Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
305-бап. Улы заттардың, сондай-ақ есiрткi заттарды, психотроптық немесе улы заттарды дайындауға немесе ұқсатуға пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы 1. Есiрткi құралдары, психотроптық заттар болып табылмайтын улы заттарды не оларды дайындауға немесе ұқсатуға арналған құрал-саймандарды немесе жабдықтарды өткiзу мақсатында заңсыз дайындау, ұқсату, иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сол сияқты заңсыз өткiзу, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды дайындау немесе ұқсату үшiн пайдаланылатын заттарды, құрал-саймандарды немесе жабдықтарды өткiзу мақсатында заңсыз дайындау, иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сол сияқты заңсыз өткiзу қайта қарау керек, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген: а) адам өз қызмет бабын пайдаланып; б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып; в) бірнеше рет жасалған әрекеттер, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 306-бап. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе оларға ұқсас заттарды тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе осы мақсаттар үшiн үй-жай беру 1. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе оларға ұқсас заттарды тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе осы мақсаттар үшiн үй-жай беру, - мүлкi тәркiленiп үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттерді: а) адам өз қызмет бабын пайдаланып; б) бірнеше рет; в) қылмыстық топ жасаса, - мүлкі тәркіленіп жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.