Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты



бет3/4
Дата01.03.2023
өлшемі35,86 Kb.
#70807
1   2   3   4
Байланысты:
для слайда

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты. [6, 46]

Осы төрт жолды өлеңнің әр тармағында бай мазмұн, терең ой жатыр. Төрт тармақтың әрқайсысында белгілі бір нақты іс сипаты көрініс тапқан. Екіншіден, әр екі тармақтағы хабар белгілі бір тиянақталған, аяқталған ойды білдіреді. Абайдың осы өлеңіндегі әр тармақтың астарында үлкен мән, терең мағына бар. Ақын өз заманы мен сол заманның адамы жайлы негізгі шындықты осындай образды ой, ойлы сурет арқылы бейнелеп көрсетеді. Осы төрт тармақты өлеңді орыс тіліне бірнеше аудармашы тәржімелеген. Аудармшы А. Глоба бұл өлеңді былайша аударған:


Я вырастил пса из щенка, -
Он мне ногу раз прикусил.
Обучил я когда-то стрелка, -
Он меня чуть не подстрелил. [4, 212]

Тәржімеде ақын өлеңінің негізгі мазмұны сақталған. Бірақ та, аударма өзінің көркемдік табиғаты жағынан түпнұсқамен теңесе алмайды. Аударманың бірінші тармағындағы күшікке қатысты “обучая” сөзі артық қосылып, қате аударылған. Орыс тілді оқырман үшін бұл айтарлықтай кемшілік болмауы мүмкін. Бірақ, ақын “үйреттім”, “оқыттым” деп отырған жоқ, “асырадым” деген ойды айтып отырғанын естен шығармау керек. Бұл ретте А. Глоба түпнұсқаға Ә. Қодардан әлдеқайда жақын және оның осы аядағы мазмұнын дұрыс берген. Сондай олқылықтар Ә. Қодар аудармасының екінші тармағынан да көрінеді. Одан “ол мені әп-сәтте қауып алды” деген ой туады. Бұл, әрине, ақынның “Ол балтырымды қанатты” деген ойына балама бола алмайды. Түпнұсқадағы ой да, сөз де қанатты, бейнелі және нақты. Ал, аудармадағы ой мен тіл тұрмыстық қалыпта айтылған, нақты емес, жалпы сипатталған. Тәржімеде өлеңнің ұлттық бояуы мен нақышы сейіліп кеткен. Кейінгі екі тармақтың аударылу дәрежесі де осы секілді. Аударманың соңғы тармағындағы “мергеннің бірінші құрбаны болдым” немесе “мергеннің құрбандығына бірінші болып ұшырадым” дегендей ойлар да түпнұсқаның шырайын аша алатын аудармашылық ізденіс қатарына жатпайды.


Тәржімеші А. Жовтис Абайдың осы өлеңін орыс тілінде былай берген:
Собаку я выкормил из щенка, -
И зубы ее испытал.
Меткости я обучил стрелка, -
И сам мишенью стал. [8, 141]

Абайдың адам мен заман бейнесін жасаудағы шын шеберлігін танытатын өлеңдерінің бірі - “Байлар жүр жиған малын қорғалатып”. Бұл өлеңде ақын өз заманының терең шындығын, сол заман шындығынан туып жатқан адам сырын, адам құлқын үлкен шеберлікпен, шыншылдық таныммен суреттейді:


Байлар жүр жиған малын қорғалатып,
Өз жүзін, онын беріп, алар сатып,
Онын алып, тоқсанын дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?- [3, 50]
деген өлең жолдарында суреттелген өмір шындықтарында терең сыр бар. Берілген жолдардың сөзбе-сөз тәржімесін М. Сильченко мынадай түрде жасаған:

Баи живут, оберегая накопленный скот,
Сам /бай/ дает десят /голов/, наровит взять сто,
Добыв десят, надеется на девяносто
Уж не богом ли предназначено это народу? [9, 64]
Бай үшін осында көрсетілген сол құлық түгелдей лайықты екенінде сөз жоқ. Қалай болса да, мал тауып, байлығына байлық қосқысы келмейтін бай болған емес, болмақ та емес. Аудармадағы мұндай қасиеттер байдың қандайының бойына лайықты болғанмен, Абай суреттеп отырған байдың сипаты мүлде бөлек. Ақын өлеңінде екі тұлға қатар көзге түседі. Оның бірі - өз жүзін онын беріп, өзі сатып алып отырған бай. Өз малын өзімдікі дей алмай, өз малына өзі билік ете алмай, қу мен алаяққа он беріп, жүзді сақтап қалып отырған байдың бейнесі өлең жолдарынан анық елестейді. Өлеңдегі екінші тұлға – байдың жүзінің онын алып, енді қалған тоқсанынан дәме қылып отырған аларман. Мұның да бейнесі толық. М. Сильченко осы екі тұлғаның екі түрлі мақсаты мен ісін бір ғана адамның, байдың, бойына жинақтап, соның бейнесін нақтылайды да, одан алып отырған, алған үстіне ала беруге дәме етіп отырған қанағатсыз аларманның бейнесін ұмыт қалдырады. Бұл, сірә, аудармашының өлең мәтінін жете түсінбегендігінен болуы керек.
М. Зенкевич бұл өлең шумағын түпнұсқаға мейлінше жақын аударған:
Бай живет и охраняет свой скот,
Десят подари – сотню бережет.
А тот, кто добудет десят голов
И девяносто в придачу уврет. [8, 33]

Әр тармақ, әр сөз деңгейінде талдау жасағанда да аудармашының түпнұсқа мазмұнын еш өзгертпей, оның мазмұны мен пішініндегі келісімді де сақтай алғадығына көз жеткізе аламыз. Сөйтіп, өлеңдегі адам да, заман да аудармада өз сипаттарымен еркін және толық көрініс табады. Байдың ісі мен күйі қаншалықты анық берілсе, оның малынан дәме етіп жүрген алаяқ аларманның жағдайы да дұрыс ашылған. Түпнұсқаға адалдық аудармашылық өнердегі шынайылық пен шыншылдық ақын өлеңінің аудармасы түпнұсқамен етене жақындатып, ақынның талант табиғатын, ақындық ойлау даралығын мейлінше дәл тануға жол ашады. Өлеңнің бастапқы шумағын аударуда осындай ерекше зерде, үлкен ізденіс көрсеткен тәржімеші кей тұстарда мұнысынан жаңылып қалғандай, түпнұсқа мазмұнын сақтауды міндет етпей, еркіндікке жол береді:


У богатого исстраи сила вся,
Обманщик избит,но не перевелся.
Чтобы честного человека травить,
Наготове любой держит злого пса. [8, 33]

***Ақынның адамдық қасиет, адамшылық іс туралы ойлары “Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап” өлеңінде бейнеленген.


Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап [6, 13]

Осы шумақтың алғашқы екі тармағында бір тақырыптық желі бар. Ол жұртқа сенбеу және оның себебі туралы. Соңғы екі тармақтағы тақырыптық желі - өзіне сену, оның нәтижесі туралы ой. Ақын өзіңе сен дегенде кісінің бойындағы үш қасиетті - “ыстық қайрат”, “нұрлы ақыл”, “жылы жүректі” негізге алып отыр. Сол үш қасиеттің біреуі – ақыл – өлеңде анық көрсетіліп тұр және оған еңбек қосылады. Еңбек – қайраттың қызметі. Олай болса, ақын ақыл мен қайратты қатар ала отырып, “өзің” деген ұғымның астарында “жүректі” мезгеп отырған болуы керек. Осындай іргелі, күрделі, терең ой желісіне құрылған өлеңнің орыс тілінде бірнеше аудармасы бар. Олар – А. Гатовтың, Ә. Қодардың, М. Сұлтанбековтың тәржімелері. Үш аудармашының таным сипаты, шығармашылық ерекшеліктері, шеберлік үлгілері әр түрлі. А. Гатов өлеңнің бастапқы шумағын былай аударған:


Разным людям не верь, что тебя вознесут, -
Ведь они же коварно тебя предадут.
Верь себе! И опора и счастье твое –
Это лишь неразлучные разум и труд. [4, 196]

Түпнұсқадағы серпін, қимыл-қозғалыс, ойдың әрекетшілдігі аудармада біршама берілген. Жұртқа сенбеу, өзіңе сену туралы тақырыптық желі сақталған. Олардың себебі де, нәтижесі де ашылған. Алайда өлеңнің бір жолынан екінші жолына жалғасып, дамып жатқан желілі ойдың тұтастығы қатты әлсіреген. Өлеңде ақыл мен еңбектің қызметі нақты суреттелген болса, аудармада ол жоқ, еңбек пен ақыл сүйеніш пен бақытқа баланған.


Осы өлеңін алғашқы шумағын Ә. Қодар орыс тілінде былай берген:
Пусть хвалят люди, верить не резон.
Ты жди подвоха, если вознесен.
Поверь в себя, тебе помогут дружно
Твой труд и ум твой, взявшись с двух сторон [7, 37]

М. Сұлтанбековтың тәржімесінде мазмұндық нақтылық, дәлдік басым. Әр тармақтың көтеріп тұрған мазмұны, атқаратын қызметі бұл жерде нақты сақталған. Шумақтың жалпы мазмұндық бітімінде де тұтастық бар:


Сколько б тебя не хвалили – не верь,
Хитрость таится в хвалебной молве.
Веру в себя укрепляй, чтоб вдвоем
Разум и труд выводили на свет [10, 25]

Аудармашылардың Абай өлеңдерін өзге тілдерге тәржімелеу барысында жіберген басты кемшіліктерінің себебі олардың түпнұсқа мәтінін, ондағы мазмұн мен мәннің ашық, анық, нақты ұғынып, жалпы, қосалқы мағынасын түсінбеуінде. Ақынның ақындық тұрғысын, ұлттық ойлау ерекшелігін, адам мен заман бейнесін жасаудағы шығармашылық даралығын тәржімеде дұрыс жеткізу аудармашыдан түпнұсқаның нақты және жалпы мазмұнын білуді ғана емес, сонымен қатар оның мағыналық құрылымын, тілін, ақын өлеңдерінің табиғатын танып, білуді талап етеді. Түпнұсқа туындыға негіз болған өмір құбылыстарының сырын, оны ақынның қабылдау ерекшелігі мен бағалау тұрғысын, саралау, жинақтау, даралау машығын, шығармашылық ойлау және шығармашылық туынды жасау процесін терең пайымдау – аударма еңбек үшін, аудармашы үшін өте маңызды шығармашылық саты. Бұл сатыға мән бермей, түпнұсқа мәтінді аударуды тікелей бастап кету – үлкен қателік. Аудармашының шығармашылық тұлғасына тән басты ерекшелік оның қиялының қанаттылығында. Қанатты қиял жоқ жерде, аудармашы шығармашылығында шырай да болмайды. Бірақ, қиялдаудың да, қанатты қиялдың да орны болуға тиісті.


Қорыта келгенде, Абайдың поэтикалық тілінде ұлттық бояуы қанық, тұрмысқа, салтқа байланысты қалыптасқан, орыс, ағылшын тілінің лексикалық қорында кездеспейтін сөздер ақынның ұлттық ойлау даралығымен тығыз байланысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет