147-бап. Камералық ұстаудың негізгі жағдайлары
1. Сотталғандар камераларға осы Кодекстің 115-бабының бірінші бөлігінде белгіленген тұрғын алаңы нормаларына сәйкес орналастырылады. Әрбір секция душ кабиналарымен жабдықталады.
Сотталғандарды ұстауға арналған камералар санитариялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
2. Сотталғандарды тексеру камера бойынша корпустарда, тексеру карточкалары бойынша жүргізіледі.
3. Сотталғандарға темекі шегуге осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат беріледі.
4. Сотталғандарға тиесілі темекі өнімдері мен сіріңке, оттықтар да сақтау камерасындағы арнайы жабдықталған шкафта (жәшікте) сақталады.
5. Сотталғандардың медицина қызметкерінің қабылдауына (медициналық қарап-тексеруге) алдын ала жазылуы сотталғандардың өтініші бойынша бақылаушылар қызметі кезекшілікті қабылдау-тапсыру және сотталғандарды салыстырып тексеру кезінде жүзеге асырылады.
Сотталған адам емдеуге жатқызылған кезде стационарлық жағдайларда медициналық көмек алу үшін мекемеде орналасқан медициналық ұйымға ауыстырылады. Мекемеде орналасқан медициналық ұйымда медициналық бұйымдар және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандар болмағандықтан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда, сотталған адам өзге тиісті медициналық ұйымға емдеуге жатқызылады.
Ескерту. 5-бөлікке өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 147-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.12.2021 № 95-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
148-бап. Камералық ұстау мекемелерінде сотталғандармен тәрбие жұмысы
1. Камералық ұстау мекемелерінде сотталғандармен тәрбие жұмысы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жеке тәрбие жұмысы сотталғандар ұсталатын камераларда жүргізіледі.
3. Тәрбие жұмысын топтық және жаппай нысандарда жүргізген кезде камераларда ұсталатын сотталғандар соған арналған үй-жайларда шағын және үлкен топтарға біріктіріледі.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуын ұйымдастыру осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |