Тоқтамға келгіштік дегеніміз адамның қиын-қыстау кезеңдерде қажетті шешімдерге келіп, оны жүзеге асыруға қабілетінің болуы. Тез тоқтамға келу үшін адам асығып-аптықпайды. Бұл әрбір істі ой таразысына салуды қажет ететін қасиет. Тек осындай жағдайда ғана адам алдындағы ісін дұрыс бағалап, жоспарлай алады, өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдаланады. Басқалардың ақыл-кеңесін тыңдау, ақылға салу, өзін тежей алу, қателерді көре білу - тоқтамға келгіш адамға тән қасиеттер.
Табандылық
Мінез-құлықты ұзақ уақыт бойы белгілі бір мақсатқа сай бағыттап, бақылап отыру қабілетінен көрінетін жеке адамның еріктік қасиеті. Табанды адам жағдайды дұрыс бағалайды, одан мақсатқа жетуге көмектесетін нәрселерді таба біледі. Ол қиындықтан тайсалмайды, тап болған күдікке, тағылған кінәларға мойын ұсынып берілмейді.
Ұстамдылық
Ұстамдылық дегеніміз адамның оқыс қимыл-қозғалыстан, орынсыз сөйлеуден, босқа күйіп-пісуден бойын тежей алу қабілеті. Ұстамды адам әр кез терең ойланып, ағат істерге бара бермейді. Мұндай адам өзінің бар күш-жігерін тек алдындағы мақсатын орындауға ғана арнап отырады. Ұстамдылық, өзін-өзі меңгере алу - адамның төзімділік, шыдамдылық, батылдық сияқты ерік сапаларымен тығыз байланысып жатады. Адам осындай қасиеттердің арқасында ғана өзін нағыз ерлерше ұстай білуге үйренеді, өзін қорқу сезіміне билетпей, көңілге алған ісін қажетінше істеп шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |