Ер баланың үлесі - 2 үй
Қыз баланың үлесі - 1 үй
ер бала қалыңдық
қыз бала
күйеу жігіт
2 үй 1үй 1 үй 2 үй
ер бала үйленгенде: 2+1
3 үй қыз тұрмыс құрғанда: 1+2=3 үй
мәһір беру, отбасын асырау (-) мәһір алу, отбасын асырауға
міндетті емес
(+)
Құрандағы үкімдер қарастырылғанда негізгі назар аударатын нәрсе бұл
үкімдердегі адамның физиологиялық және психологиялық жаратылысының
назарға алынуы болып табылады. Куәгерлік мәселесінен де осыны аңғаруға
болады. Куәгерлікке қатысты аяттың мағынасы мынадай:
«Еркектеріңнен екі айғақ қойыңдар. Егер еркек болмаса онда өздерің
ұнатқан айғақтардан бip еркек, екi әйел болады. Егер eкeyiнiң бipi жаңылса,
екіншісі оның eciнe салады» (Бақара, 282).
Куәгерлік мәселесіндегі ер мен әйелдің айырмашылығын былай
көрсетуге болады:
Біріншіден, ислам бір ер адамның куәгерлігін әрдайым екі әйелдің
куәгерлігіне теңестіре бермейді. Еркектердің куәлігі қабылданбай, тек әйел
адамның куәгерлігі есепке алынатын жағдайлар да болады. Еркектер
20
білмейтін, тек әйелдерге қатысты мәселелерде (босану кезіндегі ана мен
балаға қатысты жағдайлар, бала емізу, т.б.) әйелдің куәгерлігі жеткілікті
болады. Яғни, бұл жерде куәгердің ер немесе әйел болуы емес, олардың
тәжірибесі мен біліктілігі негізге алынады деген сөз.
Екіншіден, әйелге тән физиологиялық ерекшеліктер, яғни оның
жаратылысы мәселесі. Әйелдің жаратысы сезімтал және тез әсерленгіш.
Мәселелерге көбінесе жаратылысындағы мейірімділік сезімімен қарайды.
Әйел екі тараптың бірінің ықпалына түсуі немесе екі жақтың біріне
аяушылықпен қарауы мүмкін. Ал, бұл жағдай оның куәгерлік міндетіне
нұқсан келтіруі мүмкін. Сол себептен мұндай жағдайда ислам куәлікті екі
әйелдің беруін талап етеді. Бірі ұмытса не қателессе, екіншісі есіне салып,
қателікке жол берілмейді.
Ислам діні куәгерлік мәселесінде әйелге ер адамның жауапкершілігіндей
міндет жүктемей, екі әйелдің куәгерлігін бір еркекке тең ету арқылы оның
құқығын шектемейді, керісінше оны қорғайды, бір күнә іске баруының алдын
алған. Өйткені, куәгерлік
үлкен жауапкершілікті керек ететін іс.
Бұл мәселе бойынша аятта былай бұйырылады:
«Куәлер шақырылған сәтте бас тартпасын. Аз, көп болса да белгілі
мерзімге дейін жазудан ерінбеңдер. Осыларың Алланың қасында туралық;
куәлік үшін мықтырақ және күдіктенбеуге де жақынырақ» (Бақара, 282).
Ислам әйелді күнә іске кіруден қорғап, оның кейбір сезім мен толқуға
беріліп, жалған куәгерлік секілді күнә іс жасауына тосқауыл болған. Жанына
бір көмекші әйел қосу арқылы оған көмектескен.
Ер адамдар секілді әйелдердің де сөз бостандығына құқығы бар. Ол әйел
болғандықтан ғана оның салауатты пікірлерін теріске шығаруға болмайды.
Құранда әйелдердің тек өз пікірін еркін айтып қана қоймай, пайғамбардың
өзімен де, мұсылмандардың өзге жетекшілерімен де күрделі мәселелерді
талқылауға қатысып, пікірталасқа түскен мысалдары кездеседі. Мысалы,
Мужәдалә сүресінде «(Мұхаммед Ғ.С.) Расында Алла, ері жайында Аллаға
шағып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің
сөйлескендеріңді де естиді. Шүбәсіз Алла, толық естуші, тым қырағы.
Сондай сендерден жұбайларын зиһар еткендердің әйелдері аналары емес.
Олардың аналары өздерін тапқандар ғана. Сөзсіз олар теріс әрі өтірік сөз
сөйлейді. Шынында Алла тым кешірімді, ерекше жарылқаушы. Сондай
жұбайларын зиһар еткендер, сосын айтқан сөздерінен қайтса, сонда екеуі
қосылудан бұрын бір құл азат етуге тиіс. Міне сендерге осы нұсқау беріледі.
Алла не істегендеріңді толық біледі. Сонда біреу құл таба алмаса, екеуі
қосылудан бұрын тұтас екі ай ораза үстасын. Біреудің оған да шамасы
келмесе, алпыс аш кісіні тамақтандырсын. Бұл Аллаға, Елшісіне иман
келтірулерің үшін. Сондай-ақ осы Алланың шектері, қарсы болушыларға жан
түршігерлік азап бар» (Мужәдалә, 1-4)» делінеді.
