Қазақстан республикасының азаматтық ҚҰҚЫҒЫ. ОӘК


Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты



бет89/150
Дата06.04.2023
өлшемі1,61 Mb.
#79851
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   ...   150
Байланысты:
аза стан республикасыны азаматты Ы Ы. О К

Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты.



  1. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының түсінігі, мазмұны.

  2. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының тоқтауы және шартты бұзғаны үшін жауапкершілік.



1. Мүлікті сенімгерлікпен басқару дегеніміз, басқарушының өз атынан басқа тұлғаның меншік және басқа құқықтарын соның мүддесі үшін барынша тиімді етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттері. Сенімгерлікпен басқарушы мүлікті иелену, пайдалану, билік етумен қатар басқа да әрекеттер жасайды. Мүлікті сенімгерлікпен басқару мәміле, сот шешімі және әкімшілік акт негізінде пайда болады (АК 883 б.). Меншік иесі мүлікті иелену, пайдалану және билік етуге байланысты құқықтарды жүзеге асыру мүмкіндігін сенімгерлікпен басқарушыға береді, ал өзі меншік иесі болып қала береді.
Мүлікті сенімгерлікпен басқару басқа құқықтық қатынастарға ұқсайды. Шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқықтарынан айырмашылығы, мұнда сенімгерлікпен басқарушы мүлікті иелену, пайдалану, билік ету құқықтарын иеленбейді, тек соларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады, ол меншік иесінің пайдасына жұмыс істейді және бұл заттық емес, міндеттемелік қатынас. Тапсырма және комиссия шарттарынан айырмашылығы, сенімгерлікпен басқарушы өз атынан әрекет етеді және заңдық қана емес, нақты әрекеттер де жасайды.
Жалпы, мүлікті сенімгерлікпен басқару тұлғада өз меншігіндегі мүлікті басқару, күтіп ұстау мүмкіндігі жоқ болған жағдайда немесе оның ауыртпалығын көтеруді қаламаған жағдайларда қолданылады. Сондай-ақ мысалы, мемлекеттік қызметшінің кәсіпкерлікпен айналысуға қолданылатын мүлкі заңға сәйкес сенімгерлік басқаруға берілуі тиіс.
Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартына сәйкес, бір тарап (құрылтайшы) екінші тарапқа (сенімгерлікпен басқарушы) сенімгерлік басқаруға мүлік береді, ал екінші тарап сол мүлікті құрылтайшы белгілеген тұлғаның пайдасына басқаруды жүзеге асыруға міндеттенеді (АК 886 б.).
Шартта оның пәні, мерзімі, мүліктің құрамы, пайда алушы, сенімгерлікпен басқарушының есеп беру мерзімдері мен тәртібі, шарт тоқтағанда мүлікті алуға құқылы болатын тұлға көрсетілуі тиіс. Шарт жазбаша жасалады, ал жылжымайтын мүлікке қатысты сенімгерлікпен басқару мемлекеттік тіркеу арқылы жасалуы тиіс. Шарт әрекет еткен уақытта сенімгерлік басқарудың құрылтайшысы ол мүлікке қатысты қандай да бір әрекеттер жасай алмайды.
Сенімгерлікпен басқарушы мүлікке қатысты меншік иесі жасай алатын әрекеттерді жасауға құқылы. Бұл құқыққа шектеулер қойылуы мүмкін және жылжымайтын мүлікті кепілге салу, басқа тұлғаларға беру шартта нақты көрсетілген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Сенімгерлікпен басқарушы шартты орындауға кеткен өз шығындарын сенімгерлік басқаруға берілген мүлік есебінен өндіріп алуға, және алдын ала белгіленген болса сыйақы алуға да құқылы (АК 888 б.).
Егер сенімгерлікпен басқарушы белгіленген шектеулерді бұза отырып сенімгерлік басқарудағы мүлікке қатысты мәміле жасаса, мәміледегі екінші тарап ондай шектеулер жөнінде білмеген және білуге тиіс болмаған жағдайда мәміле жарамды болады. Бұл жағдайда сенімгерлікпен басқарушы құрылтайшының алдында заңға және шартқа сәйкес жауапкершілік тартады, сондай-ақ, ондай мәміледен пайда болған міндеттемені сенімгерлікпен басқарушы өз мүлкі есебінен орындайды.
Сенімгерлікпен басқарушы бұл қызметті жеке өзі орындауы қажет (АК 889 б.). Бірақ, егер сенімгерлікпен басқару туралы актіде арнайы көрсетілсе, немесе пайда алушының мүддесі үшін солай жасауға мәжбүр болса, ол өз міндеттерін орындауды үшініші тұлғаға тапсыра алады. Бұл туралы ол құрылтайшыға кідіртпей хабарлауы тиіс. Акциялар мен басқа бағалы қағаздар сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда сенімгерлікпен басқарушы мына әрекеттерді жасауға құқылы (АК 892 б.):

  • акционерлік қоғамды басқару ісіне қатысу;

  • акцияларға тиесілі дивидендтерді алып, оларды пайда алушыға беру;

  • акционерлік қоғам тараған жағдайда акцияларға тиесілі мүлікті алып, оларды пайда алушыға беру;

  • акцияларды басқаға беру, оның ішінде кепілге салу әрекеттерін жүзеге асыру.

2. Сенімгерлікпен басқарушы басқару қызметін дұрыс атқармаған жағдайда пайда алушы немесе құрылтайшы сотқа арызданып, шарттың тоқтатылуын және шығындардың өтелуін талап ете алады. Бұл жағдайда сенімгерлікпен басқарушы басқару қызметін дұрыс жүзеге асыру үшін барлық шараларды қолданғанын дәлелдемесе кінәлі деп есептеледі. Сондай-ақ сенімгерлікпен басқарушы өз қызметін жүзеге асырудан үшінші тұлғаларға келген зиян үшін өз мүлкімен қосымша жауапкершілік тартады.
Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты жалпы ережелерден бөлек мына жағдайларда тоқтайды (АК 891 б.):

    1. Сенімгерлікпен басқарушы азамат қайтыс болғанда, хабар-ошарсыз кетті деп танылғанда, өлді деп жарияланғанда, және сенімгерлікпен басқарушы заңды тұлға таратылғанда.

    2. Сенімгерлікпен басқарушы шартты өзі орындауы мүмкін емес болуына байланысты сенімгерлікпен басқарушы немесе құрылтайшының шарттан бас тартуы.

    3. Сенімгерлікпен басқарушының шығындарын өтей отырып құрылтайшының шарттан бас тартуы.

    4. Мүліктің кепілге салынғандығын хабарламастан сенімгерлік басқаруға берген жағдайда сенімгерлікпен басқарушының шарттан бас тартуы.

Сенімгерлік басқаруға берілген мүлікке деген меншік иесінің ауысуы сенімгерлік басқаруды тоқтатпайды. Құрылтайшы банкрот деп танылған жағдайда мүлік конкурстық массаға беріледі, ал құрылтайшы азамат қайтыс болған жағдайда мүлік мұрагерлік массаға беріледі. Басқа жағдайларда шарт тоқтағанда мүлік шартта көрсетілген тұлғаға беріледі.
Шартты біржақты негізде тоқтатқан жағдайда тұлға екінші тарапты кемінде 3 ай бұрын ескертуі тиіс.
Тақырыпты пысықтау сұрақтары:



  1. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының түсінігі, мазмұны.

  2. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының тоқтауы және шартты бұзғаны үшін жауапкершілік





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   ...   150




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет