Жағымды өнеге көрсету әдісінің негізінде еліктеу жатыр. Еліктеу жоғары мұратқа қол жеткізетін жаңа іс-әрекет түрін қалыптастырады. Еліктеу арқылы жастардың әлеуметтік-адамгершілік қалыптары мен қоғамдық әрекеттері қалыптасады. Оқушының жас ерекшелігіне, әлеуметтік-адамгершілік тәжірибесіне, сана-сезіміне қарай еліктеу әрекеті өзгеріске ұшырайды. Бастауыш сынып оқушысы сырттай байқаған нәрсесіне еліктесе, жас жеткіншектердің еліктеуге өзіндік көзқарасы пайда болады. Жастық шақ кезеңінде еліктеу мүлде өзгеріске түседі. Ол кезеңде тәрбиеленуші еліктеуге саналы және сындарлы көзқараспен қарайды.
Қазіргі педагогикада әдістер жүйесінің ондаған жіктемелері бар, олардың кейбіреуінің теориялық немесе практикалық жағынан маңызы басымырақ. Тәрбие әдістерін жіктегенде, әдістердің маңызды және жалпы жақтары ескеріледі. Тәрбие әдістері сипатына қарай сендіру, жаттығу, талап қою, мадақтау, жазалау болып бөлінеді.
Ал жалпылама классификация жүйесіне сендіру, іс-әрекетті ұйымдастыру, оқушының тәртібіне ықпал ету әдістері жатады.
Тәрбие әдістерін нәтижесіне қарай екі топқа бөлуге болады:
1. Адамгершілікті қалыптастыруға бағытталған мотивтер, қатынастар, түсініктер, идея тудыратын әдістер.
2. Әдептілікті және тәртіптілікті қалыптастыратын әдістер.
Тәрбие әдістерінің Г.А.Щукина жасаған жіктемесі кешенді сипатқа бағытталып, тәрбие әдістерінің мақсаттық, мазмұндық, әдістемелік жағын қарастырады. Осыған орай, тәрбие әдістері үш топқа бөлінеді:
Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері–сендіру (әңгімелеу, түсіндіру, түсініктеме беру, дәріс, этикалық әңгіме, иландыру, нұсқау беру, пікірталас, баяндама, үлгі көрсету).Іс-әрекет және қоғамдық тәртіп тәжірибесін қалыптастыратын әдістер–жаттықтыру (жаттықтыру, үйрету, педагогикалық талап қою, тапсырма беру, тәрбиелік жағдай тудыру).
Тәртіпке, іс-әрекетке түрткі тудырып, ынталандыратын әдістер – (жарыс, мадақтау, жазалау).
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
Тәрбие әдістері туралы түсінікті және оны жіктеу негіздерін айтыңыз?
Г.А.Щукинаның тәрбие әдістерінің жіктемесінің негізі не?
Оқыту әдістеріне түсінік беріп, оқыту әдістерінің жіктемелерін айтыңыз.
Сабақтан тыс уақытта қолданылатын тәрбие әдістерінің ерекшеліктері қандай?
Жеке тұлғаның санасын қалыптастырудың қандай әдістерін білесіз?
Әңгімелеу, әңгімелесу, түсіндіру, дәріс әдістерінің мәні неде?
Пікірталас, сендіру, жағымды өнеге көрсету әдістерінің мәні қандай?.