Жұмыстың өзектілігі. Кез келген тілдің грамматикалық категорияларының ішінде сөз таптары айрықша мәнге ие. Олардың бір-бірінен ажыратылуы, функциясы, қосымшалар жалғанған кездегі өзгеріске ұшырауы, сөзжасам үдерісіне қатысуы көптеген зерттеулер нысанына айналған. Ал сөз таптарының ішінде сын есімнің үлесі үлкен екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сын есімнің негізгі және туынды түрлерін, сапалық және қатыстық сын есімді анықтап, сөз тудыратын қосымшаларын айқындау тіл байлығын арттыра түсетін айғақ бола алады. Қазақ тіл білімінде сын есім ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейін зерделеніп, бағаланып, танытылып қойған еді. ХХ ғасыр басындағы қазақ тілтанушы ғалымдары сын есімді оқу-ағарту саласымен байланыстыра отырып зерттесе, бұл үрдіс Кеңестік кезеңде ғылыми сипат алды. Ғ. Мұсабаев, Ж. Шәкенов сын есімді дербес сөз табы тұрғысынан бірінші рет толық зерттесе, А. Ысқақов, Ә. Төлеуов сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтарын арнайы қарастырып, оның түрлі жасалу үлгілерін көрсеткен. Түркітанымнан А.Казем-бек, Н.К. Дмитриев сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтарын арнайы қарастырып, оның түрлі жасалу үлгілерін көрсеткен. Біздің жұмысымыз олардың сын есімге қатысты көзқарастарына, ғылыми тұжырымдарына назар аударатындықтан, өзекті сипатқа ие.