«Интеллект», «қабілеттілік», «дарындылық», «талант» ұғымдарының мән-мағынасы
Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру, интеллектуалды әлеуетті арттыру негізгі стратегиялық міндет болып табылады. «Интеллектуалды ұлт-2020» атты ұлттық жобаның басты идеясы – Қазақстандағы халықтарға жаңа үлгідегі тәрбие беру ісімен, Қазақстанды бәсекеге қабілетті адам капиталы жоғары деңгейдегі елге айналдыру бағытымен байланысты.
«Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасы үш бағытты қамтиды: қоғамды инновациялық тұрғыда дамыту, ақпараттандыру және рухани құндылықтарды қалыптастыру. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, рухы жоғары білімді тұлғаны қалыптастыру, сол арқылы қоғамды дамыту. Демек, рухы күшті тұлға мен ұлтты, қуатты мемлекетті қалыптастыру мәселесінің бүгінгі қоғамның алдында тұрған негізгі міндет болуы заңдылық.
Зияткер ұлтты қалыптастыру ол адами капиталдың дамуымен, зияткерлік әлеуетті қалыптастырумен тікелей байланысты.
Зияткерлік әлеует – зияткерлік іс-әрекеттің барлық түрлерін, оның субъектілерін, ғылымды, білімді, жаңашылдықты біріктіретін интегративті ұғым, ең алдымен, қоғамның зияткерлік ресурсы болып табылатын үздіксіз білім беру жүйесінде (мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім, негізгі орта білім, жалпы орта білім, техникалық және кәсіби білім, арнайы білім, жоғары білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білім қалыптасады
Әлемдік деңгейдегі технологиялардың дамуы барысында білім беруге деген көзқарас тың арнада, білім беру парадигмасына жаңаша қарау мәселесі негізгі орында. Білім беру жүйесі тек педагогикалық категория емес, бұл адами капиталдың дамуына орасан зор ықпал ететін қоғамдық құбылыс ретінде қарастырылады.
Сондықтан әлемдік білім стандарттарына мектеп пен жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің білім сапасын сәйкестендіру мәселесі қазіргі таңда негізгі орында тұр. Себебі, барлық әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің тетігі болып табылатын жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуы осы ортада қаланады. Демек, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін білім беру саласының барлық құрылымын модернизациялау қазіргі қоғамның өркениетті дамуын қамтамасыз ететін басты тетік болып отыр.
Білім алушылардың интеллектуалды тұлғасының қалыптасуын анықтайтын базалық ұғымдар «интеллект», «тұлғаның интеллектуалды әлеуеті», «интеллектуалды тұлға», «интеллектуалды ұлт» туралы ұғым болып табылады. Олардың мазмұны алдарыңыздағы слайдта ашып көрсетіледі.
«Интеллект» латынша «intellectus» деген сөзден аударғанда «ақыл», «ақыл-парасат», «түсінік», «таным», «ойлау қызметінің жоғарғы типі» деген мағынаны білдіреді. Ғылыми тұрғыдан алғанда интеллект төмендегідей мағыналарда қарастырылады:
1) индивидтің ақыл-ой қабілетінің тұрақты құрылымы;
2) белгілі бір мәселені танып білу және оны шешуге қатысты адамның жаңа өмірлік жағдайларға (міндеттерді шешу барысындағы мінез-құлық сипаттарының жинағы ретінде) бейімділігі мен кез келген іс-әрекеттің табыстылығын анықтайтын индивидтің танымдық үдерістерінің өзгеретін жүйесінің (ойлау, сезіну, қабылдау, жадына сақтау, қиялдау, елестету және т.c.с.) және басқа қабілеттері негізіндегі жалпы қабілет;
3) индивидтің барлық таным функцияларының жиынтығы: түрткі мен қабылдаудан ойлау мен қиялға дейін, таным іс-әрекеттерінің негізгі формасы.
Зияткерлік – адамның табиғат берген ой, сана, тану, ақыл, парасат секілді қасиет-қабілеттерін оқу, білім алу, тәжірибе жинақтау арқылы жетілдіруі, оны өзін және қоғамды дамыту үшін және жаңа жағдайларға сай бейімдеп қолдана алу қабілеті.
Бүгінгі қоғам сұранысының негізі – Зияткер тұлға – өмірдің кез-келген ағымында пікірлесе алатын, жаңашыл-шығармашылық тұрғыда өзіндік білім алуға дайын, интеллектуалды қабілеті дамыған тұлға. Зияткер ұлт – интеллектуалды тұрғыдан адамгершілік, мәдени қасиеттерді меңгерген өзінің ғылыми, мәдени, білімі мен білігін еркін тарату әлеуетіне ие бәсекеге қабілетті ұлт.
Орыс психологы А.Ф. Лазурский адамның интеллектуалды белсенділігін зерттей келе, оның үш деңгейін анықтаған:
Төменгі деңгей. Индивид ортаға бейімделмеген, оның әлсіз психикасын орта басып тастайды;
Орташа деңгей. Адам ортаға тез бейімделеді, және өзінің ішкі психологиялық ахуалына сәйкес өзіне лайықты орнын табады;
Жоғарғы деңгей. Қоршаған ортаны өзгертуге деген құлшыныспен сипатталады.
Қазіргі таңда интеллект ұғымы – адамның таным үдерісін атқару және мәселелерді тиімді шешу, өмірлік міндеттерді анықтау қабілеті деп түсіндіріледі. Осыған орай академик Н.Н. Моисеев интеллект деп адамның мақсат қоя білуін, өз ресурстарын жоспарлау және мақсатқа жету стратегияларын құра білуі деп түсіндіреді.
Интеллект ұғымы адамның қабілеті ретінде түсіндірілсе де, ол басқа қабілеттер арқылы іске асырылады: таным, оқу, логикалық ойлау, талдау арқылы ақпараттарды жүйелеу, олардың қолдану аясын анықтау, заңдылықтары мен ерекшеліктерін табу, ұқсас ақпараттармен салыстыру т.с.с. Адамның интеллектісінің маңызды сапаларына оның талаптылығы, ойының тереңдігі, жылдамдығы, логикалық ойлау, ойлаудың дәлдігі, сын тұрғысынан ойлауы, ойының кеңдігі, интуицияның дамығандығы жатады. Интеллект феноменін толық түсіну үшін оны көпдеңгейлі құрылым ретінде қарастыру керек. Себебі оны генетикалық, әлеуметтік, іс-әрекеттік, феноменологиялық т.б. тұрғылардан қарастыруға болатыны белгілі. Осы тұрғыларға сәйкес интеллекттің көпдеңгейлік құрылымын көрсететін мынандай анықтамаларын атап өтуге болады:
әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда интеллект – әлеуметтенудің және тұтас мәдениеттің ықпалының нәтижесі;
генетикалық тұрғыдан, интеллект – адамның қоршаған әлеммен табиғи жағдайда әрекеттесу талаптарына бейімделу салдары;
процессуалды-іс-әрекеттік тұрғыдан, интеллект – адам іс-әрекетінің ерекше формасы;
дидактикалық тұрғыдан, интеллект – мақсатқа бағытталған оқыту үдерісі;
ақпараттық тұрғыдан, интеллект – ақпаратты өңдеудің элементарлық үрдістер жиынтығы;
феноменологиялық тұрғыдан, интеллект – сана мазмұнының ерекше формасы;
құрылымдық-деңгейлік тұрғыдан, интеллект – түрлі деңгейдегі танымдық үдерістер жүйесі;
регуляторлық тұрғыдан, интеллект – өзін-өзі түзету факторы.
Ал қазіргі таңда кәсіби білім беру саласында интеллекттің төрт негізгі түрі маңызды болып табылады. Интеллекттің түрлері: жалпы, әлеуметтік, эмоционалдық, тәжірибелік интеллект.
Достарыңызбен бөлісу: |