Қазақстан республикасының азаматтық ҚҰҚЫҒЫ. ОӘК



бет92/150
Дата06.04.2023
өлшемі1,61 Mb.
#79851
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   150
Конкурстық міндеттемелер.



  1. Конкурстық міндеттемелер ұғымы және нысандары.

  2. Аукцион.Тендер

Конкурстық міндеттемеге сәйкес, оның бастамашысы басқа тұлғаларға міндеттемеге қатысуды ұсынады және онда жеңген тұлғаға белгіленген сыйақыны төлеуге және (немесе) онымен шарт жасауға міндеттенеді. Конкурс біржақты мәміле болып табылады. Оның құрамына сыйақыға жария уәде беру, тендер, аукцион және заңда белгіленген басқа да саудаластық негізінде пайда болатын міндеттемелер кіреді. Ашық конкурста ұсыныс барлық тұлғаларға бағытталады, ал жабық конкурста қатысушылар алдын ала анықталып, соларға ғана ұсыныс беріледі (АК 910 б.).
Сыйақыға жария уәде беру – тұлғалардың шектелмеген санына арналып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген жағдайда мүліктік сыйақы берілетіні туралы хабарлама. Ол хабарламаны берген тұлға жұмысты ең үздік орындаған немесе басқа нәтижеге жеткен тұлғаға жеңімпаз ретінде ақшалай немесе басқа нысанда сыйақы беруге міндетті. Жария уәденің мазмұнында тапсырманың мәні, нәтижені ұсыну тәртібі, сыйақының нысаны мен мөлшері, нәтижені хабарлау уақыты көрсетілуі тиіс (АК 911 б.). Егер жария уәде өнер, ғылым, әдебиет туындысына қатысты берілсе уәдені берген тұлға ондай шығарманың авторымен шығарманы пайдалану жөнінде шарт жасаудың басым құқығын иеленеді. Егер уәденің өзінде одан бас тарту мүмкіндігі жоққа шығарылмаса сыйақыға уәде берген тұлға сол уәденің нысанына сәйкес нысанда уәдесінен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда ол уәдеде көрсетілген әрекеттерді жасаған тұлғалардың шығындарын өтеуі тиіс. Өтемнің мөлшері жария уәдедегі сыйақы мөлшерінен көп болмауы тиіс (АК 912 б.). Ойындар мен бәс тігулер. Ойын өткізуші тұлға мен ойынға қатысушының арақатынасы шартқа негізделеді. Ол шарт лотерея билетімен, түбіртекпен немесе басқа құжатпен рәсімделеді және қатысушы соның ақысын төлеген кезден бастап жасалды деп есептеледі. Ойынды мемлекет, әкімшілік-территориялық бірлестік немесе арнайы лицензиясы бар тұлға өткізе алады. Ойын шартына сәйкес ұтқан тұлғаларға арнайы мерзімде белгіленген мөлшерде сыйақы төленеді. Ойын өткізуші өзінің сыйақы төлеу міндетін орындамаса қатысушы сыйақының берілуін және шығындарының өтелуін талап ете алады (АК 913 б.). Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негізделген ойындар мен бәс тігулерді өткізуге байланысты басқа талаптарын сот қорғамайды (АК 914 б.).
Бәс тігуде тараптардың бірі белгілі бір жағдайдың бар екендігін, ал екіншісі жоқ екендігін қуаттайды. Жағдайдың орнау-орнамауы белгісіз факторларға тәуелді.
Тендер (АК 915 б.) жағдайында ұйымдастырушы өзіне түскен ұсыныстардың ішінде ең ұтымды жағдайлар ұсынған тұлғамен шарт жасауға міндеттенеді. Ұсыныстар арнайы мерзімнен кешіктірілмей берілуі тиіс. Қатысушылардың саны 2-ден кем болса немесе ұсыныстардың ешқайсысы ұйымдастырушыны қанағаттандырмаса тендер өтпеді деп танылуы мүмкін. Ұйымдастырушы тендердің жеңімпазымен шарт жасаудан бас тартса оның шығындарын өтеуге міндетті. Қатысушылар кепілдік жарнасын төлеген болса тендер өткен соң ол қатысушыларға қайтарылады. Өз ұсынысынан бас тартқан, оны өзгерткен қатысушыға, шарт жасаудан бас тартқан жеңімпазға кепілдік жарнасы қайтарылмайды.
Аукцион (АК 916 б.) түріндегі саудаластықта сатушы ең жоғары баға ұсынған тұлғаға аукцион затын сатуға міндеттенеді. Аукцион бағаны жоғарылату немесе төмендету түрінде өткізілуі мүмкін. Кез келген жылжитын және жылжымайтын заттар, оның ішінде интеллектуалдық меншік объектілері, шарттар, мүліктік құқықтар, импорттық, экспорттық квоталар және лицензиялар аукцион объектісі бола алады. Қатысушылар алдын ала өтініш береді және кепілдік жарнасын төлейді. Қатысушылардың саны 2-ден көп болған жағдайда аукцион өткізуге болады. Ең жоғары баға ұсынған қатысушы шарт жасаудан бас тартса оған кепілдік жарнасы қайтарылмайды. Шарт жасалған жағдайда кепілдік жарнасы затқа төленетін сомаға есептеледі. Ештеңе сатып алмаған қатысушыларға кепілдік жарнасы қайтарылады.


Тақырыпты пысықтау сұрақтары:



  1. Конкурстық міндеттемелер ұғымы және нысандары.

  2. Аукцион.Тендер дегеніміз не?





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   150




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет