№ 3 (106) 2015
463
пайдаланбаған. Тудың сол жағындағы ою-өрнектер еліміздің қолөнерінен хабар береді. Еліміздің
өзіне сай ою-өрнек стилі бар екендігіне ешкім де қарсы шыға алмас. Сол стиль тек тарихи факті
болып қалмай, стилистика аясындағы жаңа туындылар ретінде лайықты жалғасын тапса құба-құп
болар еді. Мемлекеттің туы мен әнұраны ең көп қолданылатын символдар болып табылады: оларды
ресми шараларда, спорттық жарыстардағы марапаттау рәсімдерінде қолданады, т.б. Ту көтеру
мен әнұранды қою ұлылықты көрсету сипатына айналған. Әнұранның да басында әнұран ретінде
жазылмағанына қарамастан еліміздің сүйікті әні болғаны баршаға аян. Ол да ел ұлылығынан хабар
беріп отырады. Әуеннің әмбебап екендігі анық, ол да елді тануға мүмкіндік беретін құрал. Мысалға,
француздардың марсельезасын шатастырмай бірден тануға болады.
Елтаңба ел танытуға келгенде азырақ қолданылатын, алайда басқадан маңыздылығы аз
емес атрибут. Онда да ең алғаш көзге түсетіні – шаңырақ. Оның қазақ елі үшін қаншалықты
маңызды екендігі баршамызға мәлім. Тек соны басқалар көп біле бермейді. Шаңырақты да елді
ерекшелендіруге барынша қолдануға болады. Ол еліміздің бір шаңырақ астында тұрып бірлікте өмір
сүргісі келетінін білдіреді. Қанатты пырақ та қазақ мифологиясында жиі кездесетін жануарлардың
бірі. Жалпы жылқының қазаққа тән атрибуттарының бірі ғана емес, бірегейі екендігі айтпаса да
түсінікті. Осы үш атрибуттардан халқымызға қасиетті ұғымдардың біразын көруге болады, ел
брендінің бағыттарын осылар да көрсетеді. Алайда образдың толықтығы үшін тағы да қосымша
біраз атрибуттарды талдау қажет болады.
Қазақстан Республикасы. Мұндағы «стан» сөзі «жері», елі» дегенді білдіреді, сондықтан
Қазақстан сөзі «Қазақ елі» дегенді білдіреді» [4]. Бұл жерде әдейі Wikipedia сайтының Kazakhstan
мақаласынан келтіріп отырмын. Себебі, Қазақстан туралы білгісі келетіндер ең алдымен соған
жүгінеді. Ол бізге айдан анық болғанымен, ел-жұрт қолы жететін ақпараттан біледі. Ақпараттың ең
жақыны көптеген ел үшін интернет болып қалмақ. Сол жерде қазақстандықтар мен қазақтардың бір
ұғым емес екендігі айтылғанымен, барлық мақалаларында «қазақ» деген сөздер «қазақстандықтар»
деген сөзбен барабар қолданылады. Сол сайтта Қазақстан бөлімінде «Қазақ Ханаты» деген мақала
да бар екен. Бұл жерде Қазақ Хандығын айтса керек. Мақала авторының Қазақстан тарихынан аса
көп хабары болмаса керек. Конституциямызда анық жазылғандай, «Қазақстан Республикасы және
Қазақстан атауларының мәні барабар». Сонымен қатар қазіргі уақытта ҚР, kz, kaz қысқартулары да
кеңінен қолданылады. Kz және kaz атауларының жеке символға айнала бастағаны көрініп тұр.
Ресми емес символдары. Бұл қазаққа тән символдарының бірі болуы қажет. Әлем тарихын-
да ең көп тараған тәжірибе – жануарлар бейнесін пайдалану. Бұл жағынан біздің де тәжірибеміз
жеткілікті. Мысалға, төрт түлік. Қазақ бұл малдарды өте қастерлейді, әрқайсысының жеке пірі бар
деп есептейді. Алайда оның ішінде де жылқы мен қойдың орны бөлек екендігі анық. Қазіргі за-
манда жылқының Қазақстан символдарының біріне айналғаны анық. Жылқыны ежелгі Қазақстан
жерінде алғаш қолға үйретілуі осының себептерінің бірі. Әрине көшпенді халық үшін оның
қаншалықты маңызды екендігін бәрі де біледі. Оның үстіне әлем халқы да жылқыны аса құрмет
тұтады. Сондай-ақ жоғарыда айтылған бүркіт те ел символикасында кең қолданысқа ие болған.
Алайда, әлемнің көптеген елдерде бүркітті қыран құс, еркін құс деп танығанымен, оны аңшылық
мақсатында үйретіп қолдануға болатынын көп жұрт біле бермейді. Сол себепті бүркіт қана емес,
бүркітші де қазақ елінің символына айналуы тиіс. Осы мақсатта атқарылуы тиіс шаруа жеткілікті.
Жетістіктер де аз емес: әлемдегі жалғыз бүркітші музейі елімізде орналасқан, теледидардан да
соңғы кезде бүркітшілерді жиі көрсете бастады. Әлемде мұны мойындай бастады. Бүркітшілік та-
рихшы ғалымдардың пайымдауынша осыдан 7000 жылдай бұрын пайда болған. Ол жөнінде бізде
де, дүниежүзілік баспаларда да жазылып жүр. 2007 ж. шілде айында Англияда өткен дүниежүзілік
қүсбегілер фестивалінде бүркітшіліктің қара шаңырағы деп Қазақстан мен Қырғызстан танылаты-
нын фестивальға қатысушылардың барлығы атап өтті. Аталған фестивальда Қазақстаннан барған
қатысушыларға фестивальдің шешуші күнінде ашу құрметі, яғни шеруді бастап шығу ұсынылып,
Қазақстанның көкбайрағы Англия аспанына көтерілді. Дүние жүзі құсбегілерінің деншілігі,
яғни, бүркітшілері Жалайыр Шора бабаны бүркіттің пірі деп танитындарын айтып жүрді. Және
де қазақ бүркітшілерінің шеруді бастап бара жатқан фотосуреті The Times газетінің алғашқы
бетінде жарияланған. Осы бүркіт пен жылқы қазақтың басты символдары. Алайда, бұлардан басқа
елбасының ұсынуымен қар барысы да қазақ елінің символына айналғанын бақылауға болады. Оны
көп жерлерде қолданылады: темір теңгелерде, архитектуралық ескерткіштерде т.б. Оның көбіне
қазақ жерінде ғана тарауы осы жағдайға демеу болғаны анық. Жалпы, әлем жұртшылығында
жыртқыш аңдарды символ ретінде пайдалану кеңінен тараған әдет. Мұның логикалық себебі де
бар – жыртқыш аң еркіндікті, сол еркіндікті қорғап қалуды және күш-қайратты, қайсарлықты
|