Марганец және оның қосылыстары.Өндірісте негізінен тотықтар мен металдармен қосылыстары түрінде кездеседі. Олардың өндірістік көздеріне марганец кенін шығару, құрамына қоспа ретінде марганец қосылатын сапалы болат өндіру үрдістері; дәнекерлік электродтарды өндіру және қолдану; химия, әйнек жасау және электрохимия өнеркәсіптері және басқалар жатады.
Ауада дезинтеграция және конденсация аэрозольдері күйінде болып, марганец қосылыстары ағзаға көбінде тыныс жолдары арқылы, аз дәрежеде асқазан ішек жолы арқылы түседі. Аз еритін фосфаттар түзіп марганец сүйектерде, бас миында, ұлпалы мүшелерде қорға жиналады. Ағзадан асқазан –ішек жолы және бүйрек арқылы шығарылады.
Негізгі зақымдалатын жүйеге орталық жүйке жүйесі жатады, бұл жүйеде дамитын өзгерістердің ішінде келесі өзгерістердің маңызы зор: марганецтің әсерінен холинэстеразаның белсендігі тежеледі, серотонин алмасуы бұзылады, катехоламиндердің биосинтезі бұзылады, сонымен қоса жүйке тініне тікелей әсер етеді. Марганецтен уланудың бастапқы кезеңдеріне астениялық-вегетативтік көріністер (қажығыштық, бас ауыруы, ұйқышылдық), аяқтарындағы әлсіздік, қимыл-қозғалыстарындағы икемсіздік, салғырттық, өз күйіне сын көзбен қарауының жеткіліксіздігі, мимикасы төмендеуінің жеңіл түрі тән.
Содан кейін, жүру кезіндегі қолдардың бірге үйлесімді қозғалуы, жүрісі бұзылуы, бұлшықет тонусы жоғарлауы, бұрынғыдан да мимикасының төмендеуі, көз қарасы қозғалыссыз, кірпігін сирек қағуы сияқты уланудан болған энцефалопатия белгілері пайда болады. Сөйлеуі баяуланған, нашар модульденген. Шеткі мотонейрондардың зақымдануы кезінде бұлшықеттерде гипотония және атрофия дамиды. 3-ші кезеңінде марганецтік паркинсонизмнің айқын көріністері дамиды.
Алдыңғы кезеңдеріндегі аурудың белгілері үдей түседі, қораздың жүрісіне ұқсас жүріс пайда болады (аяқ ұшының бүгілген контрактурасы салдарынан аяқтың ұшының басымен жүру). Про-, ретро- және латеропульсия белгілері айқын бола түседі: бір-екі қадам артқа жүргенде немесе бір жағына қарай бір-екі аттағанда науқастар құлайды, алға қарай жүргенде – кенеттен тез жүріп кетеді. Бұлшықет тонусының қатқыл бұзылыстары тұрақты сіңірлік контрактуралардың дамуын тудырады және науқастардың жүріп-тұруын қиындайды. Күштене жылау немесе күлу эпизодтарымен, қызығушылығының төмендеуімен, эмоционалды жасықтық, интеллект төмендеуімен көрінетін эмоционалды сфераның бұзылуы өседі. Толық мүгедектік пайда болады.
Марганец шаңының әсер етуі кезінде марганецтік паркинсонизммен бірге салыстырмалы түрде қатерлі емес манганокониоздың дамуы байқалады.Марганецпен уланудың алдын алу өндірісте оның улылығы аз қосылыстарымен алмастыруға, өндірістік үрдістерді мүмкіндігінше толық герметизациялауға, автоматтандыруға және механикаландыруға, тиімді ауа алмасуын ұйымдастыруға, жеке басты қорғайтын заттарды міндетті түрде қолдануға, жұмысқа қабылдар алдында қарсы көрсетілімдерін ескеруге, кезеңдік медициналық тексерулер мен медициналық сауықтыру шараларын жүргізуге бағытталады.