Қазақстан республикасы білім жіне ғылым министрлігі



бет5/17
Дата15.02.2022
өлшемі178,5 Kb.
#25545
түріРеферат
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
Серікова Арайлым дипломдық жұмысы

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ .......................................................................... 71

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ тіл біліміндегі сын есім арнайы сөз табы ретінде өткен ғасырдың ХХ жылдарынан бастап зерттеліп, танытыла бастады. Оған дейін көбінесе орыс, татар ұлтынан шыққан түркітанушы ғалымдар түркі тілдеріндегі сын есім категориясын түркі тілдері грамматикасына қатысты еңбектерінің арасына қосып, зерделеп, оның жеке сөз табы бола алатын мүмкіндігі мен бұған қатысты түйткілдерді де ашық айтып көрсеткен болатын. Мәселен, М. Казем-бек түркі-татар тілдерінің грамматикасына арналған еңбегінде сын есімге қатысты көптеген мысалдар келтіріп, олардың грамматика саласында алатын орнына қатысты ғылыми тұжырымдарын жеткізді. Казем-бек өзінің еңбегінде сын есімнің шырайларына да тоқталып, оларды жай шырай, салыстырмалы шырай мен күшейтпелі шырай деп көрсетті. Казем-бектен кейін түркі тілдеріндегі сөз таптары мәселесі А.Н. Кононов, Н.К. Дмитриев, И.А. Батманов т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылды. И.А. Батманов сын есімнің кейде заттанып, зат есімнің функциясын да атқара алатынын ескерте отырып, оның дербес сөз табы бола алатындығын көрсетті. Ал профессор А.Н. Кононов болса, түркі тілдес халықтардың көбісінде кездесетін «-рақ» жұрнағының қазіргі Түркияда тіршілік ететін түрік халқының тілдік жүйесінде кездеспейтіндігін тілге тиек ете отырып, түркі тілдерінде сын есім жоқ деген көзқарас білдірген еді. Сын есімнің «-рақ», «-рек» жұрнағы М. Казем-бектің еңбегінде де басым түрде қозғалған. Дегенмен бұған қарап, түркі тілдерінде оның ішінде қазақ, өзбек, қырғыз тілдерінде сын есім категориясы жеке сөз табы бола алмайды деу қисынға келмейтін еді.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының арасынан тілдің дыбыс жүйесін, грамматикасын зерттеп, арнайы зерттеу тақырыбына айналдырған ғалымдар шыға бастады. Олардың басында ұлт ұстазы атанған, қазақ тілтану саласы мен әдебиеттану ғылымының негізін салған Ахмет Байтұрсынұлы тұратыны сөзсіз. А. Байтұрсынұлы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары сан мәрте басылып, қазақ халқының сауатын ашу мақсатына қызмет еткен «Тіл–құрал» деген маңызды еңбегінде сын есім мәселесін арнайы зерделеген. Ол сын есімнің екіге, тек сыны, сыр сыны деп бөлінетіндігін көрсетеді. Бұл қазіргі қазақ тіліндегі сапалық сын есім, қатыстық сын есім деп жүйелеуге жақын келеді. Ғалым сын есім жайлы мәліметтерді бергеннен кейін оқушылардың оны ұғынып, меңгеруіне жол ашу үшін арнайы тапсырмалар береді. Сонымен қатар А. Байтұрсынұлы сын есім тудыратын жұрнақтардың қызметіне арнайы тоқталып, оларды мысалдармен жазып көрсетеді. Оның еңбегінде көрсетілген кейбір мәселелер ескіргеніне қарамастан, бұл кітап ХХ ғасырдың басындағы қазақ тілінің зерттелу, таныстырылу деңгейін көрсетуде үлкен маңызға ие. Сонымен қатар А. Байтұрсынұлы қалыптастырып орнықтырған тіл біліміне қатысты терминдердің әлі күнге дейін қолданыста болуы оның еңбегінің өлшеусіз екендігіне айғақ бола алады. А. Байтұрсынұлымен қатар бұл салада Қ.Жұбанұлы да барынша қызмет етті. Қ. Жұбанұлының «Қазақ тілінің грамматикасы» деген кітабында сын есім туралы да кеңінен сөз болған. Қ. Жұбанұлы сын есімнің заттану құбылысына да назар аударады. Оған сәйкес, көптеген есім сөздер жіктелу, септелу, тәуелдену мен көптелу барысында заттанып кетеді. Бұл тұрғыдан Қ. Жұбанұлының да, А. Байтұрсынұлының да ойлары бір жерден шыққан. Қ. Жұбанұлы сын есімнің заттану үдерісінің көбінесе ауызекі стильге, жыраулар поэзиясына, мақал-мәтелдерге, яғни поэтикалық тілге тән болып келетіндігін алға тартады. Әрине, ғалым кейбір мәселеде А. Байтұрсынұлының сын есімді классификациялануына қатысты сындарын айтады, бірақ бұл сынның қазақ тілінің дамуын көздеген шынайы жанашырдың сыны екендігі байқалады. Қ. Жұбанұлы сын есім мен зат есімді айыру мәселесінде тек А. Байтұрсынұлын ғана емес, Т. Шонанұлын да сынаған болатын. Т. Шонанұлы өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлерімен қосылып, жаппай сауат ашу ісіне белсенді қатысқан ағартушы. Ол негізінен қазақ тілін үйретудің, оқытудың әдістемесіне қатысты еңбектер жазған. Бұлар, атап айтқанда, «Үлкендер үшін қазақ тілінің оқулығы», «Қазақ тілі. Грамматика мен емле», «Жаңалық (әліппе)», «Жаңалыққа жетекші», «Емле мен оқу» және «Үлкендер үшін қазақ тілінің оқұулығы» әдістемелік оқу құралдарынан тұрады. Әсіресе оның қазақ тілінің емлесіне байланысты іргелі ойларын айта отырып, сын есімнің мәселесін де қозғауы бүгінгі қазақ тілінің стилистикасы үшін де қажетті. Мәселен, оның «-лық», «-лік», «-дық», «-дік» қосымшаларының көбінесе басы артық екендігін ескерте келіп, оны тезірек шешіп алу керектігін ескертуі қазіргі кезде баспасөз бен іс-қағаздары стиліндегі осыған қатысты қателіктерді сараптауға оң әсерін тигізетіндігі даусыз. Өкінішке орай, Кеңес өкіметінің қанқұйлы саясатының кесірінен осы ең маңызды үш тілтанушы ғалым құрбан болып кеткендіктен, олардың көтерген өзекті мәселелері әрі қарай жалғасын таппай қалды. Бірақ 1930-1980 жылдардағы қазақ тіл білімі саласында еңбек еткен Ғ. Мұсабаев, С. Исаев, А. Ысқақов сияқты ғалымдар сын есімнің жеке сөз табы ретінде қалыптасуына, олардың сөйлем мүшесі ретінде атқаратын қызметіне, өзара жіктелуіне назар аударып, көлемді монографиялар мен диссертациялардың арқауына айналдырды. Ғ. Мұсабаевтың «сын есімді негізгі сөз табы» деп көрсетіп, оны ең бастауынан бастап зерделеуі сын есім саласында ғылыми тұжырымдардың қалыптасуына ықпал етті. Ғалым сын есім мен оның шырайлары мәселесінде тұшымды ойлар айта білді. Дәл сол сияқты С. Исаев та «Қазақ тілі» деген еңбегінде сын есімді басқа сөз таптарынан ерекшелеп тұрған алты түрлі қасиетін көрсетеді. Оның құрамы жағынан негізгі және туынды болып екіге бөлінетіндігін келтіреді. Профессор А. Ысқақов өзінің зерттеуінде сын есімнің шырайларына назар аудара отырып, олардың жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай түрінде төртке бөлінетіндігін айтқан болатын. Ол шырай жұрнақтарының бірінің үстіне бірінің жалғанып келе беретіндігін дағдылы құбылыс деп есептейді.

Аталмыш ғалымдардан басқа Кеңес кезеңінде Ж. Шәкенов, Ә.Төлеуов, М. Томановтар қазақ тілінің тарихи грамматикасы құрамындағы сын есімнің орны мен маңызын көрсетуге айрықша еңбек сіңірді. Ж. Шәкенов «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім» категориясы деген еңбегінде сын есімнің синтаксистік, яғни сөйлем мүшесі ретіндегі функциясын талдап көрсетеді, шырайларын жіктейді. Ал М. Томановтың «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты екі томдық зерттеуінде көне түркі тілдерінің құрамындағы сын есім категориясының көрінісін пайымдайды.

Ұлттық тіл білімі қалыптасқаннан кейін қазақ тіліндегі сын есім жаңа биікке көтеріліп, бұл салада бірқатар зерттеулер жасалды. Осының өзі қазақ тілінде сөз таптарын зерттеу, оның ішінде сын есімді зерделеу және таныту мәселесінің маңызды орын алатындығын дәлелдейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет