Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарның қауымдастығы



бет6/94
Дата21.11.2022
өлшемі1,55 Mb.
#51508
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   94
Эмпиризм - танымның негізінде тек тәжірибе және сезімдік түйсіктер жатыр деп санайды. Оның негізін салған Ф.Бэкон: «білімнің қайнар көзі - тәжірибе», - деді.

  • Рационализм - (лат. ratio - ақыл) танымның негізі ақыл деп санайтын философиялық ағым. Ол танымның басты қаруы, сонымен бірге ақиқаттың өлшемі. Болмыстың, танымның, моральдің де негізі - ақыл. Рационализмнің негізі - антикалық философияда (Парменид, Платон, т. б. жасалады, ал философиялық бағыт ретінде ол Жаңа Заманда қалыптасты. Оның өкілдері - Декарт, Спиноза, Лейбниц. Рационализмге иррационализм де, сенсуализм де (эмпиризмде) қарсы тұрады.

  • Сенсуализм (лат sensus- сезім) - танымның көзі сезім (түйсік), ол ақиқаттың өлшемі деп санайды. Сенсуализмнің негізі антикада (Демокрит, Эпикур) ерекше бағыт ретінде Жаңа Заман философиясында қалыптасты (материалистік сенсуализм - Гоббс, Локк, Дидро, т. б.) идеалистік сенсуализм - Беркли, Юм,т.б. Ағартушылық дәуірде рационализм мен сенсуализм философияда өте маңызды рөл атқарады.

  • Иррационализм (лат. irrationalis - ақылсыз, санасыз, ақыл жетпейтін) - философиядағы ағым, танымда ақыл күшін мойындамайды, оған тіпті шек қояды, сонымен болмыстың мәніне ақылдың жетпейтіндігін уағыздайды. Иррационализмге субъективтік-идеалистік ілім жатады, М: Өмір философиясы (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Шпенглер), экзистенциализм (Сартр, Камю, Хайдеггер, т.б.) және басқалар.

    Диалектика және метафизика. Болмыстың мәні өзгермейтін, тұрақты, қозғалмайтын немесе құбылмалы әрі жылжымалы бола ма? - деген сұрақтарды шешу негізінде ол метафизика мен диалектикаға бөлінеді. Бірақ бұл терминді қолдану бір шама қиын, өйткені, олардың әрқайсының қалай болғанда да екі - ежелгі грек және қазіргі замандағы - мәні бар. Сондықтан оларды қолданған кезде қай мәнде екенін ескергенжөн.
    Диалектика - ежелгі грек тілінен сөзбе-сөз аударғанда - «пікір таласы, әңгіме жүргізу өнері». Бұл термин осы мәнінде ежелгі кезден Жаңа Заманға дейін қолданылды. Термин немістің классикалық философиясында және әсіресе марксизм философиясында екінші мәнге ие болды. Атап айтқанда: болмыстың ең жалпылама заңдылықтары мен байланысы туралы iлiмге айналды. Диалектиканың екі орталық идеясы бар: барлық құбылыстардың өзара байланысы және шексіз болмыстың өзіне тән қайшлықтары әсерінен үздіксіз дамуы.
    Бұл мәнінде диалектика метафизикаға қарама-қарсы. Оның өте ірі өкілдері: Шеллинг, Гегель, Маркс, Ленин, Бергсон. Бірақ дамудың өзі әртүрлі түсіндірілуі мүмкін: «Тұйықталған шеңбер бойынша» даму (Шеллинг, Гегель) және шексіз үдемелі қозғалыс ретіндегі даму (Маркс, Бергсон). Диалектиканың тарихи формалары: стихиялық, идеалистік және материалистік. Стихиялық диалектика күнделікті сезімдік тәжірибеден туындайды, дүниенің мәңгі өзгерісіне, қайтып оралуына сүйенеді. Ол әсіресе Гераклиттің “бәрі ағады, бәрі өзгереді” деген қағидасында анық берілген. Күнделікті өмірде барлық адам осы пікірді ұстанады.
    Идеалистік диалектика біріншіден, жеке адамдар пікірлерінің (ойының) арасындағы қайшылықты мойындаса, екіншіден, ұрпақтар пікірлерінің қайшылығы, тарихи дамуын анықтайды (Гегель). Оның негізгі кемшілігі - дамуды сана деңгейімен шектеуі. Материалистік диалектика дамуды бар болмыстың қасиеті деп санап, әмбебаптың деңгейіне көтереді. Және объективтік диалектиканы (дүниенің дамуы) субъективтік диалектиканың (сананың дамуы) негізі деп қарастырады.
    Метафизика грек тілінен сөзбе-сөз аударғанда - «физикадан кейін» деген ұғым. Бастапқыда метафизика деп Аристотельдің философиясын, ал ортағасырдан бастап жалпы философияны атады. Осы мәнінде бұл термин қазіргі кезде де жиі қолданады, яғни: “Метафизика” дегеніміз - философия. Жаңа заманда «метафизика» термині қосымша философиялық ілім мәніне ие болды, шексіз әлемнің өзгеруін өзіндік даму ретінде мойындамады яғни, диалектикаға қарама-қарсы ілім болды. Сондықтан, метафизиканы антидиалектика дейміз.
    Егер бұл мәндердің арасын айырмаса, көп түсінбестік болуы мүмкін. М: Парменид пен Зенонды қазіргі заманда сөздің екінші мәнінде метафизиканың негізін қалаушы деп атауға болады (өйткені, олар шын болмыс қозғалмайды және өзгеріссіз болады деп алғаш рет айтты), бірақ оларды ежелгі грек сөзінің мәнінде диалектиканың негізін қалаушылар деп те атауға болады. Олар алғашқы болып философиялық идеяларды негіздеп дәлелдей бастады. Қазіргі заман түсінігінде метафизиктер деп ХХ ғ философтарының көбін айтуға болады.
    Философияның қызметіне оның мақсатын анықтауда қолданылатын дүниетанымдық, әдістемелік, теориялық ойлау, сыни-талап, аксиологиялық, әлеуметтік, гуманитарлық және болжаушылық міндеттерді жатқызамыз.
    Философияның дүниетанымдық қызметі - әлемнің тұтастық бейнесін қалыптастырудың мүмкіндігі, оның құрылымы туралы ұғымды, ондағы адамның орнын және бірлесіп әрекет жасау принцптерінің мәнін түсіндіреді.
    Философияның әдістемелік (методологиялық) қызметі - бізді қоршаған шындықты тану әдісін жасайды. Философия - танымның ең жалпы әдістерінің және адамның шындықты игеруінің ең түпкі тәсілдері туралы ілім ретінде көрінеді.
    Философияның теориялық ойлау қызметінің мәні, әсіресе философия тарихын зерттеудегі даналыққа байланысты.
    Философияның сыни-талап қызметі - қоршаған дүниенің және білімнің барлығына күмән келтіру, дүниеде жаңа пайда болғанның ерекшеліктерін іздеу, қайшылықтарын ашу, таным шекарасын кеңейту, білімді модернизациялау және анықтығын ұлғайту. Сын басқа пәндерді ғана емес, философияның өзін де қамтиды.
    Философияның аксиологиялық қызметі (гр. axios - құндылық) - бізді қоршаған әлемді, заттар мен құбылыстарды әр түрлі құндылықтар - әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, т. б. - тұрғысынан бағалау.
    Философияның аксиологиялық қызметі, әсіресе, тарихтағы ұлы өзгеріс кезінде, орта ғасыр басындағы Рим империясының қирауынан кейін құндылықты жаңа діннен іздеу, қайта өрлеудегі реформация, капитализмнің дамуының дағдарысы (ХІХ-ХХ ғғ.), социализмнің тұйыққа тірелуіне (ХХ-ХХІ ғғ.) байланысты ерекше күшейеді. Философияның әлеуметтік қызметі - қоғамның пайда болу себебін, эволюциясын, қазіргі жағдайын, құрылымын, элементін, қозғаушы күштерін, қайшылықтарын ашу, түсіндіру және дамуды жеңілдендіру жолдарын көрсетеді