Бұл сүре мұсылман әйелдің өз құқығына қол жеткізу үшін жұмсаған
күш-жігерін көрсетеді. Яғни Хаула бинт Саләба пайғамбарға барып «Ей
Алланың елшісі! Күйеуім менімен үйленген кезінде мен жас едім. Ол кезде
21
мені қалайтын. Дүниеге бірнеше бала әкелдім. Енді жасым ұлғайғанда ол
мені анасына ұқсатып жалғыз қалдырды» деп күйеуінің үстінен шағым
айтады. Осыған байланысты ол жерден кетпей тұрғанда сүренің осы аяттары
түскен.
Осындай мысал Құранның «Тахрим» сүресінде кездеседі: «Алла (Т.)
кәпірлерге Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал көрсетті. Олар жақсы
құлдарымыздан екі құлдың некесінде еді. Сонда екеуі де оларға опасыздық
қылды. Сондықтан екі пайғамбар да ол екеуін Алладан еш қорғай алмады.
«Екеуің тозаққа кірушілермен бірге кіріңдер» делінді. Алла (Т.) иман
келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал көрсетті. Сол уақытта ол:
«Раббым! Өз жаныңнан маған пейіште бір үй жаса әрі мені Перғауыннан
және оның істегендерінен құтқар. Сондай-ақ залым елден де құтқар» деген
еді. Имран қызы Мәриямді мысал көрсетті. Ол ұятты жерін қорғаған.
Сондықтан рухымыздан үрлеген едік. Ол, Раббының сөздерін және
кітаптарын растаған еді. Сондай-ақ бой ұсынушылардан еді» (Тахрим, 10-12).
Сондай-ақ Айша анаға нақақтан зинақор жаласы жабылғанда ол туралы
аят түсіп, Айша ананың пәк әрі таза екендігін дәлелдеуі – олардың тек
адамдар арасында ғана емес, Алланың алдында да қаншалықты абыройлы
екендігінің бір көрінісі.
Исламда әйелдердің білім алу құқығы ерлермен бірдей. Ислам діні
мұсылмандарды білім алуға ұмтылуға міндеттегенде оларды ер мен әйел деп
бөлмеді. Мұхаммед пайғамбар білім іздеу еркек болсын, әйел болсын, әрбір
мұсылманның міндеті деп жариялады.
Ислам тарихында дін негіздерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде мұсылман
ғалымдарының ішінде әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Білім саласында
аты шыққан дарынды әйелдердің басында Мұхаммед пайғамбардың
жұбайлары ерекше аталады. Солардың ішінде айрықша қабілетімен
ерекшеленген Айша ананың шоқтығы биік екені белгілі. Мұхаммед
пайғамбар қайтыс болғаннан кейін ілім сұраған көпшілік соған келіп
жүгінетін болған. Ол фиқһ, хадис, тәпсір, әдебиет, ақындық, медицина,
шежіре, тарих сынды салаларда білім берумен қатар, аталмыш мәселелерде
өзіне
жеткен
қате
деректерді
түзеп,
кемшілігі
барларын
толықтыратын. Сол үшін Хаким сияқты үлкен ғалымдар дін ілімінің төрттен
бірі Айша ана арқылы жеткенін айтқан.
Ол Құран түсіндірмелерін пайғамбарымыздың қасында жүріп үйренген,
түсіне алмаған тұстарын тіке өзінен сұрап, Құрандағы жайттардың іс
жүзіндегі көрінісіне қырағылық танытқан. Ілімдегі тереңдігі жағынан
басқалардан, өзге ғалым сахабалардан оқ бойы озық тұрды. Аяттардың түсу
себебін біліп қана қоймай, дінді тиісінше түсіне білді. Көріп-білгендерін
шебер тілмен түсіндіре де білді.
Сонымен қатар ол хадис ғылымының алғашқы мектебі, мұсылманның
сенім негіздерін белгілейтін өлшем Құран мен сүннетті ең жақсы білетін жан
ретінде танылды. Бірқатар хадистерді естіген кезде ол пайғамбардың
жанында жалғыз болған. Сондықтан хадис тізбегі бір ғана кісіден тұрған. Бұл
22
басқалардың пайғамбардың кей сәттерін білуге мүмкіндік таппаған жерлерде
қасында үнемі Айша ананың болғанын көрсетеді. Сондықтан да оның
жеткізген хадистері «фәрд» немесе «мүнфарид» деп аталады. Әсіресе,
пайғамбардың отбасылық өмірі, жеке жағдайы, түнгі құлшылығы мен жалғыз
қалған сәттеріне куә болып, басқаларға баяндауда Айша ананың орны
ерекше. Айша ананың жеткізген хадис саны екі мыңнан асады. Ол арабтар
әмәмун нас деп атайтын өткен күндерге қатысты ғылымға да жүйрік болған.
Білімділігімен қоса сол білімін өзгелерге жеткізуде үлкен қажыр-қайрат
танытқан. Оның білім мектебі хазірет Омар және баласы Абдуллах ибн Омар,
Әбу Хурайра, Әбу Мұса әл-Әшғари, Абдуллах ибн Аббас және Абдуллах ибн
Зүбайрден бастап Амр ибн Ас, Зәйд ибн Халид әл-Жухани сияқты маңызды
сахабалардың жиналатын орны болған.
Сонымен қатар ұстаздық жасап, ислам дінінің кеңірек таралуына үлес
қосқан әйел кісілердің қатарына Хайра бинт Әби Хадра Әл-Әсләми, Умәйма
бинт Абд ибн Бижад, Рукайка бинт Хуәйлид және Зейнеп бинт Қайсты
жатқызуға болады.
ә) Ислам қоғамындағы әйел мәртебесі
Мұхаммед пайғамбардың жанында болып, сөзімен де, іс-әрекеттерімен
де өнеге болған тұлғалардың қатарына әйел сахабалар да кіреді. Олардың
арасында иман жолындағы күрестері, отбасы ішіндегі қарым-қатынастары,
ержүректіктері арқылы келер ұрпаққа үлгі боларлық әйелдер көп болды.
Мұхаммед пайғамбар дінді насихаттауды бастаған кезде әйелдер
қауымы да оған өте көп қолдау көрсеткен. Мысалы, Мұхаммед
пайғамбардың әйелі Хадишаның исламды алғаш болып қабылдап, бүкіл
байлығын дін жолында сарп еткені белгілі. Хадиша оның ең жақын сырласы,
қолдаушысы болып, Алла елшісіне шәк келтірместен иман келтірді. Сол
себептен де Мұхаммед пайғамбар: «Ел менен теріс айналған кезде Хадиша
маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда мені алғашқы болып
растаған сол еді», – деп, оны өмір бойы ұмытпай, жақсылықтарын әрдайым
еске алып отырған.
Хадишадан кейін қыздары Руқия, Зейнеп, Үммү Күлсім және Фатима да
ислам дінін қабылдаған. Олар әкелерін қорғау үшін өжет мінезге де барған.
Бір күні Мұхаммед пайғамбар намаз оқып тұрған кезде мүшріктердің бірі
оның басына түйенің ішек-қарнын төгеді. Олардың мазақтаған дөрекі
дауыстарын естіген Фатима жүгіріп келіп, әкесінің үстін тазалайды.
Мүшріктер күлкілерін тыйып, бұл әрекетке қарап үнсіз қалады.
Мұхаммед пайғамбар әйелдердің дін жолындағы табанды еңбектерін
бағалап: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар:
Имранның қызы
Мәриям, перғауынның жары
Әсия, Хуайлидтің қызы
Хадиша, Мұхаммедтің қызы
Фатима» деген (Ибн Исхақ, ас-Сира, 228).
Бұл әйелдердің жұмақтықтар арасындағы ең ізгі әйелдер екендігін
айтып, басқа әйелдердің барлығының ізгілігі осы төрт әйелдің дәрежесіне
23
жетпейтінін баяндаған. Айша ананың «Қайсысы ең үстемі» деген сұрағына
«Әрқайсысы өз дәуірінің үстемі» деп жауап берген.
Ислам тарихында алғашқы шәйіт Сумайя Бинт Хаяттың Алла
жолындағы күресі мен ынта-ықыласы адамзат ұрпағына өшпес үлгі болып
саналады. Исламды жарыса қабылдағандардың да біразы әйелдер болған.
Әбу Бәкірдің үйінің қасына келіп, іштен дауыстап оқылған Құранға құлақ
түретіндердің де біразы әйелдер болған. Мүшріктер «Әбу Бәкір әйел, бала-
шағамызды жолдан тайдыратын болды» деп уайымдаған.
Айша ана да ислам дініне еңбегі сіңген тұлғалардың бірі. Ол барша
әйелдердің өкілі болып, өзіне жеткізілген әрбір мәселені шешуде Мұхаммед
пайғамбар мен әйелдердің арасында алтын көпір секілді қызмет атқарды. Ол
әлсіздердің панасы, жетімдердің қамқоршысы болып, мәселені міндетті түрде
шешуге тырысатын. Пайғамбардың айбынынан қаймыққандар Айша анаға
келіп, мазалап жүрген сауалдарын пайғамбарымызға жеткізуге тырысатын.
Осы жағынан алып қараған кезде Айша ана Мұхаммед пайғамбардың уәзірі
сияқты болған. Материалдық, рухани кез-келген бір мәселемен келген барша
әйелдердің міндетті түрде мәселелерін шешуге тырысатын.
Алғашқы мұсылмандармен қатар әйелдердің қоғамдық өмірге, әсіресе
төтенше жағдайларға да қатысқанын тарихи деректерден білуге болады.
Әйелдер әдетте жаралыларды таңу үшін, тамақ дайындап, әскерлерге
көмектесу үшін шайқастарға қатысып, мұсылман әскерінің жанында жүрген.
Ер кісілермен қатар әйелдер де Мұхаммед пайғамбарға барып серт
беретін.
