18. «Сопылық» ұғымы туралы
«Сопылық» немесе «тасаууф» (араб. فَوصتلا) – ежелден қазақтың діні мен
дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде
Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін,
мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге
жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді. Жалпы, бұл ұғымның
мағыналарын бір ауыз сөзбен түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Сондықтан әр
заманның мұсылман ғалымдары бұл ұғымға әр түрлі түсініктемелер берген.
45
Жаңа ғасырдың әйгілі ислам ғалымдарының бірі Саид Рамазан әл-Бути
өзінің «Фиқһ ус-Сира» кітабында тасаууфқа қатысты өз ойын былай
білдірген: «Барлық мұсылмандар жүрегінің ахуалын кемелдендіру үшін
еңбектенуі керек. Ислам ғұламаларының басым бөлігі жүректі кемелдендіру
әдіс-тәсілдерін зерделейтін ілімді тасаууф, яғни сопылық деп атайды,
кейбірі оны ихсан, ал кейбірі сулук деп біледі».
Тілдік мағынасы жағынан алғанда, «суфи» және «тасаууф» сөздерінің
шығу төркініне қатысты бірегей бір пікір жоқ. Бұл сөздердің шығу тегі мен
тілдік мағыналары жайында түрлі хабарлар бар. Солардың бірі Мұхаммед
пайғамбар дәуіріндегі тақуа жандардың «асһаб ус-суффа» деген атауымен
байланысты. «Асһаб ус-суффа» Мұхаммед пайғамбардың Медине
қаласындағы мешітінде өмір сүрген кедей сахабалар еді. Олар дүниелік
істерден алшақтап, тек ілім үйренумен және дәріс берумен шұғылданатын.
Ибн Халдун өзінің «Муқаддима» кітабында тасаууф атауы – «суф», яғни
жүн немесе иленген тері деген сөздерден шығуы мүмкін деген. Өйткені
дүниелік істерді тәрк етіп, өмірін толығымен Жаратушыға құлшылық
жасауға арнаған заһид (аскет) адамдар жүннен тоқылған немесе иленген
теріден тігілген киімдерді киюді жөн санады. Ибн Халдун оларды мұнымен
дүниеқұмарлықтан арылтатын өмір сүру салтын өздеріне лайық деп
табатындықтарын жеткізген.
Ал «суфи» атауы әлі танылмаған кезде тасаууфты ұстанғандар әр жерде
әр түрлі атаулармен аталатын: «ғураба» – елін тастап, ілім іздеп кеткендер,
«сайияхин» – ілім үшін бір мекеннен екінші мекенге барғандар, «фуқара» –
айналадағы және қолдағы барлық нәрсенің иесі Алла деп, одан басқа
ешкімнен ештеңе сұрамайтын пақырлар, «нурия» – жүрегін нұрмен
толтыруға әрекет етушілер, және т.б. Сухрауарди «суфи» ұғымына қатысты
«муқаррабун» (Жаратушыға жақын жандар) деген атауын қолданған.
Сопылық – ислам дінінің үш ұстынының бірі – ихсан мәселелерімен
айналысатын ілім. Ихсан – сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық
мақамы. Алланы көрмесең де көріп тұрғандай құлдық ету. Бұл мақамда адам
Алланың көркем есімдері мен сипаттарын тануға ынтасын жинап, рухани
шабытқа қауышады.
Сопылық Мұхаммед пайғамбар заманында жеке ғылым ретінде әлі
қалыптаспаған еді. Өйткені оған қажеттілік жоқ болатын. «Асру саада», яғни
алтын дәуірдің адамдары пайғамбарға жақын болғандықтан, табиғи түрде
жүректерін тек Жаратушыға арнаған, құлшылығы көп, шынайы тақуа жандар
болған. Сол үшін оларға рухани мақамдарды бағындырған ұстаздар мен
арнайы жүйеленген тәрбие ережелері қажет болмады. Олардың өмірлері
пайғамбар мен кемеңгер сахабалардың қоғамында өткендіктен, олар табиғи
түрде тақуа болатын. Бұл адамдардың аты «сопы» болмаса да, заты
сопылыққа сай еді.
Тасаууф методологиясы бойынша ғибадаттарға мұқият болу, нәпсіні
тәрбиелеу және жүректі жаманнан тазалап, жақсымен толтыру арқылы ғана
адам ихсан дәрежесіне жете алады. Сондықтан сопылық «илми тазкия»
(жүрек ілімі) және «илм ул-ахләқ» (мінез-құлықты түзейтін ілім) деп те
46
аталатын болған. Себебі жүрек түзелсе, адамның ниеттері мен іс-әрекеттері
де түзеледі. Осыған орай, сопылық тариқаттар жүректі нәпсінің тізгінінен
азат етудің өзіндік жолдарын қалыптастырды. Нәпсіні бағындыру әрі көңілді
пәк ету үшін олар көптеген машақаттар шегеді. Дегенмен, тасаууфтағы
машақат шегу тек сабырлы болу немесе қиындықтарға төзімді болу деген
мағыналармен шектелмейді. Бұл машақат – Хақ жолында адам өзіне саналы
түрде ұлы мақсатты белгілеп, оған қол жеткізу үшін ерікті түрде мойнымен
көтерген ауыртпашылықтарды жеңу машақаты. Шынайы сопылар
Жаратушының мейірім-шапағатына бөлену мақсатында тәнін де, жанын да
қинап, қиын сынға түсті, шыдады. Сопылар адамның нәпсісі мен көңілін
машақаттармен шынықтыруды темір ұстасының болатты лаулаған отпен
шыңдауымен теңейді.
Тасаууфтың мақсаты – адамның рухы мен нәпсісінің үйлесім табуы,
жүрегін тазартуы, әдептілігі мен мінез-құлқын көркейтуі, ақыл-парасатын
кеңейтуі арқылы «кемел адам» дәрежесіне жету. Сондықтан кейбір сопылар
тасаууф ілімін «тахаллуқ және тахаққуқ» деп те атаған. Тахаллуқ (قَلخت) –
исламдағы мінез-құлық нормаларын үйрену, ал тахаққуқ (قَقحت) деген – сол
көркем мінез-құлықты адамның өз бойында іске асыруы, сіңдіруі, соның
нәтижесінде рухани кемелдену арқылы кейбір ақиқаттарды меңгеруді
білдіреді. Яғни тасаууфты ұстанған адам айналасындағы қоғамға көркем
мінез танытады, әрі Құдайды тану арқылы оған жақындай түседі.
Сопылық жолына түскен адам сөзі мен ісінде пайғамбардың мінезін
танытып, шариғаттың әмірлерін орындайтын әрі тыйымдарынан тыйылатын,
Жаратушының тағдырына бойсұнған жан. Шынайы сопы – шариғатта
ұнамсыз және тыйым салынған істерден бойын алшақ ұстап, тіпті барлық
күмәнді нәрселердің маңына да жоламайтын тақуа адам. Сондықтан
сопылықты ұстанатын адам шариғатты, фиқһ ілімдерін жете меңгеруге
әрекеттеніп, амалдарды алған біліміне сәйкес орындап, исламдағы әдеп
нормаларын бұлжытпай орындайды, әрі тақуа және салиқалы жандармен
қарым-қатынасын үзбейді.
Егер де аталмыш шарттардың бірі орындалмаса, бұл адамды шынайы
сопы деп тануға болмайды. Жинақтай келгенде, исламдағы сопылық –
момынның Жаратушыға деген иманын әрекетпен қуаттайтын, кез келген ісін
Алланың өзін көріп тұрғанын сезіне отырып жасауға үйрететін, адам рухын
нәпсі үстемдігінен құтқарып, өзінің «мендігін» ұмыттырып, Жаратқанның
қалауына толықтай бойсұынуға тәрбиелейтін мектеп.
