Экономикалық талдаудың мәні, мазмұны және тақырыбы негізінен төмендегі міндеттермен анықталады және тұрады:
• кәсіпорын қызметінде жоспарлаудың ғылыми-экономикалық негіздемесін жоғарлату;
• еңбек, материалдық және қаржы ресурстарының экономикалық тиімділігін анықтау;
• өндірістік үрдістің барлық кезеңдерінде кәсіпорын қызметінің тиімділігін іздеу және қорды көтеруді анықтау;
• кәсіпорын қызметіне әсер етуші объективті және субъективті факторларды анықтау;
• жоспарлар және басқару шешімдерін орындауды бақылау;
• кәсіпорынның ағымдағы және келешектегі қаржылық жағдайын анықтау.
Экономикалық талдаудың негізгі мақсаты - кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттыруды анықтау болып табылады. Экономикалық талдау қолданбалы ғылым болып келеді, бірақ оның нақты пайдасы өндірістік үрдістің барлық кезеңдерінде пайдаланылмаған қорларды анықтауды жүргізген кезде ғана іске асады. Кәсіпорын экономикасын дамыту қарқынын жоғарлату шаруашылық қорының барлығы жұмылдырылғанына, үнемділік режімінің басты қағидасы болып келетін - аз шығындармен, жоғары нәтижеге жету туралы негізгі қағидалар сақталуына байланысты.
Экономикалық талдау мемлекеттілілік, ғылымилық, объективтілік, жүйелілік, кешенділік, жеделділік, пәрменділік, бұқарашылдық принциптеріне негізделген.
Мемлекеттілік принципі экономикалық құбылыстарды бағалаудың мемлекеттік амалдарының негізінде жасалады. Осылайша, меншік нышанына қарамай, құрылымдық бөлімшелердің және кәсіпорындардың қызметін талдау барысында мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, халықаралық саясатын және одан пайда болатын халық шаруашылығының сәйкес даму кезеңіндегі міндеттерді ескеру қажет.
Ғылымилық принципі кәсіпорын қызметінің экономикалық талдаудың жеке әдісі материалистік диалектика және саяси үнемділікке негізделуі тиіс, яғни, экономикалық талдау ғылыми сипатта болып, экономикалық заң талаптарын жан-жақты есепке алып жүргізілуі тиіс. Ғылымилық принципі кәсіпорын қызметін талдау теориясын жетілдіру, қазіргі заманғы экономикалық- математикалық әдістерді және ЭЕМ-ді кеңінен қолдану жолы арқылы жүзеге асырылады.