«…Мұндай серттерін білдіру үшін кейде топ-тобымен келіп жатса,
кейде 2-3 әйел бірге келетін еді. Олар серт беруге келгендерін айтқанда,
пайғамбарымыз (с.ғ.с.) берген серттерін қабылдап, оларға керекті үгіт-
насихат айтатын. Осындай серт беру оқиғасын Сәлма бинт Қайс былай
баяндайды: «Ансарлық әйелдермен бірге топ болып келіп, пайғамбарымызға
серт бердік. Расулулла (с.ғ.с.) бізге Аллаға серік қоспауды, ұрлық жасамауды,
зинаға жанаспауды, балаларымызды өлтірмеуді, біреуге жала жаппауды,
өзіне қарсы келмеуді насихат етті және «Күйеулеріңді алдамаңдар» деді. Біз
осы айтылғандарды орындауға уәде бердік. Үйге қайтып бара жатқанда, бір
әйелге пайғамбарымызға қайта барып әлгі «Күйеулеріңді алдамаңдар»
дегенінің мәнісі не екенін сұрауын өтіндім. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұның
«Күйеуінің рұқсатынсыз оның дүние-мүлкінен ешкімге ештеңе бермеу»
екендігін түсіндіріпті».
Мәдина кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылмандар қатты қиналғанда,
әйелдер алтын, күмістен жасалған жүзік, сырғаларын, алқаларын Мұхаммед
пайғамбарға әкеп табыстап, мұсылмандарға көп көмек көрсеткен. Бұл да
әйелдердің дін үшін барлық жанқиярлыққа бара білген ықыластарын
дәлелдейді.
Исламның алғашқы кезеңінде мұсылман болған әйелдердің кейбіреулері
жасырын тыңшылық қызмет те жасады. Олар мұсылмандарға мүшріктердің
қитұрқы жоспарларын астыртын жеткізіп тұрды. Мұхаммед пайғамбар
24
Мәдинаға қоныс аудармақ болғанда, оған таң алагеуімде қастандық жасамақ
болған мүшріктердің арам пиғылын мұсылмандарға алдын-ала хабарлаған
Рукәйка бинт Әбу Сайфи еді. Сол түні үй торыған дұшпандар пайғамбардың
қай уақытта үйден шығып кеткенін сезбей, айлалары іске аспай қалады.
Сол жолы Мәдинаға һижрет етіп бара жатып мүшріктерден жасырынып,
үңгірді паналаған кездерінде Мұхаммед пайғамбар мен қасындағы Әбу
Бәкірге оның қызы Әсманың тамақ тасып, басқа да керек-жарақтарын
жеткізіп тұрғаны тарихтан белгілі.
Осындай белсенділігімен танылған әйел сахабалардың қатарына алғаш
соғысқа қатысқан Сафия, Нәсиба, алғашқы теңіз жорығына қатысқан, «Хала
сұлтан» атымен танылған, ержүрек, батыл әйел Үммү Харам бинти Милхан,
жігерлі, батыл, салмақты және иманынан таймаған мықты сахаба әйел Үммү
Фадлдарды да жатқызуға болады.
Сафия бинт Абдулмутталиб
қолына қылыш алып соғысқа қатысқан
алғашқы мұсылман әйел. Ұхуд соғысы кезінде мұсылман әйелдер отырған
үйге жақындап келіп қорғансыз адамдарды өлтірмек болған яхудиді таяқпен
басынан ұрған. Яхуди жеген соққысынан қайта тұра алмай, сол жерде жан
тапсырады.
Сонымен қатар ол баласының тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ол
баласы Зүбайрдің жақсы мінезді болып өсуі үшін салған күш-қайратының
жемісін баласын жұмақпен сүйіншіленген жандардың қатарынан көрумен
татады. Ол тірі кезінде жұмақпен сүйіншіленген он сахабаның бірінің анасы
болған еді.
Ислам
тарихындағы
тапқырлығымен,
пысықтығымен,
берік
имандылығымен және әдептілігімен танылған әйелдердің бірі
Әсма бинт
Әбу Бәкір. Ол тірі кезінде жәннаттың белбеуін тағады деген сүйінші хабарды
алған, «Затун-нытақайн» деген лақаппен танылған әйел. Әкесі Әбу Бәкір
Мәдинаға жолға дайындалып жатқанда азық дорбасы мен су ыдысының
аузын байлайтын жіп іздеп таба алмайды. Сонда Әсма беліндегі белбеуді
алып екіге бөліп, бірімен дорбаның аузын, екіншісімен торсықтың аузын
байлайды. Мұхаммед пайғамбар оның бұл ісіне қуанып: «Әсма, Алла саған
осы белбеуіңнің орнына жұмақта екі белбеу берсін» деп дұға етеді.
Пайғамбардың осы дұғасынан кейін ол осы лақапқа ие болған.
Кемел мінезді, қайсар, жігерлі, сабырлы, азапты өмір сүргеніне
қарамастан иманынан таймаған әйелдердің бірі
Әсма бинти Умәйс. Алла
расулы оған «екі хижрет иесі» деген ат берген. Ол бос уақытында тері
илеумен айналысып, балаларының күн көрісін өз еңбегімен қамтамасыз етуге
тырысып, ешкімнен ешнәрсе сұрамауға күш салған әйел ретінде танылған.
Сахаба әйелдердің бірі Үммү Фадл
исламды алғаш қабылдаған батыл
сахаба әйел. Ол исламға деген қызметімен, имандылығымен, батырлығымен
танылған. Оның мұсылман бауырын мүшріктердің қолына жалғыз
қалдырмай, жанқиярлықпен қолына таяқ алып мүшрікке қарай жүгіргені есте
қаларлық оқиға ретінде ислам тарихының беттерінен орын алған.
25
Күйеуінің мүшрік екеніне қарамастан исламды қабылдаған әйелдердің
бірі
Үммү Суләйма. Ол Алла жолында түрлі кедергілер мен
қиыншылықтарға төзе білген, баласын мұсылман етіп тәрбиелеп, жетілдіруді
көздеген сабырлы әйел ретінде танылды. Бұл әйел өзімен некелесуді қалаған
адамға исламды қабылдауды шарт етіп, бұл мақсатына қол жеткізе білген.
Яғни, Ухуд соғысында пайғамбарды қорғау үшін денесін оққа қалқан еткен
Әбу Талханың исламды қабылдауына себепші болған. Сонымен қатар ол
әйелге қатысты мәселелерді Мұхаммед пайғамбардан сұраудан тартынбаған.
Сахабалар одан кейбір мәселелерді сұрап отыратын болған. Ол туралы
пайғамбар «Түсімде жәннәтқа кіріппін. Алдымнан сыбдырлаған дыбыс
естідім. Қарасам Милхан қызы Румейса екен» деп, оның мәртебе-дәрежесін
көрсеткен.
Соғыс майдандарында көрсеткен қаһармандықтарымен танылған
әйелдердің бірі
Үммү Умара. Ол
пайғамбарға Ақабада серт берген
мәдиналық екі сахаба әйелдің бірі. Ислам тарихында Ұхуд соғысында екі
ұлымен, күйеуімен бірге мүшріктерден пайғамбарды қорғау үшін жанын сала
шайқасқан әйел ретінде танымал. Бұл соғыста ол он екі-он үш жерінен
жараланған. Ауырған және жарақаттанған күндерінің өзінде де нәпіл
құлшылықтарын орындаған тақуа әйел болған. Өзімен қоса балаларын да
ержүректікке тәрбиелеп, ислам дінін қорғап, тарату жолында қызмет етуге
тәрбиелеген.
Пайғамбардың алдына барып мәселелерін тиянақты жеткізе алатын, сөзі
анық әйелдің бірі Әсма бинт Язид болған. «Хатибатун-ниса» (әйелдердің
сұхбатшысы) деген лақаппен танылған батыл, жігерлі, білімді жан болған.
Әйелдерге қатысты мәселелерді пайғамбардан батыл сұрай алатын мінезіне
қарап, Айша ана ұялудың ансар әйелдерінің дінді үйренулеріне кедергі
болмағанын айтқан. Сонымен қатар оның Хайбар соғысы мен Меккенің
бағындырылуына қатысып, ерліктер көрсеткендігі туралы кейбір деректерде
айтылған.
Ұхуд соғысында басқа әйелдермен бірге жаралыларды емдеумен
айналысқан, соғыс күні пайғамбардың қасынан кетіп қалғандарға ренжіп
«Ұршықты алып, жіп иіріңдер. Қылышыңды маған бер, мен соғысайын» деп
айыптаған әйел Үммү Әйман (Бәрәка бинт Сәлаба) болып табылады. Оны
Мұхаммед пайғамбар «Анамнан кейінгі анам» деп жақсы көріп, құрметтеген.
Қорыта айтқанда, ислам діні әйелдің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп,
оған ерекше баға берді. Әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырып,
оның ешқандай құқын шектемеді. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар,
аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғамның
тәрбиесін қыз баланың тәрбиесімен ұштастыра қарастырған. Әйел затының
қоғамның барлық саласындағы орнын айқындап, жат пиғылдылардың бұзық
әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін
әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен.
26
3. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ МӘРТЕБЕСІ
а) Байырғы қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі
Көне түркілерде патриархалды басқару жүйесі бекігенімен, олардың
дүниетанымында әйел затына деген құрмет ерекше болатын. Түркілер әйелді
күнделікті тұрмыспен байланыстырып қана қоймай, «Ұмай анамен»
ұштастыра қарады.
«Ұмай ана» түсінігі қазіргі кездегі көптеген түркі халықтарының
этнографиясында кездеседі. Әр түрлі еңбектерде «Ұмай» сөзі – ана құрсағы,
баланың жолдасы (послед), жер-ана, тұқым өндіруші және баланың дүниеге
келуіне көмектесетін пір ана деген мағыналарды білдіретіндігі келтірілген.
Жалпы алғанда «Ұмай» бейнесі әйелдер мен балаларды өз қорғауына алып,
қауіп-қатерден сақтаушы және түркі әскерлеріне жеңіс әкелуші ретінде
сипатталады.
Ұмай ананы бейнелеген балбал тас мүсіндер бүгінгі күнге дейін жеткен.
Ұмай анаға тән атрибутқа ай, садақ және доға тәрізді бейнелер жатқызылған.
Түркі халқы нәресте дүниеге келген соң, Ұмай анаға құрмет белгісі
ретінде ұл балаға арнап кішкене садақ пен жебелерді, ал қыз балаға ұршық
дайындап, тіл көзден сақтау мақсатында оларды бесіктің басына іліп қойған.
Зерттеушілердің келесі тобы «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебейтін
періште болған деп түсінеді. Бізге жеткен кейбір аңыздарда ерте дәуірде
Алтай тауын мекендеген түркі жұрты қыс мезгілінде құрық бойы жауған
қардан қырылып қалған делінеді. Осы қақаған аязда жылы көрпеге оранған
Айсұлу есімді қыз тірі қалады. Өлім аузында жатқан Айсұлуды тау үңгірін
мекен еткен Аю батыр тауып алып, Ұмай ананың көмегімен аман алып
қалады. Көп ұзамай Аю батыр мен Айсұлу отбасын құрады. Аю батыр үйде
жоқта толғақ қысқан Айсұлу Ұмай ананың жебеуімен бір ұл, бір қызды
дүниеге әкеледі. Содан олар рулы елге, түркі қауымына айналып, бүгінге
күнге жеткен-мыс.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан Ұмай анаға қатысты бірнеше
көзқарастың бар екендігін байқаймыз. Зерттеуші Д.Қыдырәлі: «Ориенталист
ғалымдар «Ұмай» сөзін «тәңір ана» деп қате аударып жүр. Біздің ойымызша,
Ұмай – аналарды қолдайтын періштенің аты. Қыз ұзатылғанда, неке
қиылғанда, әйел босанғанда Ұмай анадан медет тілеу осыдан келіп шыққан»,
- деп, «Ұмай ана» түсінігі туралы өз пікірін алға тартады. Сонымен қатар,
Орхон-Енисей,
яғни
руника
жазуларының
танымал
зерттеушісі
Қ.Сартқожаұлы: «Түркілер «Ұмай ана» деп Адам атаның қосағы Хауа ананы
атауы бек мүмкін», - дейді.
Қалай болғанда да ежелгі түркі халқының әйелдік бастаманы құрметтеуі
«Ұмай ананы» пір тұту көрінісінде бейнеленген. Табиғатына ұрпақ
жалғастыру міндеті жүктелген әйел адам мәртебе мен құрметке ие болған.
Көне түркі әлемінде әйел адамдардың кемел образдарын сомдаған әдеби
жәдігерлер жиі кездеседі. Сондай тарихи-мәдени мәнге ие жәдігерлердің бірі
«Оғызнама» эпостық дастаны. Дастанда ежелгі түркі халықтарының
27
генеалогиялық шежіресі мифтік тұрғыда баяндалып, Оғыздың анасы Ай-
қағанның бейнесі берілген. Ертедегі космогониялық сипаттағы аңыздар
бойынша ел басқарушы қаған өзінің өмірлік бастауын күннен алған десе,
оның жұбайы өмір негізін айдан алған делінеді. Сол себепті де ол Ай-қаған
аталыпты.
Тарихи деректерде ежелгі түркі әйелдерінің үй шаруасы, бала
тәрбиесімен шектеліп қана қоймай, қажет кезде қолға қару алып елін, жерін
жаудан қорғағандығы, парасат-пайымымен билікке де араласқандығы жайлы
мәліметтер келтірілген. Адам ұрпағын жалғастыру мен сақтау мүмкіндігі
әйелді өте жоғары әлеуметтік сатыға қойған және оның өмір беруші ретіндегі
орны жоғары бағаланғандығы археологиялық мәліметтер негізінде де
тіркелген. Әйел образдары аңыз-әңгімелерде баяндалумен шектелмей, ежелгі
дәуірде тастан қашалып жасалған балбал мүсіндер арқылы да бүгінгі заманға
дейін жеткен.
Сақтар үшін әйелдер үй, балалар, қысқаша айтқанда, бүкіл болмыс
дүниенің бейнесі еді. Сондықтан да осыны ескере отырып, қыздарына еркін
тәрбие берді. Сақтар өздерінің салты бойынша қыздарын 13 жасынан бастап
садақ ату, найзаласу, қылыштасу сияқты соғыс өнеріне үйреткен. Үнемі
көшіп-қону және үздіксіз соғыстар кезінде көшпенділер үшін адам саны
аздық етсе де үлкен кеңістікті ұстап тұруға мәжбүр болды. Сондықтанда да
сақ қоғамындағы гендерлік тепе-теңдік, амазонкалар немесе жауынгер
әйелдер феномені осы жайтпен түсіндіріледі. Сол себепті де сақтар –
кейіннен ғұндар, түркілер мен моңғолдар мұрагерлері болған көшпенділер
мәдениеті мен эстетикасының тұңғыш жасаушылары болған.
Сақ тайпаларынан батыр әйелдер көп шыққан. Патшаның қызы, Мермер
қолбасшысының әйелі болған Заринаның батырлығын, отансүйгіштігін
баяндаған және Селжүк мемлекет басшысының қызы Төребек-ханымның
ақыл-айла арқылы Хорезмді төнген қауіптен құтқарғандығы жайлы аңыз-
әңгімелер тарих беттерінде қалған. Сонымен қатар, кейбір дерек көздерінде
сақ қыздарына өз ерліктерін ұрыс алаңында көрсетпей тұрып, тұрмысқа
шығуларына тиым салынғандығы туралы да мәліметтер кездеседі.
Парсылардың патшасы Кирдің басын алып, елін жаудан қорғаған Тұмар
(Томирис) патшайымның есімі тек түркі халықтарының тарихында ғана емес,
әлем тарихында да танымал.
Бүгінгі таңдағы түркі тектес кейбір халықтардың тілдік қолданысында
сақталған «қатун», яғни қазақ тіліндегі «қатын» сөзінің мәні мен мағынасы
тереңде жатыр.
«Қатун» сөзі түркі билеуші әйелдерінің жоғары лауазымдық атағы мен
мәртебесін білдірген. Түркі ортасына бұл атақ монғол тілі арқылы енген және
қытай жазба деректерінде «xatun» түрінде сақталған. «Қатун» сөзіне жақын
«қатын, хатун, ханым» сынды фонетикалық нұсқалар «ерге тиген әйел»,
«зиялы адамның әйелі», «үй иесі» және «ханым» деген ортақ мағынада
қолданылады. Руникалық жазба дәуірінде «қатун» атағы «қаған» атағымен
үнемі бір жұптық бірлікте қолданылған. Тақ мұрагерлерін тағайындау
28
барысында жүйелілік құқығын қатундық жақтан сақтамау көшпенділердің
ру-тайпалық қатынастарға негізделген мемлекеттік бірлестіктерді әлсіретіп
отырған. Мұндай жағдайда қатунның орны мен маңызы бірнеше есеге арта
түскен және оның шығу тегі таққа отыратын үміткерді таңдауда негізгі
өлшем болған.
Бұл мысалдар көне замандарда өмір сүрген әйелдер қауымының
мемлекеттік істерге араласып, ел болашағына әсер ете алғандығын анық
көрсетеді. Халық даналығы «әйел – мойын, еркек – бас» демекші, әйелдер
бүтін бір мемлекеттің бейбітшілік пен татулықта өмір сүруіне барынша
атсалысқан. Ұлы дала әйелдері белгілі бір жас кезеңінде еркін жауынгер,
халық пен жерді қорғаушылар ретінде тәрбиеленіп, шаруашылықты өз
бетінше дербес жүргізуге машықтанды.
Қазақ мәдениеті әдеби мұралар мен жәдігерлерге бай. «Алпамыс батыр»
жырындағы Гүлбаршын бейнесі, «Қобыланды» жырындағы Құртқа бейнесі,
«Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс ару, ал «Қамбар батыр» жырындағы
Назымның бейнесі отбасының ұйытқысы, ер адамның сүйеніші, адал серігі
болып, отағасының бақытты ғұмыр кешуін бірінші орынға қоя білетін
образдармен сипатталған.
Қожа Ахмет Ясауидің жиен шөбересі Нұрила ел аузында «Домалақ ана»
есімімен танымал. Ол XIV ғасырда өмір сүрген. Домалақ ана Бәйдібек бидің
жары болған. Домалақ ананың жау қолында кеткен үйір-үйір жылқыларды
үйде отырып-ақ қайтарғандығы туралы аңыз-әңгімелер ел аузында жиі
айтылады. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен
ерекшеленіп, ел билеген. Әулие ана атағына ие болған Домалақ ана парасат-
пайымы, ақылымен, кемеңгерлігімен халық жадында сақталып қалды. Түркі
халқының асыл аналары мен қыздарының әрекеттері арқылы сол кездегі әйел
образын, мәртебесін, қоғамдық рөлін көре аламыз.
Еуразиялық дала мен Орта Азияға VIII ғасырдан бастап ене бастаған
ислам дінінің қазақ мәдениетінің түркілік түбіріне, қазақы дәстүр мен қазақы
әйел болмысына ықпалы мол болды. Қарахан дәуірінен кейін Шыңғыс
ханның немересі Берке хан Алтын Ордаға ислам дінін енгізді. Ал бұл
империяның жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы
Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтың «Дін Өзбектен
қалған», «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда
хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген халық аузындағы сөздері де осыны
дәлелдейді.
Ислам діні дәстүрлі мәдениетімізбен үйлесімдікте дами отырып, қазақы
әйелдерінің болмысына мұсылмандық құндылықтарды сіңірді. Әйелдердің
құқықтары мен міндеттерін айқындайтын заңнамалық құжаттарға Шыңғыс
ханның құрастырған «Жасағы» мен Тәуке ханның «Жеті жарғысын»
жатқызуға болады. Бұл құжаттардан кейін алдында «Қасым ханның қасқа
жолы», Есім ханның ескі жолы» деген заң жобаларының болғандығы белгілі.
Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні анаға, әйелге ерекше мәртебе берді.
Христиан діні дүниетанымында «Адам-Ата Хауа-Ананың азғыруы
29
салдарынан күнә жасап, мәңгілік жәннаттан қуылды» деген түсінік бар. Орта
ғасырларда Батыс шіркеулері бар жамандықтың бастамасы әйел бойында
жасырынған деп түсініп, инквизиция мен қуғын-сүргінге жол берген. Ал
Ислам дінінде керісінше «Жәннат ананың табанының астында» деп, әйел
адамдарға ерекше құрмет көрсетті. Ислам дінінің құндылықтары арқылы
қазақ әйелдері өз болмыстарындағы көркем қасиеттерді әрмен қарай
жетілдіре түсті.
Қазақ әйелдеріне тән көркем мінездер мен өжеттілік қасиеттер
ғасырлардан ғасырларға жалғасын тапты. Қазақ тарихы жоңғарларға атойлап
шапқан Қабанбай батырдың қызы – Назымды, бірнеше шешуші жорықтарда
көзге түскен Абылай ханның қызы – Гауһарды, талай ақтық шайқастарда
ерен ерлік көрсеткен Айтолқынды, найманның батыр қызы – Жанқайды
жадында сақтап, ұрпаққа дәріптейді. Бұлардан өзге ақылдылығымен,
әулиелігімен аты шыққан Бегім ана, Бұланбай батырдың жары Айбике,
Кенесарының қарындасы, 500 сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына
қарсы соғыста ғажап ерлік көрсеткен Бопай, Шоқанның әжесі, бірнеше
шығыс тілдерін білген, өз халқының мұң-мұқтажы туралы Ресей Сыртқы
істер министрлігінің Азиялық департаменті мен үкіметінің Сібір комитетімен
хат алысып тұрған Айғаным ханша тәрізді ел арасында беделі жоғары әйел
аналар аз болмаған.
Түркі дүниесін терең зерттеген тарихшы – ғалым Лев Гумилев: «Көне
түріктер» деген іргелі зерттеуінде: «Түркілер әйелдерді сал-серілердей қатты
құрметтейді. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан
кейін барып әкесіне сәлем берген. Орхон жазуында да ордада апа-
қарындастары қалып қойып, оларға ажал қаупі төнгенде, Күлтегіннің оларды
жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жырланады... Түркілерде
анасының шыққан тегіне айырықша мән берілген», - деп түркілердің әйел
ананы отбасының құты мен ырысы, ұйытқысы мен жылуы деп танығандығын
жазған.
Бүгінгі таңда кең қолданысқа ие «Жігіттің жақсы болуы нағашысынан»
деген мәтелдің өзі көп нәрсені аңғартады. Түркілердің сонау арғы тек ретінде
аналарын санаған ежелгі дәуірден қалған түсініктері «Қорқыт ата»
жырындағы «Төбекөзді өлтірген Бисат туралы жыр», «Алпамыстағы»
Алпамыс пен Ұлтан құл хикаялары арқылы көрсетілген.
Жиренше шешен мен Қарашаш сұлудың тарихы да алтын әріптермен
әдебиет тарихына жазылып қалды. Жиренше шешен қазақтың дәстүрлі ауыз
әдебиеті арқылы халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы тұлға.
Оның әйелі Қарашаш ақылды әрі тапқыр жан ретінде суреттелген.
Қазақтың арқалы билерінің Ескелді би:
Әйел – үйдегі ырысың,
Ұл – айбарлы қылышың.
Қыз – түздегі ырысың,
Келін – кеңейген тынысың.
Қиямет көрсең де ғұмырдан,
30
Табаның таймасын тұғырдан, - дей отырып, ежелгі заманнан бері
адамзат тәрбиесінің арқауы болған әйел адамдардың өзіндік рөліне барынша
мән береді.
Қазақ халқының дүниетанымына әйел бейнесі Ұмай ана культімен
байланыстырылып, жер сипатына тән өнім беру, яғни ұрпақты өрбіту
түсігімен астастырылып отырған.
Қазақ жыраулық поэзиясының көрнекті өкілі Шал ақын:
Алғаның жақсы болса қара жердей,
Жақсыменен сырлассаң шыққан өрдей,
Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын,
Аң алмаған күйшіл құс – бәрі бірдей, - деп жырлайды.
Ел басына күн туған қиын-қыстау замандарға қарамастан қазақ халқы
шоқтығы биік ұлт болып қалыптасты. Елдің ел болуына әйелдер қауымы
үлкен үлестерін қосып келді. Әйелдер отбасы – ошақ қасы ғана емес, ұрыс
алаңы мен қоғамда да өз орнын ала білді. Ерінің, елінің, ертеңгі болашақ
ұрпақтарының қамқоршысы бола білді. Түркі халықтарында әйел
адамдардың құқықтары ер адамдардан кем түспеді. Олар арқашан үлкен
мәртебе мен құрметке ие болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен –
әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден
қорғалуынан танылады.
Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған
ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық
мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке
лайық болды және құрметтелді де.
Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған,
бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей
таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан
дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның
нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды.
Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен
әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне
сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған
аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ
ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-
ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық
қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген
жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз
қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз,
жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.
Ал асыраушысы жоқ отбасына келсек, «Жесір ерден кетсе де елден
кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Аға өлсе, ініге мұра», «Елде болса,
ерінге тиеді» деп мақалдап, әрбір адамгершілік, туыстық қатынасты өз
31
орнына қойған кешегі қазақ қоғамы жетім мен жесірді қорғансыз
қалдырмаудың қамын ойлап, тұтастай бір қамқорлық институтын
қалыптастырған болатын. Астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен
беріп, кез келген жағдайда асыраушысы жоқ отбасына көмек көрсету бір
рулы ел үшін айнымас дәстүр болған.
Достарыңызбен бөлісу: |