Инсульттің алдын алу Инсульттің алдын алу (қайталануын болдырмау) үшін еңбек және демалыс тәртібін дұрыс орнату, дұрыс тамақтану, ұйқыны реттеу, отбасында және жұмыста жақсы психологиялық климат қалыптастыру, жүрек-қан тамырларының ауруларын: ишемиялық жүрек ауруын, гипертониялық ауруды дер кезінде емдеу керек. Ми қантамырларының микрциркуляциясын жақсартатын дәрілік препараттарды, сонымен қатар ми гипоксиясының (оттегі жетіспеуі) алдын алатын препараттарды қабылдау қажет. Инсульттің алдын алу шаралары қантамыр ауруына шалдыққан науқастарды жүйелі бақылап отыруды, тамақтану, ұйқы және демалыс ұйымдастыруды, ұйқыны реттеуді, жүрек-қан тамырларының ауруларын, әсіресе атерсклероз бен гипертониялық ауруларды өз уақытында және дұрыс емдеуді қамтиды.
Х. Гериатриялық науқастың анамнезі
Гериатриядағы диагностикалық қиындықтар баршаға мәлім, оны туғызатын себептер де түсінікті. Сондықтан да анамнез жинақтау гериатрия тәжірибесіндегі науқастарды тікелей бақылаудың негізгі әдісі ретінде үлкен маңызға ие. Егде және қарт жастағы науқастарға
бейімделген классикалық анамнез үлгісі анықталып, ол келесідей бөлімдерді қамтуы керек:
1) жүйелер бойынша сұрақ алу;
2) медициналық және хирургиялық анамнез (шалдыққан аурулары, жасалған оталар);
3) отбасылық анамнез;
4) әлеуметтік анамнез;
5) тамақтану;
6) бұрын қабылдаған немесе қабылдап жатқан емі;
7) сексуалды;
8) психиатриялық анамнез.
Әлеуметтік анамнез тұрғылықты жері мен тұрмыс жағдайы, отбасы құрамы мен жанұядағы кәрі немесе қарт адамға қолдау көрсетуге байланысты өзара қарым-қатынастар, туындаған қажеттіліктерді қанағаттандыруға жәрдем беретін достар мен таныстар туралы сұрақтарды қамтиды. Қандай медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетіліп жатқанын, науқас кәсіби немесе басқа да еңбек қызметін жалғастырып
жатыр, оның қандай көлемде екенін, жұмыспен қаншалықты дәрежеде қанағаттанатынын, қызмет бабындағы жүктемені қалай көтеретінін, ал жұмыс істемейтіндер үшін - өзіне қызмет көрсете алу мүмкіндіктерін анықтау керек. Еңбек қызметінің тоқтатылуынан кейін өзін қалай сезінеді және қоғамдық жұмысқа араласады ма? Жұмыс істемейтін зейнеткер
ретіндегі жаңа өмір жағдайына бейімделуі. Хоббиі бар ма? Абайлап отырып, әйелінің (ерінің) өлімінің қалай тигенін, достары мен
жақындарынан, т.б. алшақтап, өзін-өзі оқшаулап қою үдерісі дамыған ба,
деген жайттарды анықтау керек.
Тағамдық анамнез – ас қабылдау жиілігі, оның ішінде ыстық тамақ
ішу жиілігі, жақсы шайнайды ма, тіс протездері бар ма. Бұрынғы және қазіргі кездегі диетасы қандай? Диетаны үйлестіру мәселелерін (майлар мен көмірсулардың арақатынасы; олардың тағам рационындағы құрамы төмен болуы керек) және ақуыздық тағамның толыққанды болуын (ет, балық, жұмыртқа ақуызы, сүт өнімдері, әсіресе майсыз сүзбе және сүт) анықтау маңызды. Өзі ыстық тағам дайындай алады ма? Алкоголь
пайдаланады ма және қанша мөлшерде? Соңғы айларда, жылдарда салмақ тастады ма? Үйден азық-түлік дүкеніне, базарға немесе асханаға т.б. дейінгі арақашықтық қандай?
Психиатриялық анамнез. Науқаста мазасыздық-күйзеліс жағдайлары немесе суицидтік ойлар болады ма, олардың немен байланысты екенін, туыстарында психикалық сырқаттардың бар-жоқтығын анықтау керек.