Жаттықтыру әдісі үйретумен тығыз байланысты. Мектеп өмірінде оқушы бойында қалыптасқан қоғамдық қатынастарының беріктігі көрініс береді. Педагог кез-келген жағдаяттан шығудың тиімді жолдарын қолдана біледі. Жағдаяттағы қайшылықты тез тауып, оның себептерін айқындап, шешім қабылдауына болады. Бірақ та ойлы педагог өз тарапынан оқушыға ықпал етіп, шешім қабылдау жағдаяттарын ұсынуы да мүмкін. Оны тәрбиелік жағдаяттар, ситуациялар деп атауға болады.
Тәрбиелік жағдаяттар да өз мәнінде жаттықтыруға жатады. Бұл жағдайда оқушы түрлі варианттардан өзі таңдауы бойынша шешім қабылдауы тиіс: өзіне берілген мүмкіндікті пайдалануы басқаға өз орнын беруі, пікірін айтпауы, шындығын айтуы немесе «білмеймін» деп жауап беруі. Мұғалім ұсынған жағдаят, яғни ситуацияда оқушы өз ойында түрлі варианттардың шешімін ойластырып, сол жағдайға байланысты өз шешімін айтуға мәжбүр болады. Мұғалім ұсынған ситуация оқушылардың адамгершілік қылықтарын тек ақылмен ғана емес жүрек, сезім тарапынан да шешім қабылдауын талап етеді.
Педагогикалық талап қою әдісі. Оқушыны дамытудағы мұғалім тарапынан қойылатын талап біртіндеп оқушының өзіне-өзі талап қою жауапкершілігіне айналуы тиіс. Талап қою педагогикалық үдерістің ішкі қайшылықтарын, оқушылар тәртібін, қарым-қатынасын ашып көрсетіп, оны жетілдіруге ықпал етеді. Талап қою әдісі тікелей және жанама болып екіге бөлінеді.
Ұжымдық пікір ұжымдық талаптан пайда болады. Тәжірибелі педагог ұжымның бағасын, талқысын, ұжымның талабын, қоғамдық пікірін белсенді тәрбиелік күш ретінде қолдана алады. Талап қою мектептің ішкі ережесімен, білім, білік, дағды өлшемдеріне сәйкесуі абзал.
Семинар тақырыбы.Тәрбие құралдары, әдістері, формалары педагогикалық үдерістің қозғаушы тетігі.
Мазмұны. Тәрбиенің мақсаты, құралдары, әдістері, ұйымдастыру формаларының өзара байланысы. Тәрбие жұмысының негізгі формасы – сынып немесе тәрбие сағаты. Сынып сағаты оқушылардың дүниетанымын, мәдениетін, іс-әрекетін қалыптастырудағы маңызы. Сынып сағатының ағартушылық, бағыттаушылық, болжамдық және қалыптастырушылық қызметтері.