№ 3 (106) 2015
293
үш қырлы бас киімнің үлгісі көрсетілген [18, 14]. Сондай-ақ археолог Айман Досымбаеваның
зерттеуіндегі (Жамбыл облысы, Шу ауданы) Жайсан 26 тас мүсінінде «үш мүйізді» бас киім үлгісі
суреттелген. Ғалымның «Батыс түрк қағанаты» атты еңбегінде осы «үш мүйізді» мүсінге қатысты
біршама зерттеушілердің пікірлері келтірілген. Сол пікірлердің ішіндегі С.М.Ақынжановтың «үш
мүйізді» бас киімді мүсінді түсіндіруде «мүсіндердің екі мағыналық мәні: әйел жағынан арғы ата-
бабасының культін құрметтеу және шаманның бейнесі» деген жорамалы шындыққа жақын келеді
дейді
[19, 45].
Жоғарыда айтылған «о менің бұйра басты қасиетті анам» деп, Ұмай анаға сиыну
сөзі хакастарға бүгін ғана келмеген болар. Бұл сөз көне түрктерден тек осы елде ғана сақталып
қалған болуы әбден мүмкін. Бұдан шығар қорытынды барлық Орталық Азия халықтарында Ұмай
отбасы мен бала шағаның қорғаушысы, қамқоршысы кейіптегі культтік образ болып табылады.
Отбасының қамқоршысы саналған Ұмайды қадірлеу барлық түрктілдес халықтарда жиырмасыншы
ғасырға дейін жалғасып келді.
Қазақтарда Ұмайды кейбір кездерде «Май ана» деп те атап жатады. Мұндағы май сөзі отқа май
тамызу ғұрпымен байланысты болуы керек. Саян -Алтай халықтарында жарық беруші от құдайын
«от-ене» деп атайды. Ол отбасының қамқоршысы, жылулық пен жарық сыйлаушы, қара күштерден
қорғаушы және байлық пен табыс әкелуші деген ұғымға ие. Отбасының ырысын сақтау үшін От
құдайы от-ененің құрметіне үш қасық май тамызу саян-алтайлықтарда осы күнге дейін сақталған
[17,
159].
Сондай–ақ, қазақтарда үйленген кезде күйеу жігіттің де, келіннің де босаға аттарда үш
рет отқа май тамызу салты сақталып келуде. Саян -Алтай халықтарындағы От-Ене сөзінің түп
төркіні байырғы түрктерден бастау алса керек. От-ана (хакасша от-ене) ұғымы қазақтарда да бар,
ол - от-ана кейін от-ан, «отан» болып өзгерген болуы ықтимал. Оған халқымызда «отан от басынан
басталады», «отан-ана» деген мақалдар ел арасына кеңінен таралғандығын айта кетуге болады.
Ұлы Түрк қағанатының негізін салушы Бумын өзін ел-қаған, ал әйелін қатун деп жариялағанын
қытай деректерінен белгілі. Мұндағы «қатун» титулы ел анасы, отан анасы, яғни от-анасы деген
мағынаға саяды. Осындағы отан сөзінің түбірі «от» сөзінен шығып отырғанын аңғару онша қиын
емес. От әрі жарық әрі жылу беретін қасиетке ие болғандықтан оны анаға теңеу табиғи заңдылық.
Ал бүкіл адамзат ұғымында ана құшағынан ыстық әрі одан қымбат ешнәрсе жоқ.
Жер-Су – ортаңғы әлем. Орхон ескерткіштерінде кездесетін киелі ұғымдардың бірі – Ыдық Иер-
Суб (қасиетті Жер-Су). Қазақ аңыздарындағы Жер-Су туралы түсініктер арғы бабаларымыз Алтай
тауларынан шықты деген аңыздан бастау алады дейді М.Орынбеков [6, 150]. Сондықтан да Алтайды
тек қазақ халқы емес барлық түрктілдес халықтар құрмет тұтқан. Өйткені, Алтай тауларын Жер-
Судың, ата-бабалардың мекені деп түсінуінде еді. Мысалы, алтайлықтар, аңыз бойынша Алтайда
Сүт көлі бар, оның үстіне Алтын Бәйтерек өседі, біздің орта дүниемізді аспамен байланыстырады
деп ұққан [6, 151].
Ф.А. Сатлаевтың айтуынша Солтүстік алтайлықтарда Жер-Суды құрметтеу оның үшінде тау-
тасты қадыр тұту осы күнге дейін жалғасқан көрінеді. Мысалы, құмандыларда ата-баба культіндегі
тауларға әйел адамдардың жалаң аяқ, жалаң бас шығуларына және ол жерде таудың атын атауларына
әсте болмайды. Егер осы аталған тыйым бұзылса онда отбасына жамандық келеді деп сенген [15,
184]. Тувалықтарда киелі тауды қазіргі күнге дейін «Ыдық» (хакастарда - «Ызык») - «қасиетті» деп
атаған. Және осы ыдық сөзі көне Түрк жазба ескерткіштерінде де сақталған. Жалпы түрктердегі
Жер-Суды құрметтеудің негізгі бастауы адамның ризашылық сезімдерімен байланыстыруға болады.
Ежелгі түрктердің ұғымы бойынша бұл таулардың үңгірлерінде ата-бабаларымыз тұрған, ол біздің
алғашқы отанымыз, мекеніміз деп ұққан. Ол туралы М. Орынбековте «Жер мен Су адамдар үшін
дүниенің ортасында тұрған құрметті заттары болды. Ол адамдарды құтқарған, руды сақтап қалған
деп түсінілді, сондықтан да оған культтік мағынада қарады» дейді [6, 150]. Жер-Судың түрктерде
құрметтелуі туралы мынадай ой айтуға болады: ертедегі жаугершілік замандарда түрктерге
айналаның бәрі дұшпан болған, ол туралы тіпті Орхон жырларында шынайы баяндалады «жауымыз
айнала жыртқыш еді, біз жемтік едік» [5, 315]. Расында да тарихта небір аласапыран жылдарда ел
үшін, жер үшін қиян-кескі соғыстар болған. Әр қадам жер мен су түрктер үшін маңызды. Ол туралы
қытай жылнамалары да «түрктер судың тұнығы мен шөптің сонысын қуалап көшіп қонып жүреді»
дейді. Түрктерде әр рудың меншікті өз Жер-Суы болған. Р.Байымбетованың айтуындағы көне
түрктер дүниетанымындағы киелі Жер-Су ұғымы қазіргі қазақ тіліндегі туған жер, отан және белгілі
бір шекарасы бар мемлекеттік территория ұғымындағы балама ретінде болғандығын ескерткіштер
тіліндегі деректер толық дәлелдейді деуі [20, 71]. біздің пікірімізбен толықтай ұштасып жатыр.
|