Маған қара да ғибрат ал
Құмар ойнамаса тұра алмайтын ауруға шалдыққан бір жас жігіттің алдына қойған жалғыз арманы болады. Ол – ең шебер әрі ешкім тең келмейтін құмарпаз болу. Осы мақсатының орындалуы үшін ұстаз іздеп бармаған жері қалмады. Бірақ еш жолы болмады. Ол сонда да үмітін үзбей, ізденісін жалғастыра берді.
Бір күні құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмаршы жайлы хабар алады. Әлгі жас жігіт мұны ести сала баруға бел буып, алдынан бір-ақ шығады. Көрісіп, қол алысып, танысқаннан кейін уақыт өткізбей дереу негізгі мәселеге көшеді. Оған ең шебер құмаршы болғысы келетінін айтып, осы үшін жәрдем беруін сұрайды. Егер үйретер болсаңыз не қаласаңыз да орындауға дайын екендігін айтады. Жасы егделеу тартқан құмаршы:
- Балам-ау, сенің мұнша құмаршы болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Мақсатың не, онымен не істемексің? – деп сұрайды. Сонда жігіт:
- Мен осы жол арқылы тез байығым келеді, - деп жауап берді. Мұны естіген құмаршы тәжірибесін былай бөліскен екен:
- Жігітім, егер құмаршы болу арқылы баюға болатын болса, мен байыған болар едім. Сен мені ең шебер құмаршы деп естіп, келіп отырсың. Мен шынында да, құмарлықтың шегіне шыққан адам едім. Бірақ қазіргі халімді қара, жағдайым өте нашар. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да ғибрат ал!
(210 сөз)
Қайтқанда
Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңадан атқан. Салқын күннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына дейін суландырған.
Ералының кең жазығына келіп ілінген жүргіншілер – ерте көшкен ауылдың ер-азаматтары. Көшіп келе жатқан –Абай ауылы мен көрші ауылдар. Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар – Абай мен оның кей достары, кей ақын-әншілер.
Топтың алдыңғы қатарында Абай, Көкбай, Шұбар – үшеуі өзгелерден озыңқырап,оңаша әңгімелесіп барады. Артқы топ – Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен болатын. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді.
Жүрістің ертелік мазасыздығына қарамай, күн райының мұңды, сұрқай көңілсіздігіне қарамай, ортадағы жастар тобы үнемі дабырлап сөйлесіп, әзілдесіп, күліп келе жатыр.
(245сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |