Әділет министрінің
2018 жылғы « » _______
№ ____ бұйрығына
1-қосымша
Селекциялық жетiстiктерге арналған өтінімдерге алдын ала сараптама жүргізу қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
Осы Ережелер «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шiлдедегi Заңының (бұдан әрi – Заң) 3-1-бабы 2-тармақ 2) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және селекциялық жетiстiктерге арналған өтінімдерді ресімдеуге, беруге қойылатын талаптарды және олар бойынша алдын ала сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережелерде мынадай негiзгi ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:
1) селекциялық жетiстiк авторы (селекционер) (бұдан әрi - автор) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсiрiп шығарған жеке адам;
2) селекциялық жетiстiк - адамның шығармашылық қызметiнiң нәтижесi болып табылатын өсiмдiктiң патент берiлген жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы;
3) мемлекеттiк комиссиялар - агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы;
4) өтiнiм – селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм;
5) конвенциялық өтінім – 1961 жылғы 2 желтоқсандағы Селекциялық жетiстiктердi қорғау жөнiндегi халықаралық конвенцияға сәйкес берілген өтінім;
6) өтiнiш берушi - селекциялық жетiстiкке патент беруге өтiнiм берген жеке немесе заңды тұлға;
7) патент иеленушi - патенттiң иесi;
8) селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсiмдiк сорттарының мемлекеттiк тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының патенттер берiлген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттiк тiзiлiмi;
9) бюллетень - селекциялық жетiстiктердi қорғау мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдiк басылым;
10) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;
11) сараптама ұйымы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым;
12) ДЗМҰ – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, зияткерлік меншік саласындағы халықаралық саясатты қамтамасыз ететін және реттейтін халықаралық ұйым.