Сопылық ислам дініне ориенталистер мен кейбір шығыстанушылар
айтқанындай үнді, грек немесе христиан діндерінің ықпалымен енген жат
дүние емес. Сопылықтың негіздері мен ережелері пайғамбардың ғибратты
ғұмыры мен тағылымға толы тұлғасынан, саңлақ сахабалардың өнегеге толы
өмірінен, исламның негізгі қағидаттарынан алынған дүниелер.
Шынайы сопылықтың келбетін ежелден қазақ даласында алғаш болып
ислам дінін таратқан әулиелер мен пір-ұстаздардың тұлғасынан көруге
болады. Өмірін толығымен дінге, Хаққа қызмет етуге арнаған бұл жандар
исламды халыққа сөзімен, ісімен, әдебімен танытты. Мұндай тұлғалар дін
47
тарихында Нақшбандия, Қадария, Руфаия, Яссауия, Шазилия секілді
көптеген сопылық тариқаттардың (мектептер) негізін салған.
Сопылықты, тариқатты ұстанатын адам ең әуелі шариғат ілімін жақсы
меңгеруі тиіс. Түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмет Йассауидің хикметтері
адамдарды тазалыққа, адалдыққа, қанағатшылдыққа, кісі ақысын жемеуге,
қиянат жасамауға үндейді. Қожа Ахмет «Мир’ат ул-қулуб» (Жүректердің
айнасы) атты еңбегінде алдымен шариғатты, одан кейін ғана тариқат,
мағрифат және ақиқат деп сопылық жолының мәртебелерін сатылап көрсетті.
Сондай-ақ ол білімсіз сопылықты:
«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің
Шайтан келіп, имандарын алар екен»,
деп мінеген.
Сопылықтың ілімсіз болмайтындығы туралы өз ойын Әубәкір Кердері
де:
Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстап көрсең тәуір жол,
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол,
деген өлең шумақтарымен жеткізді.
Ислам дінінің қазақ даласына емін-еркін таралуына сопылық елеулі
ықпал еткендігі белгілі. Қазақ зиялылары мен дін қайраткерлері сопылық
ілімінің шынайы мақсаттарын жақсы түсінген, әрі оларды жүзеге асыру үшін
өздері де көп тер төкті. Сол мақсаттардың бірі – парасатты, кемел адамды
тәрбиелеп шығару. Абайдың: «толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен
негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан
әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған
адам» деп айтқаны сопылық іліміндегі кемел адамның тұлғасын білдіреді.
Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды
көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл –
ғылыммен астасып кетеді.
Қорыта келгенде, шынайы сопылық ілімі қазақ халқының
мұсылмандықты ұстанатын ұлт ретінде қалыптасуына, әрі діни-рухани
құндылықтардың күнделікті өмір салтында берік орын алуына ықпал етті.
Мұны Яссауидің жырларынан бастау алатын абыздар мен жыраулар
поэзиясындағы және Қорқыттан бергі ән-күйлердегі сопылықтың сарынынан
байқауға болады. Ислам дінінің қазақ даласында орнығуына үлкен ықпалы
болған сопылық жол қазақ халқының дәстүрлі, рухани құндылықтарының
қалыптасып, мәдениеті мен өркениетінің дамуына да орасан көп ықпал
жасады.
19. «Тариқат» ұғымы жайында
Тариқат (араб. ةقيرطلا – жол, әдіс-тәсіл, сулук) ұғымы – қазақ тіліне діни
термин ретінде сопылық ілімнің таралуымен енген сөз. Тасаууфқа қатысты
48
ғылыми кітаптарда, жазбалар мен шығармаларда тариқат атаулары мен
мақам түсініктері жайында көп жазылған. «Тариқат» сөзінің терминдік
мағынасы – жол, яғни Жаратушының мағрифатына қол жеткізуге ниеттеніп
бел буған адамның парасатты-рухани кемелдену жолы.
ІХ ғасырдың басында тасаууфтың теориялық негіздері жасалып,
сопылардың практикалық, рухани-психологиялық машықтары, өзін-өзі
тәрбиелеудің тәжірибесі, шынықтырудың әдіс-тәсілдері қалыптасты. Осы
кезде «тариқат», «мағрифат», «хақиқат» деген ұғымдар қолданысқа еніп,
олар дербес ілім ретінде қалыптасқан тасаууфтың құрамдас үш бөлігі ретінде
танылды. Тасаууфта көптеген тариқаттар жарық көрген. Олардың ішінде
мысалы Тайфурия, Қадирия, Сухрауардия, Бекташия және Орта Азиялық
Нақшбандия, Кубрауия, Йассауия және т.б. тариқаттарды атап өтуге болады.
Бұл тариқаттар бір-бірінен тек шәкірттерін тасаууф ілімі аясында тәрбиелеу
әдістемесі тұрғысынан ғана ерекшеленді.
Жалпы
алғанда,
тариқатты
тасаууфтың
практикалық
бөлігі,
методологиялық тармағы деп айқындауға болады. Өйткені пір мен мүрит
арасындағы қарым-қатынас қағидаттары мен ережелері, әдеп нормаларын
сақтау, мүритке жүктелетін барлық рәсім-жорықтар осы тариқаттың
шеңберінде жүзеге асады. Тариқат тасаууфтың тармағы ретінде сопыларға
қойылатын талаптардың, қағидалардың, іс-әрекеттердің барлығын өзінде
қамтиды.
Сопылық тариқаттың басты қызметі – тасаууф тәрбиесіне алынған
мүриттердің бойындағы ашық және жасырын кемшіліктерін анықтай
отырып, олардың жүрегі мен санасын жаман ой-пікірлер мен сезімдерден
пәктеу, әдептілікке баулу, адамды рухани кемелдікке жетуіне жол көрсету.
Қате-күнәларынан тазарып, Жаратушысымен қауышуға үмітті адам сол
мақсаттарына қол жеткізу үшін руханияты биік те білгір арнайы мүршит,
ұстаз іздейді. Сондықтан тариқатқа қадам басу дегдарлықтан – ақыретке бет
бұру үшін дүниеден безуден, қанша бай болса да, көңілінде дүние-мүлікке,
нәпсінің құмарлығына бой алдырмаудан, шынайы діни өмір салтына лайық,
нағыз діндар болудан, еркіндік пен қалауды пір-мүршитке тапсырудан
басталады. Дегенмен, сопының тариқатқа өз еркімен кіруі шарт.
Мүрит тәрбиесінің басты мақсаты – мінез-құлық пен әдепті түзеу,
нәпсіні жеңу, адамның бойындағы менмендік, тәкаппарлық, эгоистік
сезімдерді жою. Мүрит пірдің тәрбиесімен тариқаттағы мақамдардан, яғни
рухани сатылардан көтеріліп, Жаратушыға сүйіспеншілігі артады, дүниелік
өмірдің салтанатына қызығушылығы азаяды.
Осыған қатысты имам әл-Ғазали «Ихяай улум-уд-дин» кітабында былай
дейді: «Мүритке оны хақ жолымен бастайтын, үлгі тұтар тұлғасы
болатын шейх-ұстаз қажет. Расында діннің жолы бұлыңғыр, ал
Шайтанның жолдары көп әрі айқын. Яғни шейх – мүриттің қорғаушысы әрі
жолбасшысы болмақ. Сондықтан мүрит өзен жағасымен жетектелген
зағип секілді ұстазының артынан еруі қажет...».
Сопылық тариқатта мақам және хал түсініктеріне көп маңыздылық
беріледі. Мақам – мүриттің тариқаттағы тәрбиенің ықпалымен басып өтетін
49
рухани-мағнауи сатылары. Абу Насыр Сарраж тариқаттың мынадай тоғыз
мақамдарын атап өткен:
1) Тәубе – оралу, яғни кемелдік пен жоғары инабаттылыққа қайту.
Тариқатқа кірген адамның ниеті мен болмысы әуелі осы тәубесімен айқын
болады. Тәубе ету арқылы сопы Жаратушымен қауышу жолында кедергі
болатын барлық нәрселерден бас тартуға ант ішіп, бар ынта-жігерін Алламен
жүздесуге жұмсайды.
2) Тақуалық – адамның діни, адамгершілік, әдептілік парыздары мен
міндеттеріне адалдығын сипаттайтын имандылық қасиеті. Шиблидің
түсіндірмесі бойынша тақуалықтың үш көрінісі бар: тіл тақуалығы, яғни тілді
бос сөздермен былғамау, өсек-жала айтудан сақтау; көз тақуалығы – күмәнді,
күнәлі бейнелерге қарамау; жүрек тақуалығы – ұнамсыз қылықтарды қою,
көкірек көзі ашық көңілге ұнамсыз барлық нәрселерден алшақ болу. Яғни
сопы өзінің тіліне, көзіне, құлағына және аяқтарына ие болып, күдікті және
харам нәрселерден сақтау керек.
3) Зуһд – тақуалықтың жалғасы, оның тағы бір көрінісі. Бұл мақамда
сопының тамақтану, халал мен харамды ажырату секілді істеріне ерекше мән
беріледі. Зуһд сопы үшін дүниенің сән-салтанатынан, қызығушылықтардан
бас тарту болып табылады. Жунайд Бағдади осыған қатысты: «Зуһд – қолды
мал-мүліктен алыс ұстау, жүректі Хақтан басқа барлық нәрселерден пәк
сақтау» деп айтқан. Ал әл-Ғазали болса бұл жайында: « Зуһд дегеніміз –
дүниеден ерікті түрде бас тарту және сол үшін қайғырмау» деп өз ойын
білдірген.
4) Фақр – кедейлік, пақырлық, жарлылық. Әлемдегі жаратылыстардың
барлығы, тіпті адамның болмысы да Жаратушыға тиесілі, оның мүлкі болып
табылады. Кез келген нәрсені тек жалғыз бір Алладан ғана сұрау керек.
Пақырлықты осылай түсінген адам ғана тасаууфтың шынайы мәнісін меңгере
алады.
5) Сабырлылық – төзімділік пен шыдамдылық. Сопылар басына түскен
өмірлік қиыншылықтар мен машақаттар жайында тілімен ешқашан
налымайды, сондай-ақ Құдайдан басқа ешкімнен көмек-медет сұрамайды.
Сабыр – иманның жартысы, өйткені сопының қарсыласы болған нәпсі
сабырлылықпен ғана тізгінделеді. Тағаттылықтан, бойсұнудан ләззат алу
сабырлылық таныту арқылы ғана мүмкін болады.
6) Қауіп – жүректің сенімнен, иманнан айрылып қалудан, күмән мен
күдіктің шырғалаңына түсіп қалудан қауіптену. Мүрит сыртқы әсерлерден
азапқа түсуден емес, нәпсінің қулығына алданып қалудан қорқады.
7) Ража – үміттену. Жүректің келешекте Жаратушысымен қауышуына
үміттенуі, сағынышы, ұмтылысы деген мағынаны береді. Шынайы сопы осы
ража деп ешнәрсеге уайымдамай, қайғырмай тек рухани және құдайлық
ақиқаттарды танып, ішкі тәжірибе арқылы Мағрифатта болуды аңсайды.
8) Тәуекел – адамның орын алған барлық жақсы-жаман істер мен
оқиғаларды Құдайдың қалауынан деп білуі, кез келген жағдайда тек
Жаратушыға сүйенуі. Тәуекел ету – Алланың қолдауына сүйенген адамның
иманы. Ол мағрифат кемелдігінен туындайтын жоғары мақамдағы иман.
50
Тәуекел еткен адам барлық істерде Аллаға арқа сүйеп, өзін Құдайдың
қарамағындағы бір аспап немесе құрал деп санайды. Жақсылықтар мен
жамандықтардың барлығын Жаратушының қалауы мен басына жазған
тағдыры екендігіне шын көңілмен сеніп, оған толығымен бойсұнады.
9) Риязат – жүректі әрлендіру, тағдыр-жазмышқа бойсұну, нәпсінің
разылығына емес, Хақтың разылығына ұмтылу. Риязат – пенденің өзін риза
етуін қойып, Жаратушысының ризашылығына жетуге талпынуы, оның
берген сынақтарына мүлдем наразы болмауды білдіреді. Бұл мақамда мүрит
ешнәрсеге
ашуланбайды,
уайымдамайды,
қайғырмайды.
Құдайдың
ризашылығына қол жеткізген мағрифат өкілдері жайында Қушайри былай
дейді: «Салик (тасаууф жолындағы жолшы) алдымен Хақты, оның
сипаттарын таниды, кейіннен құлшылық пен риязат жасау, нәпсілік
қажеттіліктен арылу, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы Хаққа жақын (муқарриб)
болады. Сонда ғана Алла өзін жақын тануға мүмкіндік береді».
Әр сопылық тариқаты рухани тәрбие беретін мектеп ретінде өзіндік
әдістемелік ерекшеліктерге ие. Дегенмен, олардың барлығына бірдей ортақ
қағидалар мен тәсілдер де бар. Рухты кемелдендіру мен нәпсі тәрбиесіндегі
бұл ереже-тәсілдер мұқым пайғамбарлар мен ислам тарихындағы ұлы
тұлғалардың өмір-тәжірибесінде кеңінен қолданылған. Бұл қағидаларды
мүрит күнделікті өмірінде қолданысқа енгізбесе, оның рухани кемелденуіне
нұқсан келеді. Олар:
1) «Қиллатут-тағам» – тамақты аз жеу. Асқазанды аспен толтырмай, жиі
ауыз бекіту – пайғамбарлар сүннеті. Әсіресе нәпсіні тәрбиелеуде тиімді
тәсілдердің бірі – осы өзін-өзі ашықтыру тәжірибесі. Осыған қатысты
Мұхаммед пайғамбар: «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы – ол тоя тамақ
ішкен қарын. Адам баласына денесін көтеріп жүруге қажет азын-аулақ
(бірнеше асам) тамақ жеткілікті. Ал міндетті түрде жейтін болса, онда
асқазанының үштен бірін – тамаққа, келесі үштен бірін – суға, ал қалған
үштен бірін ауаға арнасын», – деген. Абай да « Қарыны тоқтық, жұмысы
жоқтық аздырар адам баласын» деп, қарын тоқтықты азғындыққа түсумен
теңеген.
2) «Қиллатул-манам» – аз ұйықтау. Ұйқыны қазақтың даналары үш
арсызға жатқызған. Қажеттен тыс көп ұйықтаған адамның нәпсісі семіріп,
оны еріншектік пен жалқаулық басады. Есесіне, ондай адам Жаратушысына
шынайы ықыласпен мінәжат етуді, парыздары мен сүннет амалдарын
орындауды, күнделікті көптеп дұға-зікірлерін жасауды ұмытып қояды. Абай
осыған қатысты: «Анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем,
жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары. Біреуі – білсем екен,
көрсем екен, үйренсем екен демеклік. Мұның бәрі – жан құмары» деп,
ұйқыны тән құмарлығына жатқызған. Рухани кемелденуге талпынған
мүриттер үнемі ауыз бекітіп, ораза ұстаумен қатар, ұйқының уақытын
қысқартып, көбірек Раббысына құлшылық жасауға әрекеттенеді.
3) «Қиллатул-калам» – аз сөйлеу. Бос сөз сөйлемеу, өтірік-өсек сөздерді
тасымау, нәпсінің қалауын білдіретін ойды айтпау, жалпы тілге ие болу –
сопылықты ұстанған тақуа жандардан бұрын, Жаратушының ең сүйікті
51
жаратылыстары – пайғамбарларға тән қасиеті екендігін ескеру қажет.
Сондай-ақ, бұл қасиеттің орындалуы тариқаттағы тақуалық мақамының
басты талаптарының бірі болып табылады.
4) «Ъузлату ъанил-анаам» – оңашалану. Ислам әрдайым адамды жақын
туыстарымен, айналасындағы қоғаммен тығыз достық қарым-қатынаста
болуға үндейді. Көпшілікпен бірге жасалған құлшылық та оңаша орындалған
ғибадаттан абзал саналады. Дегенмен, кей кездері оңашада жалғыз қалып
нәпсіні тәбиелеудің, рухани кемелденудің өз пайдасы бар. Белгілі бір
уақытқа дүниелік қатынастарды үзіп, өзін толығымен Жаратушыға
құлшылық етуге арнау, дене мүшелерін күнәлардан тыйып, көкірек көзінің
ашылуына ықпал жасайтын құлшылық түрлеріне бойын дағдыландыру
секілді тәрбиелеу тәсілдері шынайы тасаууф тариқаттары мен салиқалы
жандар тарапынан жиі қолданылған. Сопылықта оңашалану орындарын
«хилуат» немесе «чилехана» деп атайды. Мұнда сопының жалғыз өзі немесе
ұстаздың жетекшілігінде өзі секілді бірнеше мүриттермен бірге орындауы
мүмкін. Өзін-өзі тәрбиелеу тәжірибесінің мұндай мысалын Мұхаммед
пайғамбардың пайғамбарлыққа дейін Хира үңгірінде оңаша қалып, уақытын
ғибадатпен өткізгедігінен көруге болады. Сондай-ақ рамазан айының соңғы
он немесе жиырма күні бойы дүниелік істерден қол үзіп, мешіттен шықпай,
өзін тек құлшылыққа арнау – исламда иғтикаф деп аталады.
Сопылық тариқаттың пірі, мүршит болу үшін ең алдымен әһлі-сүннеттің
сенімі мен шариғатын терең әрі жетік меңгеруі керек. Туындайтын барлық
мәселелерді исламның құқықтық жүйесі аясында жоғары кәсіби деңгейде
жан-жақты қарастыра білуі шарт.
Мүршиттің өзі де міндетті түрде арнайы ұстаздың, пірдің қолында
рухани тәрбие алған, «сәйру сүліктегі» (ақиқатқа жету жолындағы
жолаушылық) мақамдарды меңгерген, парасаты мен руханияты жетілген
адам болуы керек. Нәпсі тәрбиесі мен рухани кемелдену жолдарының
мәртебелерін толыққанды меңгеріп, әр адамның рухани халы мен табиғатына
қарай тәрбие беруге біліктілігі жетуі қажет. Мұндай адам ілім, амал, хал
тұрғысынан Мұхаммед пайғамбардың шынайы мұрагері болып табылады.
Сонымен қатар, тариқатта тек өзі тәрбие көрген тариқат ұстазынан,
пірінен шежірелі (силсила) «ижазаты» (рухани тәрбие беруге рұқсаты) бар
адам ғана мүршит бола алады. Ижазатта тариқаттың барлық пірлерінің
есімдері, бір-біріне берген шежірелі рұқсаттары көрсетіледі. Яғни тариқат
тәртібі бойынша адамның рухани кемелдену сатыларынан өтіп, өзгелерге
кемелдікке жетелейтін тәрбиені бере алатын тұлға ғана пір қызметін атқара
алады.
Қорыта келгенде, сопылық тариқат – исламның ихсан ұстынын меңгеру
жолы. Шынайы тариқаттың мақсаты мен ондағы әдеп нормалары, машықтар
исламның моральдық қағидаттарынан негіз табады.
Достарыңызбен бөлісу: |