Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
83-бап. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау 1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде осы Кодекстiң 53-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi. 2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi. 84-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату 1. Теріс қылық немесе кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе бiрiншi рет орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн. 2. Теріс қылық немесе кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен қол жеткiзуге болады деп танылса, сот оны жазадан босатуы мүмкiн. 3. Адамның қайтыс болуымен байланысты емес ауыр қылмысты бірінші рет жасаған кәмелетке толмаған баланы сот осы Кодекстің 69-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. 85-бап. Тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары 1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн: а) ескерту; б) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру; в) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу; г) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның жүрiс-тұрысына ерекше талаптар белгiлеу; д) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру; е) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу; ж) пробациялық бақылау орнату. 2. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк әсерi бар бiрнеше тәрбиелеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.