Дәріс №13
Тақырыбы: Құдайберген Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы.
Жоспары :
Құдайберген Жұбановтың әдебиеттану саласындағы мақалалары.
Құдайберген Жұбановтың «Абайтануға» қосқан үлесі.
Құдайберген Жұбанов (19.12.1899, Ақтөбе облысы, Темір ауд. – 25.2. 1938) – тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры (1932), түркітанушы, педагог.
Құдайберген Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. «Ауыл мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі») журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда «Жаңа грамматиканың жақсылықтары», «Шылаулар», «Қос сөздер», «Біріккен сөздер», «Әдіс, бағдарлама мәселелері», т. б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты.
Абайтану ілімінің қазақ әдебиетінің дамуында үлкен орны бар. Ал осы ілімнің негізгі басында Құдайберген Жұбанов тұр. Абайтану ілімі 30-жылдары қалыптаса бастады. Сол уақытта Мұхтар Әуезов Абайдың таңдамалы шығармаларын жарыққа шығарды. Ал оның алдында Абайдың ғылыми негіздегі өмірбаянын жазды. Сол кезде Абайға қатысты әр түрлі пікірлер айтылғаны мәлім. Осы бағыттағы жұмыста Құдайберген Жұбановтың еңбегі зор. Өйткені ол 1934 жылы «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деген көлемді мақала жариялады. Ал оған дейін Абай туралы ғылыми негізді мақала болған жоқ. Әрине, әр түрлі пікірлер айтылып жүргенімен, шын мәнінде мақала жоқ еді. Ол кісі негізі кітапша шығарам деген ойда болған секілді. Өйткені мақала 25 беттен тұрады, әрі жалғасы бар делінген. Бірақ, өкінішке орай, біздің қолымызда жалғасы жоқ. Мақаланың бағытына қарағанда Құдайберген Жұбановтың қазақ әдебиетіне қатысы қандай деген сұрақ ойландырады. Өйткені Құдайберген Жұбанов жас кезінен әдебиетке ықыласты болған әрі бүркеншік аттармен түрлі мақалалар жариялап, өлеңдер жазған. Бірақ ол тіл біліміне бейім болды да сол ғылымға ауысып кетті. Егер, шын мәнінде әдебиетті зерделесе де, мықты әдебиетші шығатыны анық еді. Себебі ғалымның әлгі мақаласында өз ойын жеткізу шеберлігі өте керемет, таң қалдырады. Бұл мақалада ол екі мәселені қарастырады. Бірі — Абай шығармашылығында Шығыс, шағатай әдебиетінің әсері болса, екіншісі — халық әдебиетіне қатысты. Өйткені ол уақыт Абайды Шығыс, шағатай әдебиетінен үлгі алды деген әңгімені көп айтуға болмайтын қиын заман болатын. Ал Құдайберген Жұбанов сол кезде-ақ Абайдың Шығысқа қатысы бар деген пікірін ашық білдірді. Ақынның алғашқы өлеңдерін айта келіп, Абайдың шағатай әдебиетімен байланысы оның шығармашылығының алғашқы кезеңінде бар екенін айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |