2-бағыт. Орта білім беру жүйесі арқылы саналы және жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру
1-параграф. Орта білім беру мазмұнын жетілдіру
2021 – 2022 оқу жылында орта білім берудің МЖС-н, оқу бағдарламалары мен жоспарларын, оқыту мен білім беру әдістемелерін өзгертуге, критериалды бағалау жүйесін енгізуге негізделген білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу аяқталды.
Орта білім беру мазмұнын одан әрі жетілдіру тұжырымдамалық және әдіснамалық негіздерді айқындау арқылы жүзеге асырылатын болады.
Білім берудің заманауи моделін құрудың ғылыми-теориялық негізі гуманистік парадигманың тұжырымдамалық идеяларын жүзеге асыруға бағытталған тұлғалық-белсенділік және құзыреттілік тәсілдер болып табылады.
Елде білім беру мазмұнындағы құзыреттілік тәсілді іске асыру маңызды, өйткені TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінде білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін анықтайтын көрсеткіштері салыстырмалы түрде төмен.
Құзыреттілік тәсілі іс-әрекетке деген көзқарастың негізгі тұжырымдамасын қамтиды – «іс-әрекет арқылы оқыту» және оны білім алушы игерілген білімді іс жүзінде қолдана білуі керек деген талаппен күшейтеді.
STEM-тәсіл білім беру жүйесінің инженерлік-технологиялық трендінің талаптары, яғни осы саланы дамытудың жаңа парадигмасының инновациялық құрамдас бөлігі контекстіндегі тұлғалық-белсенділік және құзыреттілік тәсілдердің интеграцияланған форматын кеңейту және өзгерту болып табылады.
Білім берудің жаңа әдіснамасын, тұлғалық-белсенділік, құзыреттілік тәсілдерін және олардың интеграцияланатын инновациялық STEM тәсілін іске асыру мектеп білімінің мазмұндық-әдістемелік негіздерін трансформациялауды көздейді.
Білім беру мазмұны мектеп түлегінің пәндік, метапәндік және негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған.
Білім беру мазмұнын жетілдіру: білім алушыға оқу жүктемесін төмендетуді, академиялық білімге баса назар аударуды, функционалдық сауаттылықты дамытуды, мазмұнын білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, дағдылар мен құзыреттерді дамытуға бағдарлауды, білім берудің STEM тәсілдері негізінде жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша оқытудың тиімділігін арттыруды, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениеті негізінде тәрбиелік компонентті күшейтуді көздейді.
Жалпы, қолданыстағы МЖБС, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымдық негіздері сақталады. Оқу мақсаттарының мазмұнына және пәндер бойынша күтілетін нәтижелерге өзгерістер енгізіледі. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру МЖС-да оқыту мақсаттары жүйесіне және әрбір пәннің үлгілік оқу бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарға интеграцияланатын құндылықтар қайта қаралады. Мазмұнында көптілді білім беруді іске асыруға, қазақ, орыс және шет тілдерін кезең-кезеңімен және деңгейлік меңгеруді қамтамасыз етуге баса назар аударылатын болады.
Оқу бағдарламаларында инвариант шеңберінде пәндер бойынша оқу материалын қайталауға және бекітуге қосымша сағаттар көзделеді. Барлық үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары енгізілгенге дейін міндетті сараптамадан және апробациядан өтеді. Бағдарламалар кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Мәселен, қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сынып оқушылары «Қазақ тілін» оқиды, 2-сыныпта бағдарламаға «Орыс тілі», 3-сыныпта «Ағылшын тілі» енгізіледі. Орыс тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныпта «Қазақ тілі» және «Орыс тілі» оқытылады, 3-сыныптан бастап «Ағылшын тілі» қосылады. Оқытудың негізгі қағидасы – сөйлеу әрекетінің төрт түрін дамыту (тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу). 5-8, 10-сынып білім алушылары оқыту тіліне қарамастан «Қазақ тілі» оқу пәні бойынша емтихан тапсырады, 10-11-сыныпта «Ағылшын тілі» пәнін топтарға бөле отырып оқуға қосымша 1 сағат енгізіледі, бұл қазақ/ағылшын тілдерін еркін меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазақ тілінде оқытатын мектептерде 5-ші пен 11-сынып аралығында «Әлем әдебиеті» жеке оқу пәнін енгізу мәселесі пысықталатын болады.
«География» пәнінің оқу бағдарламасының мазмұнында қазақстандық компонент күшейтіледі. Мектептегі тарихи білім берудің мазмұнын жетілдіру мақсатында «Қазақстан тарихы» және «Әлем тарихы» пәндері бойынша оқу бағдарламаларында тарихи фактілер мен мәліметтердің хронологиясы, кезеңділігі қайта қаралатын болады.
ЖМБ пәндерін оқыту «Жаратылыстану», «Математика», «Алгебра», «Геометрия», «Алгебра және анализ бастамалары», «География», «Биология», «Физика» және «Химия» оқу пәндерінің мазмұны арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте негізгі міндет білім алушыларда оқытуға пәнаралық, шығармашылық, жобалық тәсілдерге, сабақтастықты сақтауға, жаратылыстану-математикалық пәндер туралы білімді кеңейту мен тереңдетуге, пәнаралық байланысты күшейтуге негізделген құзыреттерді қалыптастыру болып табылады.
5-9-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттіліктер» оқу курсының мазмұнына адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, даралықты, жеке өмір мен қол сұғылмаушылық құқығын сақтауға, қорқыту мен зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған «Тіршілік қауіпсіздігі» бөлімі енгізілген.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні «Алғашқы әскери дайындық» болып қайта аталады. Оқу пәнінің мазмұнында практикалық бөлім күшейтіледі, «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» бөлімін оқуға сағат саны ұлғайтылады.
Негізгі мектеп бағдарламасы бейінді дайындыққа және колледждерде немесе жоғары сыныпта оқуды жалғастыруға бағытталған. Жоғары сыныптарда түлектерді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мақсатты және терең дайындық жүргізіледі.
Білім беру ұйымдарына үздік отандық және әлемдік тәжірибелерді енгізу, вариативтік бағдарламаларды әзірлеу және енгізу арқылы инновацияларды таңдауда дербестік беріледі.
Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу педагогтер мен білім алушыларға арналған электрондық платформалар арқылы жүзеге асырылады, бұл бүкіл оқу процесін цифрландыруға әкеледі. Мазмұнды платформалар, сапалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, оқу процесінде планшеттерді пайдалану білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша дағдыларды дәйекті және жүйелі дамытуға мүмкіндік береді, материалдардың көрнекілігін, қолжетімділігін, даралығын, білім алушылардың дербестігін қамтамасыз етеді.
Барлық сыныптарда мультимедиялық (аудио, бейне), интерактивті мазмұны және геймификация элементтері бар функциялары бар инварианттық пәндер цифрлық оқулықтармен 100% қамтылады. Нәтижесінде бәсекеге қабілеттілік артады, оқу-тәрбие процесі жетілдіріледі, балалардың, педагогтердің жүктемесі азаяды, жалпы білім беру сапасы жоғарылайды. Оқулықтар мен ОӘК әзірлеу және көбейту процесі бәсекелестік ортаға берілді. Нәтижесінде қолданылатын оқулықтарды 20 баспа компаниясы әзірледі. Мемлекет оқу басылымдарының сапасын міндетті сараптама және баламалы оқулықтарды мақұлдау, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК құрылымы мен мазмұнына міндетті талаптарды ұсыну және тексеру және баспаішілік сараптама рәсімі арқылы реттейді.
Бастауыш сыныптарда баламалы оқулықтарды енгізу алдағы жылдары білім берудің вариативтілігін және оқулықтардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Болашақ кәсіпті дұрыс таңдау үшін білім алушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жүйесі енгізілуде. Мектептерде «педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымын енгізу нәтижесінде 4 мың педагог-кәсіптік бағдар беруші өз міндеттеріне кірісті және білім алушылардың белгілі бір кәсіптік қызмет түрлеріне бейімділігін анықтау бойынша іс-қимыл кешенімен қамтамасыз етеді.
Педагог-кәсіптік бағдар берушілердің жұмысына арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді, орта білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың тұжырымдамалық негіздері айқындалды.
Балалардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететін бірыңғай мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын желілік мектептер құрылды. Барлық өңірлерде
Қ. Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер желісі, О. Жәутіков атындағы IT-мектептер, Абай атындағы гуманитарлық мектептер жұмыс істейді.
Үлгерімі төмен, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды негізгі пәндер бойынша онлайн режимде қосымша сабақтар ұйымдастыру арқылы толықтыру үшін «Цифрлық мұғалім» жобасын енгізу жоспарлануда. Жоба үлгерімі төмен балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ақпараттық жүйе арқылы оқытудың бейімделген әдістемесін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Ауылдық ШЖМ-де білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартуға «Цифрлық ауыл мектебі» жобасы ықпал ететін болады. Жоба шеңберінде ауылдық ШЖМ қашықтан оқыту форматында сабақ өткізетін сұранысқа ие білікті педагогтермен қамтамасыз етілетін болады. «Химия», «Физика», «Математика», «Ағылшын тілі» және басқа пәндер бойынша педагогтердің тапшылық мәселесі шешіледі. Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әдістемелік және әдіснамалық сүйемелдеуді, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы педагогтерді цифрлық форматта жұмыс істеуге даярлауды қамтамасыз етеді. ШЖМ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы айтарлықтай нығая түседі.
