Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
54-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар 1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады: а) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет теріс қылық жасау не кiшiгiрiм ауырлықтағы немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасау; б) айыпкердiң кәмелетке толмауы; в) жүктілік; г) айыпкердiң жас балалары болуы; д) осындай көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн зардап шегушiге тiкелей медициналық немесе өзге де көмек көрсету; е) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру; ж) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық себебiмен қылмыстық құқық бұзушылық жасау; з) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгi себептi қылмыстық құқық бұзушылық жасау; и) қажеттi қорғанудың құқықтық дұрыстығының шартын бұзу, аса қажеттiлiк, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстау, негiздi тәуекел, бұйрықты немесе өкiмдi орындау жағдайында, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау; к) қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшiн түрткi болып табылған жәбiрленушiнiң заңға қайшы немесе адамгершiлiкке жатпайтын қылығы; л) шын жүректен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге, қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздеуге белсенді жәрдемдесу. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза қолдану кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн. 3. Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайталап ескерiле алмайды.