Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
43-бап. Түзеу жұмыстары 1. Түзеу жұмыстары осы Кодексте көзделген шекте, заңнамамен белгiленген және жаза тағайындау сәтiне қолданылып жүрген айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын және сотталған адам жалақысынан (ақшалай үлесінен) ай сайын мемлекет кірісіне жиырмадан қырық пайызға дейін ақша аударып отыру арқылы орындалатын ақша өндiрiп алу. Теріс қылықтар үшін түзеу жұмыстары жиырма бестен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі шекте, қылмыс үшін - бес жүзден жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі шекте белгіленеді. 2. Түзеу жұмыстарының еңбекке қабілетсіз деп танылған, тұрақты жұмыс жоқ немесе өндірістен қол үзе отырып оқу мекемелерінде оқитын адамдарға қолданылуы мүмкін емес. 3. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайларда, теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі осы Кодекстің 44, 46-баптарының ережелері ескеріліп, бір айлық есептік көрсеткіш үшін бір сағат қоғамдық жұмыстар есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір тәулік қамауға алу есебімен қамауға алуға, ал қылмыс үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі - осы Кодекстің 47-бабының ережелері ескеріліп, төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір күн бас бостандығынан айыру есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.. 44-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту 1. Қоғамдық жұмыстар жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. 2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан үш жүз сағатқа дейiн белгiленедi және күнiне төрт сағаттан аспайтын уақытта, оны өтеу кезінде сотталғанның негізгі жұмыс орыны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босатыла отырып, не оқудан бос уақытында, ал егер сотталғанның тұрақты жұмыс орны болмаса және оқумен айналыспаса - күніне сегіз сағатқа дейінгі, бірақ аптасына 40 сағаттан көп емес уақытта өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріліп, олар төрт сағат қоғамдық жұмыстар үшін бір тәулік қамауға алу есебімен қамауға алумен ауыстырылады. 3. Жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге, әскери қызметшілерге қоғамдық жұмысқа тарту тағайындалмайды.