152-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде қолданылатын көтермелеу шаралары
Сотталғандарға жақсы мінез-құлқы, еңбек пен оқуға адал қарағаны, ерікті ұйымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін осы Кодекстің 128-бабында көзделгендермен қатар мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін:
1) қызметкерлердің еріп жүруімен мекеменің шегінен тыс жердегі мәдени-ойын-сауық және спорттық іс-шараларға бару құқығын беру;
2) ата-аналарының немесе жақын туыстарының еріп жүруімен мекеменің шегінен тыс жерге шығу құқығын беру.
153-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде көтермелеу шараларын қолдану ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 152-бабында көзделген көтермелеу шаралары қолданылған сотталғандарға өздеріне тиесілі азаматтық киім беріледі.
2. Түнгі уақытта мәдени-ойын-сауық, спорттық және өзге де іс-шараларға баруға жол берілмейді.
3. Мекеменің шегінен тыс жерге шығу ұзақтығын мекеме бастығы белгілейді, бірақ ол сегіз сағаттан аспауға тиіс.
154-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жазалау шараларын қолдану тәртібі
1. Кәмелетке толмаған сотталғандардың осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген талаптарды орындамауы жазаны өтеудің тәртiбiн бұзуы болып табылады.
2. Мыналар бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзуы болып табылады:
1) мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстардан дәлелсіз себептермен бас тарту;
2) алкогольді, есірткі заттарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану;
3) мекеме әкiмшiлiгiнiң өкiлдерiне қатер төндіру, оларды қорлау, оларға бағынбаушылық, оның iшiнде жазаны өтеу режимін бұзу мақсатында, өзiне қандай да бiр қасақана зақым келтірумен ұштасқан бағынбаушылық;
4) мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін беру (алу), дайындау, сақтау;
5) материалдық немесе өзге де пайда табу мақсатында карта ойнау, сондай-ақ құмар ойындарына қатысу;
6) сот тағайындаған міндетті және мәжбүрлеп емдеуден жалтару;
7) сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау;
8) осы бөліктің 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтарды жасауға бағытталған сотталғандар топтарын ұйымдастыру немесе оларға белсенді түрде қатысу.
3. Сотталғандарға жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін мынадай жазалау шаралары:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) жетпіс екі сағатқа дейінгі мерзімге уақытша оқшаулау үй-жайына жабу қолданылады.
Сотталған адамға қатысты жазалау шараларын қолдану туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
4. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адам, оған қатаң сөгіс түрінде жазалау екі және одан көп рет қолданылған кезде, мекеме бастығының қаулысымен жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады.
5. Кәмелеттік жасқа толған сотталғандарға жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін осы Кодекстің 131 – 134-баптарында көзделген тәртіппен жазалау шаралары қолданылады.
6. Сотталғандар уақытша оқшаулау үй-жайынан емдеу-профилактикалық мекемелерге, сондай-ақ медициналық денсаулық сақтау ұйымдарына ауыстырылған жағдайда, олардың көрсетілген емдеу мекемелерінде болу мерзімі жазаны өтеу мерзіміне есептеледі.
Ескерту. 154-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |