Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
309-бап. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру 1. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына, не қоршаған ортаға қауiп төндiретiн оқиғалар, фактiлер немесе құбылыстар туралы ақпаратты халықты осындай ақпаратпен қамтамасыз етуге мiндеттi адамның жасыруы немесе бұрмалауы, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 310-бап. Қауiпсiздiк талаптарына жауап бермейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету 1. Тұтынушылар өмiрiнiң немесе денсаулығының қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтiң қауiпсiздiк талаптарына сай келетiндiгiн куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру немесе пайдалану, егер бұл әрекеттер абайсызда адам өмiрiне зиян келтiруге әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер, егер олар: а) жас балаларға арналған тауарларға, жұмыстарға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты жасалса; б) абайсызда екi немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтiрiлуiне әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан әрекеттер, - төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.