Алдыңғы жылдары іске асырылған реформалар мен бастамалардың нәтижелері негізінде білім беруді дамытудың жаңа пайымы білім берудегі басым жүйелік проблемалардан және педагогикалық қоғамдастық проблемаларынан білім алушыға және оның қажеттіліктеріне қайта бағдарлау болып табылады.
Білім беру ұйымдарында адамның білімділік деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар өз өмірлік мүдделеріне, қазақстандық қоғамның мүдделерінде де шығармашылық әлеуетін серпінді әлеуметтік-экономикалық жағдайларда іске асыруға қабілетті, түлектің түйінді құзыреттеріне ие, адамгершілігі жоғары және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін атмосфераны қалыптастыру білім беру жүйесінің таяудағы жеті жылға арналған негізгі бағдарына айналуға тиіс.
2023 – 2029 жылдарға арналған білім беруді дамытудың жаңа траекториялары білім алушыға педагогикалық қолдау көрсету үлгісіне негізделетін болады, мұнда педагог оқу-тәрбие үдерісінің көмекшісі ретінде балаға әлемді өздігінен тануға, өз мүмкіндіктерін ашуға және жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып білім алуға мүмкіндік береді.
Білім беру тұжырымдамасы білім берудің ағымдағы жағдайынан бұрынғысынан сапалы түрде ерекшеленетін басқа жағдайға көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, 2023 – 2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту траекториясы:
- тұратын жеріне және әлеуметтік мәртебесіне байланысты білім беру сапасындағы алшақтықтан сапалы білім алуға қолжетімділікті теңестіруге (мектепке дейінгі ұйымдардың құзыреттілік орталықтары, тірек мектеп, құзыреттілік орталықтары, «цифрлық педагог», жазғы мектеп, кадрларды ротациялау және басқа да тетіктер);
- сапалы білім беру инфрақұрылымының тапшылығынан заманауи санитариялық нормаларға, қауіпсіздікке, жарақтандыру стандарттарына сәйкес келетін объектілермен қамтамасыз етуге;
- педагог кадрлардың тапшылығынан педагог орны үшін бәсекелестікке (педагогикалық мамандықтарға түсу үшін үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту, жұмысқа конкурспен қабылдау, ісін жаңа бастаған педагогтерді сертификаттау және басқалар), педагогтің жоғары мәртебесін қамтамасыз етуге, тағайындау және аттестаттау арқылы білім берудегі сапалы менеджментке;
- оқытудың дәстүрлі бағдарламаларынан білім алушыларды болашаққа дайындауға (білім беру мазмұнының құндылық аспектісін өзектендіру, оқу бағдарламаларының жаһандық құзыреттіліктерді, эмоционалды зияткерлікті, сыни ойлауды, білім алушылардың кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығы негіздерін қалыптастыруға бағытталуы; оқытуды бейіндік саралау және даралау, оқыту бағыттарын таңдаудың кең және икемді мүмкіндіктері арқылы);
- қазақстандық білімнің жергілікті фокусынан сыртқы нарықтарда қазақстандық білімнің және оның түлектерінің қажеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға (білім берудің жүйелілігін, сабақтастығын және үздіксіздігін қамтамасыз ету, инклюзивтілік, барлығы үшін сапалы білім беруге тең қолжетімділік);
- сыртқы бақылаудың қатаң әдістерінен білім беру сапасын жүйелі қамтамасыз етуге және білім беру саласындағы заңнаманың қолданыстағы нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға және он жасаудың себептері мен шарттарын жоюға ұсынымдар беруге бағытталатын шараларға көшуді көздейтін болады.