37-бап. Орынды тәуекел ету 1. Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшiн орынды тәуекел еткен ретте осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. 2. Егер аталған мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекетпен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданса, тәуекел орынды деп танылады. 3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына көрiнеу қатер төндiруге, экологиялық апатқа, қоғамдық күйзелiске немесе өзге де ауыр зардаптарға ұштасатын болса, тәуекел ету орынды деп танылмайды. 38-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу 1. Егер күштеп мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекетiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыс болып табылмайды. 2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiргенi үшiн соның салдарынан адам өзiнiң iс-әрекетiне басшылық жасау мүмкiндiгiн сақтаған қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 35-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi. 39-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау 1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау жөнiнде әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауапқа тартылады. 2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындағаны үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды. 3-бөлім. Жаза 40-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары 1. Жаза дегенiмiз соттың үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодекспен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. 2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.