Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
45-бап. Бас бостандығын шектеу 1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамды бүкіл жаза мерзімінің ішінде жылына екі жүз қырық сағаттан міндетті еңбекке тарта отырып, сотталған адамға бiр жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден тұрады. Бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер міндетті еңбекке тартылмайды. Өзге жазаны бас бостандығын шектеумен ауыстырған жағдайда ол кемінде бір жылға тағайындалуы мүмкін, бұл ретте сотталған міндетті еңбекке тартылмайды. Міндетті еңбекке тарту күнiне төрт сағаттан аспайтын уақытта, оны өтеу кезінде сотталғанның негізгі жұмыс орыны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан жұмыс орны (лауазымы) сақтала отырып, не оқудан бос уақытында өтелед, ал егер сотталғанның тұрақты жұмыс орны болмаса немесе оқумен айналыспаса - күніне сегіз сағатқа дейінгі, бірақ аптасына 40 сағаттан көп емес уақытта өтеледi. 2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және сот шешімі бойынша басқа да мiндеттердi орындаудан: тұрақты тұратын жерін, жұмысын, оқуын сотталған жүріс-тұрысын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай ауыстырмаудан; белгілі бір жерлерге бармаудан; алкогольге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулардан емделу курсынан өтуден, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асырудан; сотталғанның түзелуіне эәне оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерден тұрады. 3. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда сот бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмiн Дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен ауыстыра алады. Бұл ретте бас бостандығын шектеудi өтеу уақыты осы Кодекстің 47-бабының ережелері ескеріле отырып, бас бостандығын шектеудiң бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiнен бас бостандығынан айыру мерзiмiне есептеледi.