Мектепті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мектепішілік бақылау жүйесі жетілдірілді, онда ең алдымен мектеп директорларының орынбасарларына, педагогтердің әдістемелік бірлестіктеріне бақылау өкілеттіктерін беру есебінен бақылау субъектілерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға баса назар аударылды. Мақсатын, теориялық тәсілдерін, бағалау критерийлерін және нәтижелерді өңдеу әдістемесін көрсете отырып, мектепішілік бақылау ережесі әзірленді. Мектепішілік бақылау бағыттары бойынша табысты нәтижелер мен кемшіліктерді бақылау негізінде тұрақты талдау және бағалау мектепті басқару қызметінің сапасын арттыруға және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Балалардың білім сапасын арттыру мәселелерінде әр мектептің ішкі ресурсы пайдаланылатын болады. Педагогтер дәстүрлі әдіс-тәсілдерден басқа «сабақты зерттеу», «іс-әрекеттегі зерттеу» әдістерін қолданады, сабақтарға қатысады, кері байланыс береді, сабақтарды бірлесіп жоспарлау мен модерациялауды жүзеге асырады және т.б.
2-параграф. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін орта білімнің қолжетімділігі
Орта білім беру ұйымдарында сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін физикалық кедергісіз қолайлы ортаны, әдістемелік, кадрлық және басқа ресурстарды қоса алғанда, эргономикалық негізде инклюзивті білім беру ортасы құрылатын болады.
Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін педагогтерге (пән мұғалімдері, педагогтер, педагог-ассистенттер және басқалар) қойылатын біліктілік талаптарын жаңарту «Педагог» кәсіби стандарты негізінде жүзеге асырылатын болады.
ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды іске асыру үшін арнайы білім беру ұйымдары орналастырылатын ғимараттар мен үй-жайлардың базалық инфрақұрылымының жалпыға міндетті ең төменгі стандарттарын әзірлеу және бекіту бөлігінде нормативтік құқықтық база жетілдірілетін болады.
ПМПК ашу 50 мың балаға 1 есебінен жүзеге асырылатын болады. Қажеттілігіне қарай, 34 ПМПК ашылады: 2023 жылы – 15, 2024 жылы– 14,
2025 жылы – 5.
ПМПК кабинеттерінің желісі 2025 жылдың соңына дейін 26 бірлікке, мектептер жанындағы инклюзияны қолдау кабинеттерінің желісі 2029 жылдың соңына дейін 200 бірлікке кеңейтіледі.
Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру кезектілікті қысқартады және ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайтады.
Денсаулығында әртүрлі кінәраты бар балаларды ерте анықтау және түзету үшін көмек берудің тұтас жүйесін құру, ППТК мен ОО үшін балаларды ерте дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және бекіту жоспарлануда.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың (балалардың) «бесіктен – мамандыққа дейін» қағидаты бойынша білім беру маршрутының жүйесі пысықталатын болады.
ЕБҚ баланың білім беру маршрутының жүйесі баланы туғаннан бастап мамандық алғанға және оны жұмысқа орналастырғанға дейін сүйемелдеуді көздейді. Бұл тәсіл ЕБҚ адамдардың (балалардың) білім деңгейлерінің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі оның деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы қағиданы сақтау мақсатында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің моделі (балабақша, мектеп, колледж, ЖОО), ерте кәсіптік бағдарлау, ЕБҚ білім алушыларды кәсіптік және кәсіптік даярлау бағдарламалары әзірленетін болады.
Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарын ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеудің үйлестіруші орталығы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, ал арнайы білім беру мәселелері бойынша Арнайы және инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығы болады.
3-параграф. Инфрақұрылымды дамыту және мектептерді жаңғырту
Президенттің сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі жол картасын орындау мақсатында үш ауысымды оқыту, авариялық мектептер және білім алушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу мақсатында
2026 жылға қарай 1,5 млн жаңа білім алушы орнын іске қосу жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2023 – 2025 жылдар аралығында екі ауысымда 841374 білім алушыға арналған 401 жаңа мектеп салынады
(2024 жыл – 482 мың орын, 2025 жыл – 360 мың орын).
Бұл ретте мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды сыртқы келбетімен, білім алушылар мен педагогтердің қауіпсіздік режимін қамтамасыз ете отырып, оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығымен мектеп құрылысының бірыңғай стандарттарын қолдануды, сондай-ақ МЖБС-қа сәйкес алаңдар мен кабинеттер санының сәйкестігін қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ, ерекше тәртіп бойынша «дайын күйінде тапсыру» құрылысы (құрылыс мерзімдерін қысқарту, қымбаттауға жол бермеу) көзделген.
Мектептерде бастауыш сыныптар мен негізгі және орта мектептер үшін асханалары, спорт залдары бар жеке блоктар болады. Білім алушыларға арналған жеке шкафтарды, әр білім алушыға арналған мобильді парта-трансформерлерді орнату көзделеді. Мектептің барлық үй-жайлары, жиһаздар оқу процесін ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу, материалдық және рухани қажеттіліктеріне жауап беретін эргономика талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және жабдықталады.
Сонымен қатар басқа тетіктерді іске асыру шеңберінде (жалпы сипаттағы трансферттер, бюджеттік инвестициялық жобалар, МЖӘ, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жекеменшік мектептердегі мемлекеттік тапсырыс есебінен) 2023 – 2025 жылдары 660 мыңнан астам оқушы орнын енгізу жоспарлануда.
Жеке әріптесті анықтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу қағидалары әзірленетін болады.
Бұдан басқа, 2026 – 2029 жылдарға жыл сайын 160 мыңнан астам жаңа оқушы орнын іске қосу жоспарлануда.
2023 және 2025 жылдар аралығында 6 бағыт бойынша 3000 мектепті жаңғырту көзделді (жыл сайын 1000 мектептен). 2023 жылдың соңына дейін 1000 мектепті жаңғырту шеңберінде 111 мектепте күрделі жөндеу, 507 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізу, 559 мектепке 793 пәндік кабинет сатып алу,
541 мектепте жиһазды жаңарту, 282 мектеп асханасын және 639 мектеп кітапханасын жаңғырту, сондай-ақ 505 мектепте қауіпсіздік жағдайларын жақсарту жоспарлануда.
2023 – 2029 жылдар аралығында робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндері бойынша кемінде 7000 заманауи мектеп кабинеттерін ашу қарастырылуда.
2023 жылдан бастап жыл сайын кемінде 200 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының
2-7) тармақшасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының (бұдан әрі – Қор) қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингілеу және есептілік қағидалары әзірленді.
Қор қаражатын бөлу құрылысы және (немесе) реконструкциялау (жапсарлас құрылыс) Қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын орта білім беру объектілерінің басым тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Қор қаражаты орта білім беру объектілерін салуға және (немесе) реконструкциялауға (жапсарлас құрылыс) жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу; қажетті сараптамалардан өту; жер учаскелерін бөлу; орта білім беру объектілеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу; бұрын Қор есебінен қаржыландырылған орта білім беру объектілерін салудың және (немесе) реконструкциялаудың (жапсарлас құрылыс) сметалық құнын қымбаттауына байланысты шығыстарын қоспағанда жұмсалады.
Уәкілетті орган Қордың шотына қаражат түсімдерінің мониторингін ай сайын жүргізетін болады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру стандартын жетілдіру мақсатында Жан басына қаржыландыру әдістемесіне:
- білім берудің барлық деңгейлерінде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес келтіру мақсатында 2023 жылдан бастап mp коэффициентінің мөлшерін нақтылау;
- «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысында көзделген өзгерістерге сәйкес орта білім беру ұйымдарының нормативіне азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022 жылдан бастап 23 %-ға ұлғайту;
- «Арал өңіріндегі экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген экологиялық қасірет аймақтары бөлінісінде экологиялық қасірет аймағында тұрғаны үшін қосымша ақы төлеу коэффициенттерін қайта қарау;
- орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың белгілі бір санаттарына қаржылық материалдық көмек көрсетуге бөлінетін оқулықтар мен құралдарды сатып алуға және жеткізуге жұмсалатын шығыстар нормасын енгізу;
- «шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар» ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдары үшін қаржыландыру көлемін есептеу кезінде түзету коэффициенттерін алып тастау («Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын коммерциялық ұйым болып табылады) қарастырылған.
Бұл өзгерістер барлық орта білім беру ұйымдары, оның ішінде жеке білім беру ұйымдары үшін қаржыландыру шарттарын жақсартуды көздейді.
Сондай-ақ, жеткізушінің қызметкерлері болып табылатын педагогтердің еңбекақысын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы
31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітілген азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінде көзделгеннен төмен емес төлеуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы шартты жасасу арқылы Министрлік білім беру қызметтерін жеткізушілерге қосымша талаптарды енгізді.
Сонымен қатар білім беру қызметтерін жеткізушілерді білікті педагог кадрларды тартуға ынталандыруды арттыру мақсатында Министрлік мектептерді педагогикалық персоналдың біліктілік санаттары бойынша саралауды енгізуді, яғни мектептерді төмен, орта, жоғары деңгейлер бойынша градациялауды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Тиісінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі мектептің педагогикалық құрамының біліктілік деңгейіне байланысты өзгеріп отырады, сондай-ақ білім беру сапасы бойынша қосымша бақылауды қамтамасыз ету мәселелері пысықталады.
Министрлік нормативтерді жетілдіру жөніндегі жұмысты тоқтатпайды және мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен түрлі тәсілдер мен ұсыныстарды келісу жөнінде шаралар қабылдайды.