    Философияның әлеуметтік қызметі - қоғамның пайда болу себебін, эволюциясын, қазіргі жағдайын, құрылымын, элементін, қозғаушы күштерін, қайшылықтарын ашу, түсіндіру және дамуды жеңілдендіру жолдарын көрсетеді..
    Философияның гуманитарлық қызметі - гуманистік құндылықтар мен идеяларды адамға және қоғамға енгізеді, моральдің ықпалын нығайтады, адамның қоршаған ортаға бейімденуін, өз өмірінің мәнін табуды қарастырады.
    Философияның болжаушылық қызметі - дүние мен адам туралы философиялық білімге сүйене отырып, материяның, сананың, тану процесінің, адамның, табиғаттың және қоғам дамуының тенденциясының жетістіктерін анықтап, болжайды. Философияның қызметтері бір-бірімен диалектикалық өзара қарым- қатынаста болады. Олардың тұтастық бірлігі - философиялық білімнің спецификасы мен мәнін көрсетеді.
    Философия дүниеге көзқарас қана емес, ол ғылым. Сондықтан барлық ғылымдар сияқты дүниенің (табиғат, қоғам, сана) заңдары мен заңдылықтарын ашуға ұмтылады. Заң дегеніміз - заттар мен құбылыстардың, олардың қасиеттерінің қайталана беретін тұрақты байланысы, ал философия - дүниенің ең түпкі заңдарын ашуды міндет тұтса, ең түпкі қасиеттерді анықтап, солардың тұрақты байланысын табуға тырысуы керек. Ондай қасиеттерге дүние болмысының зат және идея түрінде берілетіні жатқандықтан, материя мен идея, болмыс пен сана, объект пен субъект қатынастары философияның негізгі мәселесі деп, алғаш Ф.Энгельс айтқан. Бұл өз мәнісін әлі күнге дейін жойған жоқ, материалистік және идеалистік көзқарасты ұстанушылар әлі де тиянақты бір пікірге келе алмай отыр. Сана мен материя қатынасы мәселесі әсіресе адам болмысын анықтауда ерекше анық көрінеді: бірі адамды рухани десе, бірі - материалдық жан деп өзара қатаң айтысқа түседі, саясатта қолданып іс-әрекеттерін, таптар, ұлттар, мемлекеттердің өзара соғыстарын ақтауға тырысады.
    Адам болмысының ерекшелігі - руханилығында, яғни ол көрінген ісін алдымен басында, санасында идеалдық түрде, ойша істеп кейін реалдыққа көшіреді. Бірақ ол руханилыққа ерекше биологиялық жан ретінде және руханилықтың көзі - қоғамдық өмір арқылы ғана келе алады. Екіншіден, қандай істі басында жоспарласа да, ол қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаның біздің санамыздан тәуелсіз заңдылықтарына, тарихи даму деңгейіне сәйкес келгенде ғана реалдыққа айналады. Адам туабітісімен, ісінің қорытындысымен материалдықпен шектеліп отырса да, рухани жандылығын жоғалпайды. Сондықтан оған ешқашан қайталанбайтын, шексіз құндылық ретінде қарау қажет, көбінесе материалдық байлық мәселесі төңірегінен аса алмайтын саясаттың құлы етпеу керек.
    Философия және ғылым мәселесінде философия ғылымы заңдарының ерекшелігін де ескеріп отыру керек, онда дүниеге көзқарассыз мазмұн болмай, оның мәселелері нақты ғылымдағыдай есеп-қисапқа келтіріле бермейді. Сондықтан философияның заңдары жалпы бағыттылық, тенденциялық сипатта орындалады. Ал, дүниенің көрінген құбылысы өздігінен, ішкі қайшылықтардың қарама-қарсылығынан дамитындығын ескеріп, философия өз мәселесін қосалқы ұғымдар, категориялар байланысы, олардың бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі өтуі арқылы шешуге тырысады. Мұны нақты ғылымдар ұстанатын формальдық, математикалық логика орындай алмайтындықтан, марксизмде диалектикалық логика ілімі пайда болды. Оның тарихи, ғылыми мәнін соңғы кезде біз еліктей бастаған позитивтік ағымдар әлі де толық түсіне қойған жоқ. Сондықтан саясаттың өткіншілігін, ғылымның мәңгілігін ескеріп марксизмнің саяси-экономикалық, идеологиялық ілімін ғылыми-философиялық жетістіктерімен шатастырмай, терең оқып-білуге ұмтылу керек.
    Семинар сұрақтары:

    1Көзқарас, оның қоғамдық-тарихи сипаты.
    2.Мифологиялық және діни көзқарас философияның алғышарты.
    3.Философиялық көзқарастың мәні. Философияның пәні.
    4.Философияның негізгі қызметі. Қазіргі замандағы философияның рөлі. Философия және ғылым.
    Әдістемелік ұсыныстар:

    Философия, оның ғылыми білім жүйесіндегі орны және қоғамдағы рөлі. Дүниетаным, оның қоғамдық-тарихи сипаты. Дүниетанымның тарихи типтері: миф, дін, философия. Мифтік дүниетанымның ерекшеліктері. Діни дүниетанымның негізгі белгілері мен ерекшеліктері. Діннің функциялары. Философиялық дүниетаным. Философияның негізгі мәселесі. Философиялық проблемалардың мәні. Философия, оның функциялары. Философия және ғылым. Философия, саясат, қазіргі заман.




    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   94




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет