«Тектік» елестер. Ол адам табиғатының өзінен, адам ақылы мен сезім мүшелерінің жетілмеуінен шығады.
«Үңгір» елестері. Ол адамның қоршаған дүниені субъективтік қажеттілік түрде қабылдауымен байланысты.
«Нарық» (немесе базар алаңындағы) елестері, ол дұрыс емес не дәл емес сөздердің нәтижесінде туады.
«Театр» елестері беделге, соның ішінде дәстүрлі философиялық жүйелерге сөзсіз сенуге негізделген.
Ол танымның жолындағы кедергілерді алып тастауды ұсынады, адамды жаңа ақиқатты игеруге шақырады. Елестерді жоюдың негізгі құралы ─ тәжірибеге жүгіну және нақты деректерді ғылыми әдіспен талдау дейді. Мұндай бағыты эмпиризм деп атайды. Ақиқат әдісті таңдау проблемасын Бэкон аллегориялық (әдебиетте, өнерде дерексіз ұғымды деректі, нақты бейнелер арқылы көрсету), әсіресе мысалдарда, ертегілерде көп қолданылатын әдіс-тәсілдермен шешеді. Оның пікірінше, танудың үш жолы бар: өрмекші, құмырсқа және ара жолдары. Бұлардың әрқайсында өзінің жағымды және жағымсыз жақтары бар:
«Өрмекшінің жолы» - ақиқатты «таза» санадан шығару әрекеті. Бұл жол фактілер мен шындықты менсінбейді. Мұндай әдіспен алатын қорытынды білім гипотеза, ғылыми болжам түрінде болады. Олар ақиқат немесе жалған болуы мүмкін. Бұл әдісті догмаларды ұстанушылар мен рационалистер қолданады. Өрмекшінің өрмегі секілді, олар да өз ақылдарын тоқиды.
«Құмырсқа жолы» - біржақты эмпиризм, тек фактілерді жинау. Эмпириктер құмырсқа секілді жекеленген фактілерді табандылықпен жинайды, бірақ бұл әдіс аз нәтиже береді, себебі зерттеуші зерттеу затының мәнін толық қорыта алмайды.
«Ара жолы» алғашқы екі әдістің жақсы жағын біріктіреді. Олардағы кемшіліктер қайталанбайды. Соның көмегінің арқасында эмпириядан теория көтеріледі. Өсімдіктердің гүлінен нектар жинайтын, оны балға айналдытын ара іскер болуы керек.
Бэкон теория мен практиканың танымда сезім мен рационалдықтың бірлігін жақтады. Бірақ жаратылыстанудың дамуында математиканың рөлін кемітті, Коперниктің гелиоцентрлік жүйесін мойындамады. Осыған қарамай ол, эксперименттік ғылымның негізін қалады. Бэконның басты шығармасы «Жаңа Органон», ол - ғылыми танымның методологиясы. Бэкон негізгі әдіс ретінде индукцияны ұстанады. Ол тәжірибе мен экспериментке сүйенеді, сонымен бірге сезімдегіні қорытындылау және талдау әдісі арқылы айқындайды. Индукция ─ жеке жағдайлардан жалпы қорытындылар шығаратын ойлау тәсілі.
Томас Гоббс (1588-1679 жж.) 6 жасында латын және грек тілдерінде сөйлеп, өте ерте Оксфорд Университетіне түседі. Негізгі еңбектері: «Азамат туралы философиялық ілімнің бастапқы негіздемесі», «Левиафан». Ол теологиялық схоластиканы жоққа шығарды. Философияның мақсаты: адамның іс-әрекетінің практика жүзінде нәтижеге жетуіне және ғылыми-техникалық прогрестің дамуына мүмкіндік туғызу. Гоббс дүние денелерден тұрады, денесіз субстанцияны мойындау денесіз дене бар дегенге сай. Денелер материяның туындысы.
Танымның әдісі ретінде Т. Гоббс индукция мен дедукцияны қолдануды ұсынады. Адамның дүниені тануы сезімдік қабылдау арқылы іске асады. Бұл сезім мүшелері (көз, құлақ. т. б.) арқылы қоршаған орта туралы алынатын шартты белгіні ары қарай өңдеу. Бұл белгілерді Гоббс «таңба» деп атайды. Таңбаларды былайша топтастырды:
Сигналдар - жануардың өз қимылдарын білдіретін дыбыстар шығаруы (құстардың әні, мысықтардың мияуы, жыртқыш аңдардың ырылдауы).
Адамдардың бір-бірімен қатынасуы үшін ойланып табылған әртүрлі белгілер.
Табиғи белгілер - табиғат сигналдары (найзағай, күннің күркіреуі).
Жасырын әдіспен, кодпен жазу, сөйлеу. Көпке түсініксіз ғылыми тіл, дін тілі, жаргон - жеке топтар тілінің сөздері;
Гоббс механикалық материализмнің өкілі ретінде қоғамдық құбылыстарды механикалық жаратылыстану тұрғысында қарады. Оның пікірінше геометриялық, математикалық әдістер әмбебаптық ғылыми әдістер болып есептеледі. Сондықтан адам және қоғам саласында қолдануға болады. Адам мен жануарлар - күрделі машина, адамның аяғы мен қолдары - доңғалақ, жүрегі мотор механизімі деді.Қоғамды, мемлекетті үлкен механизм ретінде қарады. Олардың негізгі элементтерін жіктеп, оны қарапайым табиғат заңдарымен түсіндіреді.