Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
229-бап. Тауар белгiсін заңсыз пайдалану 1. Бөтеннiң тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, фирмалық атауын, тауардың шығатын орнының атауын немесе олармен бiртектес тауарларға немесе қызмет көрсетулерге арналған ұқсас таңбаларды заңсыз пайдалану, егер бұл әрекет бiрнеше рет жасалса немесе iрi зиян келтiрсе - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қазақстан Республикасында тiркелмеген тауарлық белгiге немесе тауардың шыққан орнының атауына қатысты ескерту таңбаларын заңсыз пайдалану, егер бұл әрекет бiрнеше рет жасалса немесе iрi зиян келтiрсе- екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 230-бап. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын мәлiметтердi заңсыз алу мен жария ету 1. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын мәлiметтердi, құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктiк құпияны бiлетiн адамдарды немесе олардың туыстарын сатып алу немесе оларды қорқыту жолымен, байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кiру, арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сол сияқты бұл мәлiметтердi жария ету не заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсiлдермен жинау - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Коммерциялық немесе банктiк құпияны құрайтын мәлiметтердi олардың иесiнiң келiсiмiнсiз, бұл құпия қызметiне немесе жұмысына байланысты сенiп тапсырылған адамның пайдакүнемдiк немесе өзге де жеке басының мүддесiнде заңсыз жария етуi немесе ірі мөлшерде шығын келтірсе, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен жасалған операциялар туралы қаржы мониторингi субъектiлерiнен алынған мәлiметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуi немесе өзгедей заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса -, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.