты өмірдегі оқиғалар мен фактілерді бағалау,
философиялық дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан пайымдау мен түйін жасау болып табылады.
Жалпы көркем мәтіннің, публицистикалық және ғылыми мәтіндердің құрылысы мен
мақсаты зерттеу барысында даралана түседі. Осылардың ішінде газет мәтіні – семантикалық
құрылысы жағынан, функциясы тұрғысынан, мәтінді қабылдап-түсіну жағынан ерекшеленетін
публицистикалық стильдің бір түрі. Ол бұқаралық аудиторияға ақпарат таратып, жеткізудің ерекше
құралы ретінде танылып, автордың прагматикалық позициясын көрсетеді [1, 19].
Публицистикалық мәтін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі болып табылады. Бұқаралық
ақпарат құралдарының дамуына және мұндай құралдардың көпшілікке әсер етуінің тиімділігін
арттырудың қажеттілігіне байланысты коммуникация үдерісінде тиімділікті арттыру мен күтілетін
нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізетін тілдік бірліктерін таңдау мәселесінің өзектілігі арта түсуде.
Сондықтан публицистикалық мәтінді түзуші журналистер үшін қажетті ақпаратты тез әрі жемісті
жеткізуге және өзі алдына қойған мақсаттарға сәйкес әңгімелесушінің пікірін қалыптастыруға
септігін тигізетін тілдік құралдарын меңгеру қажеттілігі даусыз. Біздің ойымызша, мұндай құралға
тілдік стереотип жатады.
Сонымен публицистикалық стильдің хабарлама функциясы тілдің құрылымдық жүйесінің,
бейтарап сөздердің қабатын құрайды. Олар – ұлттық тілдің сөз байлығы, стандарт сөздердің
лексикалық қатарлар тізбегі. Мәдени коммуникацияда стилистикалық амал-тәсілдер хабарлама
жеткізу үшін ауызша және жазбаша тілмен берілетін шығарманың стилистикалық нормасы
жасалу қажеттігі бірінші орынға қойылады. Тілдің стилистикалық әсер ету және прагматикалық
мақсат ету функциясынан концептуалды сөздер, көркемдік тәсіл, сөйлем құрамы, сөйлемдердің
компоненттерінің құрылымдық ерекешеліктері айқындалып отырады. Хабарламалық және әсер ету
функциясының өзара ортақ қызмет бірлігінен сөздің экспрессивтігі және стандартты сөз үлгілері
публицистикалық стильдің негізгі стильдік базасын құрайды, оның жазылуын тездетеді және
қоғамдық қызметінің әмбебаптық ролін арттырады.
Публицистикалық стильдердің лексикалық қабатына қоғамдық өзгеру, мәдениеттің түрленуі,
спорт саласының дамуы, әлеуметтік топтардың көзқарасының өзгеруі, саясаттың құбылмалы
сипаты, экономикалық жағдай, халықтың тұрмыс-тіршілігінің көрінісі, әр түрлі топтарының пайда
болуы т.б. үлкен ықпалын тигізеді. Қоғамдағы әлеуметтік жағдай оның лексика – семантикалық
топтарының атауларын өзгертіп қана қоймай, стильдік сипатына әсер етеді.
Жалпыхалықтық тілдің және ұлттық әдеби тілдің сөздік қорымен арнаулы тілдік бірліктерінің
негізінде әр стиль өзінің стереотиптік тілдік бірліктерін қалыптастырады. Стилистикалық дайын сөз
оралымдарының бірі – стереотип. Стереотип – ұғымдық образ, ол адам санасында орныққан түсінік
пен құбылыстың ақиқаттылығы ретінде ассоциацияланып тұрады. Стереотип коммуникативтік
актінің контексінде жазылған белгілі жағдаятты анықтаудың көрінісі болып табылады әрі субьектінің
қызметінің әлеуметтік мәнін тұрақтандыруға арналған дайын тілдік құрылым болып табылады.
Тілдік стереотип коммуникация барысында екіжақты қызмет атқарады. Тілдік стереотип, бір
жағынан, жалпыға маңызды әрі жалпыға белгілі ақпаратты тез жеткізуге мүмкіндік береді, бұл
коммуникацияның сәтті өтуіне жәрдемдеседі. Екінші жағынан, қандай да бір себептермен өзінің
ақпараттық «жүгінен» айырылған тілдік стереотиптер де болады, бұл коммуникацияны қиындатады.
Сондықтан, біздің ойымызша, публицистикада коммуникацияны жүзеге асыру барысында тілдік
стереотиптердің қызметін қарастыруға негіз бар. Публицистикалық мәтіндердің міндеті, жоғарыда
айтылғандай, мәтін авторларының жаппай көпшілікке тиімді әсер етуі болғандықтан, тілдік
стереотип әсер ету тиімділігіне қандай жолмен ықпал етеді деген сұрақтың туындауы заңдылық.
Тілдік стереотип әлеуметтік стереотиптердің сөйлеуде актуалдануын көрсететіндіктен, біз әуелі
әлеуметтік стереотиптердің қоршаған әлемді тану мен адамдардың өзара әрекеттесуіндегі қызметін
айқындайтын боламыз. Әлеуметтік топтың алдыңғы ұрпақтың тәжірибесі негізінде қалыптасып,
индивид оны ой елегінен өткізбей-ақ қабылдаған тұрақты түсінік әлеуметтік стереотип ретінде
түсініледі.
Әлеуметтік стереотиптердің қалыптасу шарттарын қарастырайық. Қоршаған әлемді, оның
әлеуметтік жақтарын, осы әлемдегі адамдарды зерттей отырып, адам баласы оны өз санасында
бейнелейді және көз алдына келтіреді. Осылайша ол өзінің өмірлік тәжірибесін жинақтайды әрі
|