Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
422
Ессіз тобыр оның мал-мүлкін тонап, болыс кеңсесінің 15 мың сом ақшасын талан-тараж етеді.
Билік тез арада бүлікті басып, Телқожаның мәйіті «шахид болған адам» ретінде Ишандар зиратына
қойылады [16]. Батырдың қазасы, оның Үргеніште жерленуі жөнінде Майлықожа ақынның мына
өлеңі аса құнды дереккөз деп білеміз:
...Түркістанда мекені
Көтеншілердің халқының
Үргеніште қалды сүйегі
Телқожа батыр алпының.
Талай жауды жайратып
Көрсеткен еді салқынын,
Егесіз көлдер тартылып
Қайраңы қалды артының... [4, 141-142 б].
Телқожаға туған жер топырағы бұйырмады. Әйтсе де өмірінің үштен екісін шет жерде өткізген
батыр туған елінен қол үзбеген. Оның өліміне дейін Үргеніш пен Түркістанның арасында ағайындық
барыс-келіс үзілмей, елде қалған ағайындарынан хабар алып тұрған. Сондай байланыстың денекері
болғандардың бірі «Жұман қақпаншы» атанған азамат. 1963 ж. 73 жасында Шардара ауданының
Сүткент ауылында қайтыс болған қақпаншының Түркістан мен Үргеніштің арасында байланысшы
болғандығын ауызша тарихнама жырдай етіп айтады [2, 93-95 б]. Жұман 1916 жылдан кейін
Үргенішке ат ізін салмаған. Одан кейінгі аламан-тасыр заманда ағайындардың байланысы мүлдем
үзіліп қалды.
ХХ ғ. бас кезінде Телқожаның жолдасы, қарақалпақ жырауы, бақшы Құрбанияз Тәжібаев
1864-1881 жж. Орта Азия мен Қазақстанда орыс отаршыларына қарсы күрескен қазақ халқының
даңқты ұлы Садық болыс туралы дастан жазған. Дастанның желісі алыс дәуірлерден бастау алып,
қаһарманның ата-тегі, оның Ақмешіт, Түркістан, Самарқанд, Жызақ, Бұхара мен Хиуа жерлеріндегі
отаршыларға қарсы ерлік күресі жырланады, сол сияқты Телқожаның тұлғасы Көрұғлы, Алпамыс
батырлармен қатар қойылып мадақталады.
Алпамыс сынды ұланым,
Телқожа батыр қайдасың?
Қоңырат руынан шыққан,
Алып палуаным қайдасың? [1, 30 б] – деген жыр жолдарынан ақынның батырға деген құрметі,
елдің сүйіспеншілігі аңғарылады.
Дастанның қаһармандық, отансүйгіштік идеялары кеңестік биліктің сұранысына сай
келмегендіктен оны ел арасында жырлауға, баспасөзде жариялауға тиым салынды. Түркі
халықтарының қаһарманы Телқожа батыр - Садық болыстың халықтың тарихи жадында осылай
тұлғаланды.
Қорыта айтқанда, Телқожа батыр Атығайұлы ХІХ ғасырдың ІІ жартысында патшалы Ресейдің
отарлық басқыншылығына қарсы қол бастап, тәуелсіздік үшін күрескен ұлтымыздың өжет
ұлдарының бірі. Телқожаның шоқтығын өзге қатарластарынан биік ететін қызметі – оның қазақпен
бірге өзбек, қарақалпақ, түркімен халықтарының тәуелсіздігі үшін де күрескендігі. Демек, Түркістан
қаласында туып, Түркістан өлкесінің азаттығы жолында күрескен Телқожа батыр Атығайұлы Отан
тарихында түркі халықтарының отарлыққа қарсы ұлт-азаттық күресінде қол бастаған күрескер
ретінде тұлғалануы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |