Алғашқы көмек көрсету ең алдымен электр тогының әсерін тоқтату керек. Бұл қажет, өйткені электр сымы соққанда зақымдалушы адамның көбінесе босанып шығуға дәрмені жетпейді. Көмек көрсетуші адам өз басының қауіпсіз болу ережесін де сақтауы керек.
Ток келіп тұрған көзді тоқтату үшін ажыратқыш-қосқыш тетікті, тығындарды, рубильникті ажыратып, көмек көрсетуші адам қолын (резина қолғап киіп немесе құрғақ жүн матамен ұстайды) және аяғына (резина етік киеді) ток ұрмайтындай еткеннен кейін ғана зақымданушы адамды токтан тартып ажыратуы не болмаса зақымданушы адамды басқа да тәсілдермен ток көзінен ажыратуы керек (мысалы, кез келген құрғақ ағаш затпен ток сымын басқа бір жаққа бұру) .
Жүрегі, тынысы тоқтамаған болса, оған толық тыныштық керек (денені сұлатып жатқызады), жылы сусын ішкізіп, мүсәтір спиртін иіскетеді; терісі күйгенде- борлы вазелин жағып немесе сутегінің асқын тотығымен сүртіп, стерильді бинтпен таңып тастайды.
Егер тынысы тоқтап, жүрегі соқпай қалған жағдайда (клиникалық өлім) көрсетілетін алғашқы көмек- дәрігер келгенге дейін реанимация шараларын жасау (жүрекке массаж, «ауызбен ауызға дем үрлеу» арқылы қолдан тыныс алдыру).
Сонымен бірге шұғыл дәрігерлік көмек көрсету және ауруханаға жеткізу, егер ІІ-ІV дәрежедегі зақымдану болса. Егер электр тогынан зақым алғаннан кейін 30—40 минут өткен соң да ұйқы басып, басы айнала берсе, жүрегі қағып, тер басса, тынысы тарылып, денесі тітіркенсе, онда алған зақымы жеңіл сияқты болып көрінгеніне қарамастан, дәрігерлік бақылауға алып, көмек көрсету міндет.
Электр тогынан зақымданудың бір түрі жай отынан- күн күркіреген кездегі атмосфералық электр разрядынан зақымдану болып табылады. Адамды тоқ «шықсын» деп жерге көму керек деген ел арасындағы соқыр сенім — зиянды адасушылық, өйткені жерге көмілген организм тез салқындайды, кеудеге салмақ түсіп сығылады, тынысы тарылады, жүрегі қысылады, пайдалы алғашқы көмек көрсетілуге тиісті уақыт өтіп кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |