Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
41-бап. Жазаның түрлерi 1. Теріс қылық жасады деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар: а) айыппұл салу; б) түзеу жұмыстары; в) қоғамдық жұмыстарға тарту; г) қамауға алу қолданылуы мүмкiн. 2. Қылмыс жасады деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар: а) айыппұл салу; б) түзеу жұмыстары; в) бас бостандығын шектеу; г) бас бостандығынан айыру; д) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн. 3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылған адамға негізгі жазалармен бірге мынадай қосымша жазалар: а) мүлкін тәркілеу; б) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; в) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; г) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жiберу қолданылуы мүмкін. 42-бап. Айыппұл 1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, заңнамамен белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәтте қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшаны өндiрiп алу, не еселенген соманың немесе пара құнының мөлшеріндегі ақшаны өндiрiп алу. 2. Қылмыстық теріс қылық үшін айыппұл жиырма бестен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі шекте, қылмыс үшін - бес жүзден жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі шекте, ал осы Кодекстің 372, 373, 374-баптарында көзделген қылмыс үшін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясында белгіленген мөлшерде белгіленеді. Айыппұл мөлшерін жасалған қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығын және сотталғанның мүліктік жағдайын ескере отырып сот белгілейді. 3. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 44, 46-баптарының ережелері ескеріліп, ол бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебіне сәйкес келетін қоғамдық жұмыстарға тартумен, не төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бір тәулік есебіне сәйкес келетін қамауға алумен ауыстырылады. Қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 47-бабының ережелері ескеріліп, ол төрт айлық есептiк көрсеткiштің орнына бір күн бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал осы Кодекстің 372, 373, 374-баптарында көзделген қылмыс жасағаны үшін осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабының санкциясы шегінде айыппұл бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.