Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
200-бап. Ерекше құнды заттарды ұрлау 1. Ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды ұрлау, ұрлықтың жасалу тәсiлiне қарамастан - мүлкi тәркiленiп алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған; б) бiрнеше рет жасалған дәл сол әрекет, - мүлкi тәркiленiп жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекет, егер оларды: а) қылмыстық топ жасаса; б) осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген заттарды немесе құжаттарды жоюға, бүлдіруге немесе бұзуға әкеп соқтырса, - мүлкi тәркiленiп он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 201-бап. Қорқытып алушылық 1. Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлiктi немесе мүлiкке құқықты берудi немесе күш қолданумен не бөтен мүлiктi жоюмен немесе бүлдiрумен қорқыту арқылы мүлiктiк сипаттағы басқа да iс-әрекеттер жасауды талап ету, сол сияқты жәбiрленушiнi немесе оның туыстарын масқаралайтын мәлiметтердi таратумен не жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау - мүлкi тәркiленiп төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Мынадай жолмен: а) күш қолдану; б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; в) бiрнеше рет жасалған қорқытып алу - мүлкi тәркiленiп үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Мынадай жолмен: а) жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріп; б) ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасаған қорқытып алу - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер оларды: а) қылмыстық топ; б) аса iрi мөлшерде жасаса, - мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.