Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
77-бап. Ауыр мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру 1. Теріс қылық немесе кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталған адамды, егер жазаны өтеу кезінде өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкеп соққан мән-жайлар туындаса, сот жазадан босатуы мүмкiн. 2. Террористік қылмысты, экстремистік қылмысты, қылмыстық топ құрамында жасаған қылмысы, жас балаларға жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысы үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады. 78-бап. Айыптау үкiмiнiң ескiру мерзiмi өтуiне байланысты жазаны өтеуден босату 1. Қылмысы үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi оның заңды күшiне енген күнiнен бастап есептегенде, мынадай мерзiмдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады: а) теріс қылығы үшiн сотталғанда - бір жыл; б) кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - үш жыл; в) орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталғанда - алты жыл; г) ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он жыл; д) аса ауыр қылмысы үшiн сотталғанда - он бес жыл 2. Теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан, тоқтатылмайды және үзілмейді. 3. Егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, қылмыстар бойынша ескiру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескiру мерзiмiнiң өтуi адам ұсталған немесе айыбын мойындап келген кезден басталады. Сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы кезiне қарай өткен ескiру мерзiмi есептелуге тиiс. Бұл ретте айыптау үкiмi егер, оның шығарылған уақытынан бастап жиырма бес жыл өтсе және ескiру мерзiмi жаңа қылмыс жасау арқылы үзiлмеген болса, орындалмауы керек. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда ескіру мерзімі жазаны кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады. 4. Егер адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, қылмыстар бойынша ескiру мерзiмi тоқтатыла тұрады. Мұндай жағдайларда ескiру мерзiмiнiң өтуi жаңадан қылмыс жасаған күннен бастап қайта есептеледi. 5. Өлiм жазасына немесе өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескiру мерзiмiн қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескiру мерзiмiн қолдану мүмкiн деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойы бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, террористік қылмыстар, азаптағаны, жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздеріне және қауіпсіздігіне, экономикалық қызмет саласындағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескiру мерзiмi қолданылмайды.