Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
317-бап. Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын кино- және бейне материалдарды және басқа туындыларды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, көрсету, сондай-ақ қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын баспа басылымдарын, кино- немесе бейне материалдарды заңсыз сату, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 318-бап. Өлгендердiң мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау 1. Өлгендердiң мәйiттерiн қорлау не олар жерленген жерлердi, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсiмдер өткiзуге арналған зират үйлерiн жою, бүлдiру немесе аяққа басу, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттердi: а) бірнеше рет; б) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаса; в) ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни өштiк не араздық тұрғысында; г) күш қолдану немесе оны қолданамен деп қорқыту арқылы жасалса, - бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 319-бап. Адам мәйiтiнiң органдары мен тiнiн заңсыз алу 1. Ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адам мәйiтiнiң органдарын немесе тiнiн заңсыз алу, сол сияқты адам мәйiтiнiң органдары мен тiнiне қатысты мәмiлелер жасасу, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттерді: а) адамдар тобы, алдын ала сөз байласуы бойынша адамдар тобы немесе қылмыстық топ; б) бірнеше рет; в) өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.