Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
236-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiн құрайтын құжаттар мен мәлiметтердi жоғалту Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiн құрайтын құжаттар мен мәлiметтер қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты сенiп тапсырылған адамның оларды жоғалтуы, егер жоғалту көрсетiлген құжаттарды сақтаудың және олармен жұмыс iстеудiң белгiленген қағидаларын бұзу нәтижесiнде болса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 237-бап. Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, сату немесе өткізу 1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жалған банкноттары мен мәнеттерiн, мемлекеттiк бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы басқа бағалы қағаздарды не шетел валютасы мен шетел валютасындағы бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау немесе сақтау, сату, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) бiрнеше рет; в) iрi мөлшерде; г) Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізе отырып жасалса, - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған әрекеттер - мүлкi тәркiленiп сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 238-бап. Жалған төлем карточкалары мен өзге төлем және есеп айырысу құжаттарын жасау немесе сату 1. Жалған төлем карточкаларын, сол сияқты бағалы қағаздар болып табылмайтын өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын сату мақсатында жасау немесе сату - мүлкі тәркіленіп үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Бiрнеше рет жасалған немесе қылмыстық топ жасаған дәл сол әрекеттер - мүлкi тәркiленiп төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.